print

ТӨМЕНГІ ҚАЙРАҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІ

Мемлекеттік  басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулердін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес  2018 жылда атқарылған жұмыстар бойынша есебімді назарларыңызға ұсынамын. Біз бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 14 желтоқсан 2012 жылғы «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  айтылған негізгі 7 бағыт бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру бағытында жұмыс атқарылуда.

   2008 жылдың ақпан айынан бастап қайтадан Төменгі Қайрақты ауылдық округі  құрылып,  Төменгі Қайрақты ауылдық округі  болды. Төменгі Қайрақты ауылдық округіне Төменгі және Жоғарғы Қайрақты ауылдары кіреді. Халық саны 769, оның ішінде Төменгі Қайрақты ауылында 693, Жоғарғы Қайрақты ауылында 76 адам. Халықтың экономикалық белсенділігі 375  адамды құрайды. Әр салада жұмыс істейтіндер 230 адам, оның ішінде вахталық жұмыста 81 адам, өзін-өзі  жұмыспен қамтығандар 36, білім беру саласында 28 адам жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындары «Шұбаркөлкөмір», «Солтүстік Қатпар», «Бапы-Майнинг», «Қамыс мола» т.б. кәсіпорындарда көп жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 Округ бойынша мектеп, кітапхана, мәдениет үйі, фельдшерлік пункт, «Қазпошта» бөлімшесі, учаскелік полиция инспекторы, вет-станция бөлімшесі тұрақты жұмыс істеп тұр.

 Осыдан бір жыл бұрын есеп беру кездесуінде түскен сұрақ пен өтініштер бойынша мәселелер қарастырылып, қолдан келген шаралар қабылданды. Бірінші сұрақ бойынша Жоғарғы Қайрақты ауылының су шайған жолды жөндеуге «Айбек» шаруа қожалығының жетекшісі М.Серикбаевпен меморандум жасалынып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Төменгі Қайрақты ауыл тұрғындарынан келесі сұрақтар түскен еді.

1. Үй жанындағы тоқ бағанасына жалғанған электр желісі апатты жағдайда тұр. Істен шығып, үзілген жағдайда адамға да, малға да қиындық туғызуы мүмкін.

Бұл мәселе бойынша Төменгі Қайрақты ауылының электр желілері «Электржабдықтау» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға 2018 жылдың наурыз айында толықтай беріліп, аталмыш мекемеге апатты жағдайда тұрған электр желісін жөндеуге 18 мамыр күні шығыс №1-15/228 хат жолданды.

2. Қарағанды – Ақадыр бағытында қатынайтын автобустар ауыл ішіне кірсе. Ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы төмен болуына байланысты автобустар ауыл ішіне кірмейді. Жолдың құжаттары рәсімделді. Алдағы уақытта 4 шақырым жолға жөндеу жұмысын жүргізу үшін сметалық шығыны есептеліп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне құжаттар ұсынылып, қаржыға сұраныс жасалды.                                                           

Жыл бойы округ әкімі аппараты бекітілген жылдық жоспарға сәйкес алға қойылған мақсаттар бойынша жұмыс жүргізді. Әкім аппараты жанынан құрылған ұйымдар бектіліген жоспар аясында жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп, қорытындыланды. Кестеге сәйкес жеке және заңды тұлғаларды қабылдау жүргізіліп, нәтижесінде 30 өтініш тіркеліп, заңдылыққа сәйкес қаралып, уақытылы жауап берілді. 15 өтініш қанағаттандырылып, 15 өтініш жеке қабылдау барысында түсіндірілді.

Округ бойынша санитарлық тазалық сақтау жөнінде әр үйдің иесімен келісім-шарт жасалынып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктем-күз мезгілдерінде тазалық айлықтарында әр аптада «Таза бейсенбі» және облыстық тазалық күндері өткізілді.

 Көктемгі тазалық айлығы кезінде «Айбек» шаруа қожалығының жетекшісі М.Серикбаевпен тазалық бойынша жұмыстар жүргізіліп, Камаздың 1 рейсі 4 000 теңгеден бағасы қойылып, меморандумға отырылды. Ауыл тұрғындарымен үйінің маңайында жатқан күл-қоқысты шығару және тазалықты сақтау туралы әр үймен келісім-шарт жасалды.

Округ тұрғындарының жеке меншік малдың бағылымын ұйымдастыру мақсатында тұрғындармен жиналыс өткізіліп, жиналыс шешімімен жауапты комиссия сайланып, заңдарға негізделген келісім-шарт жасалынды. Төменгі Қайрақты ауылы бойынша бір табын ірі қара мал бар. 3 табын қой бағылымы кезекпен бағылады. Бір табын жылқы бағылымы нақты жолға қойылған.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2018 жылға бағдарлама әзірленіп, аппарат қызметкерлерінің біліктілігін және құқықтық білімін көтеру мақсатында арнайы сабақтар және дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілді. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратқа дер кезінде тосқауыл қою үшін «сенім телефоны» үздіксіз жұмыс істейді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл» Заңына сәйкес әкім аппараты азаматтардан ауызша және жазбаша түскен шағымдары уақытылы қаралып, тиісті іс шаралар жасалынды.

  Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектепте ашық сабақтар, ауыл жастар арасында жиналыстар үнемі өткізіліп тұрады. Мектепте осы тақырып бойынша ашық тәрбие сағаттары және жиналыстар өткізілуде.              Кешкі сағат 20.00 кейін 18 жасқа толмаған балаларды ата-анасыз жүрмеуі қатаң қадағалануда. 21 жасқа толмаған жас жеткіншектерге алкагольдік сусындар мен темекі өнімдерін сатылмауын қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

   Округте жұмыссыздықты болдырмау бағыты бойынша аудандық жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған  9 (тоғыз) адам тұрақты жұмысқа орналасты. Көктем-күз айларында 3 айлық кезеңмен жұмыссыздар есебінде тұрған 20 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.

2018 – 2020 жылдарға жоспарланған «Ақбұлақ» ауыз су тарту бағдарламасының алғашқы кезеңі басталып, жұмыс жасалды. Су тарту кезінде жұмыссыз ауыл тұрғындары арасынан 4 адам жұмысқа тартылды.

 «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес Бастау» курсын округтен 2 азамат оқу курсын бітіріп, 1 адам несие алуға, құжат тапсырып, қаржылай қолдау қорында қаржат жетпей қалуына байланысты несие ала алмады.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғыны «Бекзат» шаруа қожалығының жетекшісі Тлеубай Гүлмира 67 млн. 800 мың теңге несие алып, 100 бас ірі қара мал мен барлық құрылғылармен жабдықталған трактор ауыл шаруашылық техникасын алып, жүйелі жұмыс жүргізуде.

Ветеринария жұмысы толығымен орындалды. Эпизоотияға қарсы шаралар жұмыстары мүлтіксіз орындалып отыр. Округтегі 11 шаруа қожалығының барлығы  малмен  және шөп шабумен айналысады.  Округте барлығы 1139 ірі қара, қой мен ешкі 2581, жылқы 967 бас. Жыл басынан қаңғыбас иттерді атуға аудандық вет-станция бөліміне сұраныс беріліп, нәтижесінде ит ату жұмыстары ұйымдастырылды.

Салық базасының жағдайына келсек ауыл тұрғындарының көлік төлемдері толығымен төленді. Жалпы салық түсімі 392 мың теңге, көлік салығы 310 мың теңге, патент 24 мың, мүлік және жер салығы 58 мың теңгені құрады.

 Округтің бюджетіне келсек елді-мекеннің көшелерін жарықтандыруға  3 00 мың теңге аударылып, 2018 жылдың қантар айынан бастап көше жарығына 82 жарық нүктесін ұстауға игерілді.

Көше жолдарын күтіп ұстауға 1 млн. теңге бөлініп, қыс айларында жолдар тұрақты тазартылды. Әр салаға бөлінген қаржы толығымен игерілді.

Білім саласы бойынша Х.Сәрінжіпұлы атындағы ресурс орталығында 28 ұстаз жұмыс істеуде. Оқушы саны -126, Мектеп жанынан 20 балаға лайықталған толықкүндік «Шұғыла» шағын орталығы жұмыс істеп тұр.

  Спортты дамыту бойынша ауыл жастарына арналып әр түрлі спорт ойындары түрлерінен секция уақыттары белгіленіп, мектеп спорт залында жүргізіледі. Округ командалары аудандық, аймақтық футбол жарыстарынан І, ІІ орындар иеленуде. «Шұбаркөлкөмір» АҚ-да істейтін ауыл азаматтарының демеушілігімен «Шахтерлар күніне» орай аймақтық футболдан жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар кубокпен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Денсаулық саласына келетін болсақ, ауылымызда фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Мед. бикелер уақытында балаларға, үлкендерге алдын-ала екпе жасап, халыққа медициналық қызмет көрсетеді.

Кәсіпкерлік саласында жыл басынан аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне кәсіпкерлік құрылымдық базасы өткізіліп, инфляциялық процестерді тежеу бойынша комиссия құрылып, азық – түлік бағаларын тұрақты ұстау қадағалануда. Ауыл кәсіпкерлерімен бағаны 5% артық қымбаттатпау жөнінде меморандум жасалынды. Округ көлемінде 11 кәсіпкер тіркелген.

   Мерзімдік баспасөзге барлық мекеме толығымен жазылып, берілген жоспар өз деңгейінен асырылып орындалды.

 Мемлекеттік және кәсіби мерекелер жоспарлы түрде өз деңгейінде ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», Шет ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған барлық іс-шаралар мекемелер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен өз мәнінде жүргізілді.

«8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, салтанатты жиын өткізіліп, округтегі алтын алқалы, күміс алқалы батыр аналарға мерекеге арналып сыйлықтар табысталып, құрмет көрсетілді.

Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі кен қазу орындарында істейтін болғандықтан тамыз айында «Кеншілер күні» мерекесі аталып өтілді. Аудандық мәдениет үйінен әншілер шақырылып, мерекелік бағдарлама отшашумен аяқталды.  

«Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай салтанатты жиын өткізіліп, мектеп ұстаздары мен ауыл азаматтары «Алғыс хатпен» марапатталса, «Үздік ұстаз», «Жас өнертапқыш»  номинациялары табысталып, номинациясы 20 мыңнан қаржылай қолдау көрсетілді.

Жаңа жыл мересіне арналып кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырылып, 0-6 жас аралығындағы 80 балаға сыйлықтар үлестірілді.  

Округ бойынша атаулы әлеуметтік көмек  2 отбасыға рәсімделіп, әлеуметтік жағдайы зерттеліп тағайындалған.

 Әскери міндеттілерді  әскери есепке  қоюды және әскери есептен алу жұмыстары жүргізілді. Көктем мен күз айларында медициналық сараптамадан   өтуге шақырылған 25 азмат толықтай тексерістен өткізіліп, 1 азамат отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына жіберілді.

 Қорытындылай келе, алға қойған ауқымды мақсаттар мен міндеттерді және ауылдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени хал-ахуалын арттыру мен көркейту жұмыстарын ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып орындаймыз деп сенемін. 


Количество посещений: 752


Наверх