print

АҚАДЫР КЕНТІ ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІ

Өткен 2018 жылдың ең маңызды оқиғасы – Елордамыз Астана қаласының мерейлі 20 жылдығын кең көлемде атап өтуіміз болды. Осы аз уақыттың ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла берілетініне еш күмәніміз болмайтыны белгілі.
           Сонымен қатар республика жұртшылығы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауыніске асыруда аянбай еңбек етуде. Ұлт көшбасшысының халыққа үндеуі игілікті дәстүр болғанын атап өту қажет, әрбір азаматқа қатысты және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталатыны баршамызға мәлім.

Құрметті қауым!

       Елді мекеніміздің экономикасының жетекші саласы болып табылатын теміржол торабының кәсіпорындары мен мекемелері кентіміздің инфраструктурасын дамытуға, тұрғындардың өмірлік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосуда.

       Кенттегі осы саладағы 13 кәсіпорын мен мекемелердің екі жарым мыңнан астам теміржолшылары Мойынты - Балқаш және Саяқ станциялары, С.Сейфуллин – Дәрия - Қарағанды -Сұрыптау станциялары аралығында қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

         Кентіміздегі өңдеп өндіруші орта тұлға кәсіпорындар: «ЛокомотивТранс-2011», Ақадыр доңғалақ жөндеу цехы және Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының 2018 жылы өңдеп өндірген өнімінің көлемі 3,5 миллиардтан астам теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға өсіп отыр.

         Өндірісті өндірумен айналысатын кентіміздегі заңды тұлғалар, атап айтқанда - «Электржабдықтау» ЖШС-гі мен «Баспагер» өндірістік кооперативінің 2018 жылы шығарған өнімінің көлемі 82 млн теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсті.  

         Сонымен бірге, кентіміздегі ПС-500 КEGOК мекемесі, «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» АҚ-на қарасты «Атасу-Алашанькоу» бағытындағы   № 8 мұнайайдағыш станциясы мен «Ақадыр автокәсіпорыны» ЖШС-і де өз жұмыстарын атқаруда.

Нан өнімін өндірумен айналысатын кенттегі шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер 2018 жылы 78 млн. теңге көлемінде нан өнімдерін шығарып, халыққа жеткізді. Бүгінгі күні әлеуметтік нан дүкендерде 70-75 теңге бағамен кент тұрғындарына сатылып отыр. Осы салада жеке кәсіпкер Аринов Алмаз былтырғы жылы Иран елінің 7 млн теңге тұратын арнайы жабдығын іске қосты.. Енді кәсіпкерге тәулігіне 1 мыңнан – 1 500 бөлке нанына дейін шығаруға мүмкіндік туды.

         Кенттегі барлық сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының, жанар-жағармайдың бағаларының негізсіз көтерілуіне тиісті заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, жол бермеу жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп, негізгі талдаулар жасалынып отырылды.       

Кентімізде 297 шағын кәсіпкерлік нысандары жұмыс жасауда. Бұл салада еңбек жасайтын жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 1 миллиард 724 млн теңгені құрап отыр. Осында жұмыс істейтін бір мыңға тарта адамның әрқайсысына тауар айналымы 1,7 миллион теңгеден келеді.

Жалпы кент бойынша шағын кәсіпкерлік саласында нақты түрде жұмыс жасап тұрған 24 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен қоғамдар, 98 дүкен мен сауда-саттық орындары, 14 дүңгіршек, жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз ететін 70-ке жуық такси мен 7 автобус, көмір тасымалын қамтамасыз ететін 7 ірі тоннажды автокөліктер, 2 ломбард, 5 сауда орталығы, оның ішінде 105 сауда нүктесі орналасқан. Нан өнімдерін өндіретін 3 жеке тұлға мен 1 ауылдық тұтыну кооперативі, 3 жанар-жағармай бекеттері, 6 шаштараз, 4 фотосалон, 4 дәріхана, 1 ветеринарлық аптека, 13 монша, аяқ-киім жөндейтін шеберхана, ағаш шеберханасы, 3 жұмсақ мебель жасап шығаратын шеберханалар, 6 тігін шеберханасы, 7 автожуу, автошина, автокөлік жөндеу цехтары және 22 қоғамдық тамақтандыру орындары, жүн жинаумен айналысатын бір жеке тұлға жұмыс жасауда.

Былтырғы жылы жеке кәсіпкерлер Еменов Дархан мен Игенов Данияр «Ақадыр Молл» және «Алаш» атты сауда орталықтарын ашты. Бос тұрған ғимараттарды қайта бейімдеуге кәсіпкерлердің әрқайсысынан 5-6 млн теңгеден қаражат жұмсалған болса, игілікті іс 30 жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты.

Сонымен бірге жеке кәсіпкер Сұлтанов Мағзұм «Ақадыр» атты шағын супермаркетін де пайдалануға берді. Нысанды іске қосуға өзінің жеке қаражатынан 6 млн теңге жұмсалды. Бір жақсылығы, осы супермаркет азық – түлік тауарларын тұтынушылардың тапсырысы бойынша үйлеріне жеткізіп береді. Онымен қоса жеке кәсіпкер екі көпбалалы отбасын міндетіне алып, демеушілік ретінде бірінші қолданыстағы азық-түлікпен көмегін беріп отырады.

Өздеріңіз білетіндей «Ғимарат-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Сыздықов Данияр) Қарағанды қаласында тіркеуде болса да, оның негізгі базасы Ақадыр кентінде орналасқан. Ұжымда еңбек ететін жұмыскерлердің басым көпшілігі кентіміздің азаматтары болып табылады. Былтырғы жылы аталған мекеме жалпы құны 100 миллион теңге тұратын, ыстық күйінде сағатына 60 тонна RD60 асфальто-бетонды шығаратын заводты кентіміздің ішіне орнатты. Бұл іс әрине үлкен инвестициялық жоба ретінде танылады.  

Өткен жылда кәсіпкерлердің күшімен осы салаға барлығы 152 миллион инвестиция қаражаты құйылды.

         Есепті жылда аудандық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және кент әкімдігінің қолдауымен «Бастау» бизнес-бағдарламасы негізінде Ақадыр кентінде арнайы оқу курстары ұйымдастырылды. Аталған оқуға 47 кент тұрғыны тізіліп, республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сертификатына ие болды. Сертификат иегерлерінің ішінен жеңілдетілген 6 пайызбен «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» 14 адам 105 млн теңге несие алып, кәсіптерін кеңейтуге, мал өсіруге жұмсап отыр.

         Елді мекенімізде орналасқан басқа да мекемелер мен кәсіпорындарда бір мыңнан астам жуық адам еңбек етеді.

Кент аймағы бойынша мал өсірумен және ауыл шаруашылық өнімдерін шығарумен бүгінгі күні 53 шаруа қожалықтары, құрамдарына 59 адам біріккен «Ақадырагроөнім» және «Ақсарылы» атты 2 ауылшаруашылық кооперативтері айналысады. Кооператив мүшелері «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ы арқылы «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» есебінен 6 пайызбен 32 млн теңге несиеге қол жеткізіп, 155 ірі қара малын өсіруде. «Ақадырагроөнім» кооперативі (төрағасы Молдашурин Бауыржан) 22 млн теңге тұратын арнайы жабдығын сатып алып, мал сою бекеті құрылысын аяқтады.

           Бау-бақша өсірумен шұғылданатын «Мечта» қоғамдық бірлестігі (төрағасы жеке кәсіпкер Холодов Виктор Васильевич) пәрменді жұмыстар жүргізіп, бірлестік мүшелеріне мол мүмкіншіліктер жасады. Кент тұрғындары арасынан 46 отбасы 4,2 гектар жерге картоп дақылын егіп, әрбір огород иелері 25-30 қаптан өнімдерін жинап алды.

Жалпы ауылшаруашылық саласында 300-ге тарта адам еңбек етіп, халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 3,6 пайызын құрайды.

2018 жылы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің көлемі 550 млн теңгені құрап, алдыңғы 2017 жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғарылады.

Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Айбол» шаруа қожалығы (жетекшісі Жаңбырбай Нұрбол) қажетті көлемде 4 млн теңге несиеге қол жеткізіп 53 бас сүтті ірі қара малын сатып алды. «Ғалым» шаруа қожалығы(жетекшісі Жақсылықов Махамбет) 2 млн теңгеге 35 бас асыл тұқымды сүтті ірі қара, «Айбол» шаруа қожалығы(жетекшісі Дюсембекова Асем) 53 бас сүтті ірі қара, «Толеубекова К» шаруа қожалығы(жетекшісі Малтабаров Айдос) 17 млн теңгеге 30 бас асыл тұқымды ірі қара мал алып өсіруде. «Рауан» шаруа қожалығы (жетекшісі Дайырова Күләш) 47 бас етті тұқымды ірі қара малын экспортқа ет өнімі ретінде өткізді. Еттің жалпы көлемі 6,6 тоннаны құрады.

Шаруа қожалықтары мал басын көбейтуге, асыл тұқымды бұқа мен қошқарлар сатып алуға, малдарын асылдандыруға бар кұш-жігерлерін жұмсауда.

2019 жылдың 1 қаңтарының санағы бойынша кент көлемінде 45 494 бас ірі қара, оның ішінде 2 644 бас аналығы; 11 585 бас қой малы, аналығы 7183 бас; 2 276 бас ешкі малы, аналығы 1 729 бас; 2 467 бас жылқы малы, аналығы 1 317 бас өсіріліп отыр.

Дегенмен ауыл шаруашылығын саласын дамытуда қиындықтар мен кемшіліктер де аз емес.

Ауылшаруашылық мақсатында қомақты жер телімдерін алып, көп жылдардан бері оны тиімді пайдаланбай отырған шаруа қожалықтарының барлық жерлерін мемлекеттің Жер қорына қайтару, оларды жаңадан ашылатын шаруа қожалықтарына беру туралы тиісті жұмыстар жүргізіліп отырды. Бүгінгі күнге тиімді пайдаланбай отырған жердің анықталып отырғаны 4 007 га. Олар төмендегі қожалықтарға тиесілі:

- «Құли» ш/қожалығы (жеткшісі Мұқанов Ержан)- артық жері 1500 гектар;

- «Дәріғұл» ш/қожалығы (жетекшісі Смағұлов Дидар) артығы - 2054 гектар;

- «Жастерек» ш/қожалығы (жетекшісі Айтбеков Самат) артық жері 453 гектар.

Алдағы уақытта жоғарыда аталған шаруа қожалықтарымен қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Кент тұрғындарының малының бағылуы туралы, аудандық Мәслихаттың осы туралы шешіміне сәйкес, 2018 жылдың 3-ші наурызында арнайы қоғамдық комиссия құрылған. Кенттегі бақташылардың қатысуымен осы қоғамдық комиссияның отырысы өткізіліп, барлық кент көшелері әр бақташыға бекітіліп берілген. Осы отырыста мал иелері мен бақташылардың арасындағы малдың бағылуы туралы келісім-шарттың жобасы бекітіліп, тараптардың міндеттері айқындалып, малдың бағылу бағасы бекітілді. Кентте қалатын малды 4 бақташы, елді мекеннен тыс жерде бағылатын малды 4 бақташы бағатыны анықталып, оларға барлық мал иелерімен жазбаша түрде келісім-шарттар жасалуы талап етілді. Осы келісім-шартта қоғамдық комиссия мен жергілікті мал дәргерлерінің де міндеттері айқындалған.

         Алайда, осындай жақсы қадамдар жасалғанымен мал бағымын ұйымдастыруда қиыншылықтар толастар емес. Кенттегі мал иелері мал бағымына төлейтін қаражаттарын аяп, сиырларын көшеге жіберуді тоқтатпай отыр. Күл-қоқыс контейнерлерін топ-тобымен «армансыз» қопарып жүрген малдың сырғаларының номері арқылы иелерін анықтағанымызбен, тәртіп бұзушыларға жаза қолданудың амалдары келмей тұр. Көбінесе олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп келеміз. Тіпті сиыр малымен қоса көше кезіп жүретін жылқылар да пайда болып отыр.

Осы сұрақты жылдар бойы көтеріп келе жатқанымызбен шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі болды. Осы тұста құқықбұзушылық заңнамаларына «қаңғыбас мал» жөнінде өзгеріс енгізіп, оларды жазалау туралы амалдарды қарастыру кезі келген сияқты.

Елді мекенімізде сиыр, жылқы малымен қоса иесі жоқ иттер мен мысықтар да азаяр емес. Иесіз жүрген иттер көптеген көшелерде, мектеп, балабақшалардың маңайында шоғырланып, балаларға, тіпті ата-аналардың өздеріне ұмтылады. Былтырғы 2018 жылы кентімізде 300-ге тарта ит атылды. Қазіргі уақытта ит ату мәселесі аудандық ветеринария станциясы арқылы аудан бойынша орталықтандырылған. Көшедегі иттер саны көбейген кезде ветеринариялық бөлімге хабаралап отырамыз. Ол жақтан әр кезде жедел қимыл байқалмай жатады. Кей-кезде оқ-дәрілері де болмай қалады. Ит атуға келген күннің өзінде екі-үш күн аздық етіп, көптеген иттерге атылған оқ-дәрі дарымайды. Сол себептен жасалған еңбек зая кетіп жатады.

Елбасымыз өзінің Жолдауында міндеттегендей, былтырғы 2018 жылдың басынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент әкімдіктері жергілікті өзін-өзі басқарудыңІV- деңгейіне дербес бюджеті мен коммуналдық меншігімен енгізді. Кент әкімі аппаратының құрамына "Балбөбек" бөбекжайы, "Нұршуақ" балабақшасы, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығы берілді. Сонымен бірге салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 6 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты кент әкімдігінің жеке бюджетінің құзырында.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және «Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру мен пайдалану» қағидаларына сәйкес кентіміздің 61 көшесінің тұрғындары арасынан 71 адамнан тұратын жергілікті қоғамдастық өзінің жұмысын атқаруда. Өткен жылы қоғамдастықтың 8 жиыны өтіп, онда жергілікті бюджет мақұлданып, құрылымның басқа да атқаратын шаралары жөнінде мәселелер қаралды. Бүгінгі таңда осы аталған шаралар жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Өткен 2018 жылы Ақадыр кенті бойынша жергілікті бюджетке түсетін салық жоспары 26 миллион 433 мың теңге болып белгіленсе, жыл аяғына дейін 27 миллион 836 мың теңге қаражт түсті. Яғни бюджеттік жоспар 105 пайызға орындалды.

Тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық саласы бойынша былтырғы жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалардан 85 өтініш түсіп, аудандық жер қатынастары бөліміне және аудандық сәулет бөліміне жолданды. Заң талаптарына сай құжаттары рәсімделді.

       Жер телімдерін рәсімдеу үшін барлығы 61 өкім дайындалып, әкімдікке жолданған барлық кіріс құжаттарына заң талаптарына сай жауап берілді.              

2018 жылы 9 тұрғын үй салынып, пайдалануға көлемі   1 244 шаршы метр тұрғын үй құрылысы қабылданды. 2017 жылмен салыстырғанда бұл дегеніміз 3 үйге және 610 шаршы метрге артылып отыр.

Шет ауданының № 2 ХҚКО арқылы түскен жалпы саны 25 өтініш ҚР Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес заң талаптарына сай құжаттары жасалып уақытылы жіберіліп отырды

         Кент әкімдігіне қарасты 8 қызметтік пәтерлердің құжаттарына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, инвентаризация жасалды.

Кент көлемінде абаттандыру, көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары бойынша біршама жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтқанда:

2018 жылы кенттің бас көшесі – Абай даңғылының автокөлік жолына 80 млн теңге қаражат бөлініп, ауданның ТҚШ бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген конкурсты Қарағанды қаласының «Ғимарат-М» жуапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Сыздықов Данияр Берікүлы) ұтып алды. Аталған жұмыста 1,2 шақырым жердегі асфальт жолы 1,60 метрге дейін кеңейтіліп, жаңадан бордюрлер қойылды. Көшеде орналасқан кафе, дүкендердің алдына автокөліктер аялдайтын алаңдар жасалды.

Аудандық бюджеттен А.Матросов атындағы көшеге де 24 млн теңге бөлініп, ол жерге ұзындығы 1,1 шақырым құрайтын тас жолына асфальт төселді. Мердігерлік шараларды «Ғимарат-М» ЖШС-і толығымен атқарып шықты..

Елді мекендегі кентішілік автомобиль жолдары мен тротуарларды қардан тазалау және шығару шараларына 1 млн теңге бөлінді. Осы жұмыстарды тендерді ұтып алған жергілікті жеке кәсіпкер Ибраев Шынболат Жұмағұлұлы атқарды. 360 шаршы метр құрайтын алаңға 7 элемент қойылды.

Тағы да бір балалар ойын алаңы ПМК ауылының Жарылғап батыр атындағы көшесінің бойына қойылды. Мұнда мердігерлік шараларды «АмирТрансЮГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (басшысы Кубанова Азида Шахаровна) толығымен атқарып шықты. 2 миллион 351 теңге қаражатқа 7 элемент орнатылды.

Абай даңғылы мен Тәуелсіз Қазақстан көшесінің бойына жүргіншілер жолы (тротуар) брусчаткамен төселді. Жұмыс мердігері «АқадырСәулет» ЖШС-і (директоры Игенов Данияр) 250 шаршы метрге 900 мың теңге жұмсады.

Көп жылдардан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген Ақадыр кентінің төлқұжаты алаңы да былтырғы жылы назардан тыс қалмады. Бұл шараға 1 млн 950 мың теңге қарастырылып, «АқадырСәулет» ЖШС-і сметалық құжаттарға сәйкес жұмысын атқарып берді.

Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ақадыр автокөлік жолымен кіреберісте орналасқан арканы жөндеу жұмыстарына 1 млн 300 мың теңге бөлініп, шараларды жеке кәсіпкер Ибраев Шынболат іске асырды.

Абай даңғылындағы асфальт жолына орташа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен көше бойындағы жарық бағандарын орнынан жылжыту керек болды. Осы шараға аудандық бюджеттен 4 миллион 471 мың теңге бөлінді. Түнгі жарық бағандары ауыстырылып, қуаты бұрынғыдан да күшті жарық шамдарына айырбасталды Шараны атқарған жергілікті «Электржабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Серіков Амандық Жұмаханұлы).

Кенттегі иесіз қалған (несанкционированный) күл-қоқысты шығаруға 2 млн 999 мың теңге бөлініп, мердігерлік шараларды Қарағанды қаласының «Помощь инвалидам»ЖШС-і атқарып шықты. А.Матросов атындағы, Бейбітшілік, Деповская көшелерінен құлаған үйлердің орны тазаланып, 4,5 мың тонна үйінділер шығарылды, 25 мың шаршы метр жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді.

Иесіз күл-қоқысты тазалау және шығару мақсатында тағы да 2 млн 500 мың теңге бөлініп, Астана қаласының «БарсГрупп» ЖШС-і елді мекендегі 5 көшенің бойындағы құлаған үйлердің орнынан 6 мың тонна үйінді шығарды. Сонымен бірге 105 мың шаршы метр жерге тегістеу шаралары жүргізілді.

Кенттің сыртында орналасқан, халық арасында «горбатый мост» болып аталып кеткен жерден иесіз күл-қоқысты шығаруға 4 миллион 785 мың тонна бөлінді. Жұмыстарды электрондық тәсілмен жергілікті кәсіпкер Ибраев Шынболат ұтып алып, аталған жерден 5 мың тонна қоқыс шығарылып, 35 мың шаршы алаңға тегістеу шараларын жүргізді.

Елді мекенімізде кент тұрғындары, әсіресе жастар арасында қылмыс пен бұзақылықтың алдын алу мақсатында Абай даңғылының бойына бейнебақылау камераларын қоюға 1 миллион 572 мың теңге қаражат бөлінді. Мердігерлік шараларды жергілікті кәсіпкер Абенов Мұрат жеңіп алып, басты көшеге 15 жерден камералар орнатып шықты.

Кентіміздегі бұрыннан салынған жүргіншілер аяқжолына (тротуар) ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасауға да көңіл аударылды. Бұл шараға жергілікті бюджеттен 450 мың теңге қарастырылып, мердігерлік шараларды «АқалдырСәулет» ЖШС-і орындап берді.

Кент әкімдігінің қысқы жылыту жүйесіне 2 млн 600 мың теңге бөлініп, «АқадырСәулет» ЖШС-і от қазандықтарын ғимараттың сыртына шығару шараларын жасап берді.

Кент тұрғындарын тағы бір қуантарлық жай – ол Германия елінің «Schulz Systemtechnik»компаниясының күннің көзінен 50 мВт тоқ қуатын өндіретін жобаны іске асыра бастағаны. Бірнеше жылдардан бері шешімін таппай келген маңызды жоба былтырғы 2018 жылдан бастап өзінің бастауын алды. Құрылыстың аяқталуы биылғы жылдың тамыз айына белгіленіп отыр. Инвестициялық жобаның жалпы құны 60 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, аталған нысан пайдалануға берілгенде кент тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары есігін ашады деп үміттенеміз.  

Санитарлық тазалық шаралары бойынша кент ішінде көктемгі «екіайлық», күзгі «бірайлық», «сенбіліктер», «таза бейсенбі» шаралары өз мәнінде өткізіліп отырды. Былтырғы жылы ұйымдастырылған сенбіліктерде жергілікті кәсіпкерлер тарапынан теміржолшылар саябағы мен ықшамаудандағы шағын саябаққа, Абай даңғылына 300 түп пирамидальный тополь ағаштары отырғызылды.

Кент ішінде тұрмыстық-қатты қалдықтарды шығарумен «ТеміржолсуСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып келеді. «Электржабдықтау» серіктестігі жылдан-жылға арнайы механикаландырылған техника алып материалдық базасын нығайтуда. Көшелердегі қоқысқа арналған қораптар кент сыртындағы полигонға шығарылып отырады.

Кент әкімдігі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларынан туындайтын Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған республикалық бағдарламаларды орындауда біршама жұмыстар жүргізді.

Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту» бағдарламасының орындалысы бойынша 2018 жылдың басынан жұмыссыздар есебіне тіркелуге 150 адам өтініш білдіріп, олардың ішінен 50 адам жұмысқа орналасты. Солардын арасынан ақылы қоғамдық жұмысқа 140 адамға сұраныс беріліп, барлығы толықтай қоғамдық жұмысқа тартылды.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 4 адам алты ай мерзімге жұмыспен қамтылды. Олардың ішінен 2 адам кент әкімінің аппаратында, 2 адам теміржол мекемелерінде тәжірибе алып шықты.

     «Дипломмен–ауылға» бағдарламасы көптеген жастардың жұмысқа орналасып, ауылдық жерлерге қоныстануына өз септігін тигізуде. Кенттегі әлеуметтік саланың мекемелеріндегі 23 маманның әрқайсысы 168 350 теңге көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақысын алса, 12 маманның әрқайсысы 3 млн 608 мың теңге көлеміндегі қаражатқа үй, пәтер иелері атанды.

«Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тәуелсіз Қазақстан көшесі, № 12 мекен жайда оргаласқан 70 пәтерлік бесқабатты үйге облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, конкурсты ұтып алған «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Марабаев Алмат Бейсенұлы) өткен жылы көптеген жылдардан бері иесіз тұрған үйгеқайта қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтап шықты. Бұл нысанға 232 млн қаражат жұмсалды Жақын арада, яғни қаңтар айының 15 күні аудан әкімі Жандәулетов Марат Жандәулетұлы салтанатты түрде үй кезегінде тұрған кент тұрғындарына пәтерлердің кілтін табыс етті.

Бұл жерде айта кететін жағдай – ол тапсырылған үй жалдамалы тұрғын үйдің санатына жатуы. Дәлірек айтқанда, жаңа қоныстанған тұрғындар пәтерлерін жеке меншікке өткізе алмайды. Кейінгі салынатын үй, пәтерлердің барлығы осы санатқа жататын болады.

   Дегенмен жасалып жатқан игі шаралар үй, пәтер алуға кезекте тұрған тұрғындардың мәселесін толық шешпейді. 2018 жылдың 1 қаңтарына үй, пәтерге мұқтаж адамдардың саны 304 адам болды.Біздің тілегіміз, осы көшедегі бұрынғы локомотив депосының жатақханасын да қайта қалпына келтіріп, тұрғындарға пайдалануға беретін болса дейміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан тарапынан сараптама жасауға 1,5 миллион теңге бөлініп, ғимаратты қайта қалпына келтіруге болатыны туралы шешім алынғанын бәріміз білеміз. Ендігі кезекте осы нысанды тұрғын үй санатына жатқызып, сметалық-жобалау құжаттарын дайындап, облыстық бюджет арқылы жеткілікті қаражатты алу мәселесі шешілетін болса құба-құп болар еді. Сонымен қатар, келешекте мемлекеттік бағдарламалар бойынша жаңадан үйлер салынса деген үмітіміз де жоқ емес..

         Мемлекет тарапынан бекітілген «Таза су» бағдарламасы бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен кентіміздегі теміржолдың арғы қабатына 2018-2019 жылдарға 400 млн теңге берілді. 2018 жылы 206 млн теңгенің жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, 7 көшенің бойына ұзындығы 12 км арақашықтыққа пластикалық құбырлар салынды. Мердігерлік шараларды жүргізіп отырған Теміртау қаласының «Наладочный центр Темиртау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Ахметжанова Г.Н). Су құбырын тарту шаралары биылғы жылы әрі қарай жалғасын табатын болады.

         Осы жердеатап өтетін бір жағдай туындап отыр. Елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуді былтырғы 2018 жылы өткізілген сенімді басқару конкурсын «Электржабдықтау» ЖШС-і (директоры Серіков Амандық Жұмаханұлы) жеңіп алған болатын. Осы мекеме су құбыры мүлкін басқаруғаалғаннан бері біршама күрделі шаралар жүргізіліп келеді. Ескірген құбырлар жаңартылды, қондырғылардың (насостар) қуаты артып айырбасталды, судың атмосфералық қысымы күшейді, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына жылдың қай мезгілі болмасын су көтерілетін болды. Мекеме басшысы өзінің іс-қимылымен халыққа іскерлігін көрсеуде.

         Бір жағынан, сумен қамтамасыз ету мәселесі былтырғы жылы жөндеуден өткен ықшамауданындағы су жинайтын башняның іске қосылуы да жақсы әсерін тигізді. Өздеріңіз білетіндей, республикалық бюджеттен 118 млн теңге қаражат бөлініп, № 8а ұңғымадан (скважина) аталған башняға тікелей су тартылған болатын. Бұл шара ауыз суды мөлтекауданындағы екі-, үш-, төрт-, бесқабатты үйлерге үздіксіз және молымен беруге үлкен мүмкіндігін туғызды.                 

         Елді мекенімізде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Жылдық жоспар бойынша әр айда аурулардың түрлеріне байланысты – «онкүндіктер», «айлықтар» шаралары өткізіледі. Дәрігерлер жоспар бойынша 198 дәріс өткізсе, медбикелер 32 780 сұхбат жүргізді.

         Мекемеде 21 дәрігер қызмет етеді. Биылғы 2019 жылдың тамыз айында 1 дәрігер реаниматолог-анестезиолог, 1 дәрігер акушер-гинеколог және 2 жалпы тәжірибе (ВОП) дәрігерлері жас мамандар ретінде ауруханаға жүмысқа орналасады деп күтілуде. Қазіргі уақытта кенттік ауруханада кардиолог пен балалар невропатологы мамандары жетіспейді.

     Аурухана жанынан былтырғы жылдың басынан бастап мемлекеттік әлеуметтік дәріхана жұмысын атқарып келеді. Аталған дәріханада дәрі-дәрмектің 800 түрі сырқаты бар халыққа қолжетімді арзан бағамен сатылады. Диспансерлік есепте тұрған науқастардың препараттары осы дәріхана арқылы беріліп отыр.

         Аурухананың материалдық базасы да нығайтылуда. Жыл ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 10 млн теңгеге ИВП аппараты, 2 млн теңгеге ота (операция) столы, 2 млн теңгеге төсекара мониторинг жасайтын аппараты алынды.

        Ендігі бір аса қуанарлық жағдайды айтып кетпеуге болмайды. Ол біздің айтулы жерлесіміз, республикамызға белгілі меценат, «ASTANA QROUP» компаниясының президенті Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлының өзінің тарихи отанына деген демеушілік көмегі. Айтулы азаматтың ықпалымен «Болат Өтемұратов» қоры арқылы кенттік ауруханасына 55 млн теңге көлемінде медициналық жабдықтары сыйға тартылды. Оның ішінде 32 млн теңге тұратын, Германия елінің «MERSEDES BENZ-Спринтер Классик» көлігінің базасында заманауи жабдықталған кардиологиялық-травмотологиялық реанимобиль көлігі бар. Сонымен бірге биохимиялық анализатор-автомат, физиотерапия аппараты, фетальдық монитор, үлкен хирургиялық топтамалары (набор) да бар.

         Жерлесіміз Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлының біраз жылдардан бері кент халқына көрсетіп отырған көмегі ұшан-теңіз. Осы мінберді пайдалана отырып елді мекеннің тұрғындары атынан алыптай азаматымызға шексіз алғысымды айтқым келеді.

2018 жылы кент көлемінде құқық бұзушылықтың алдын – алу мен қылмысқа қарсы күрес, сыбайлас – жемқорлық, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрестің аумақтық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқарылды.

Есепті жыл ішінде кенттік полиция бөлімшесі қылмыстық оқиға туралы 142 қылмыс және қылмыстық оқиға туралы хабарлама мен арыздар тіркелді. 2017 жылы 154 оқиға тіркелетін болса, 12 оқиғаға немесе 9,52 пайызға кеміген. Есеп беру кезеңінде барлығы 23 қылмыстық іс бойынша тергеу-тексеру амалдары жүргізілді. Оның ішінде 8 іс сотқа жолданған, 8 іс аяқталмайтын негізде қысқартылған, 4 іс өндірісте, 3 іс ашылмай тұр.

Кент аумағында 4 учаскелік полиция инспекторлары мен 3 учаскелік инспектордың көмекшілері қызмет жасайды.

Кент әкімдігі кенттік полиция бөліміндегі учаскелік инспекторларының қызметі алға басу үшін материалдық базасын нығайтуға көп көңіл бөлуде. Соңғы жылдары оларға офис жиһаздары алынып берілді. Алынған жабдықтар қатарында сейфтер, факс-телефондар, стол – орындықтар, шкаф, киім ілгіштер бар. Өткен жылы тәртіп сақшыларына 764 мың теңге көлемінде компьютерлер, принтерлер, ұялы телефондар қоятын сейфтер, тағы басқа заттар алып беруге жұмыс жасалды.

         Соңғы екі жылда кенттегі құқық бұзушылық пен заңға қайшы әрекеттерді азайту мақсатында кент бойынша 27 көшеге барлығы 480 жарық нүктелері қойылды.

         Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында елді мекендегі теміржолшылар саябағына, ықшамауданындағы кіші саябаққа 2,5 млн теңге бөлініп, бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Осындай шаралар кенттегі Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне, Ә.Ермеков атындағы жалпы білім беру тіректі мектебіне, М.Мәметова атындағы жалпы білім беру орта мектебіне, «Нұршуақ» балабақшасына, «Балбөбек» бөбекжайына, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының Мәдениет үйіне де жасалды. Жоғарыда атап өткенімдей, 2018 есепті жылында кенттің орталық көшесі – Абай даңғылының бойына 15 нүкте бейнебақылау камералары қойылды.

         Қазақстан Республикасының діни бостандығы жөнінде заңнамаларға сәйкес кент көлемінде тіркелген үш діни бірлестіктері жұмыс атқарады. Атап айтқанда, кенттегі мұсылман мешіті, Інжілдік христиан баптистерінің «Преображение» және Христиан миссионерлерінің «Грейс» шіркеулері. Аталған діни бірлестіктер заң талаптарына сай жұмыс жасап отыр.  

         2018 жылы мұсылман мешіті өз тарапынан көптеген шаралар атқарды. Мешіттің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыздың (Мұхаммед с.ғ.с) туған күні – Мәуліт мерекесін өткізу жылдағы дәстүрге айналған.

Сонымен қатар, мешіт жанындағы діни сауат ашу кіші медресесі біраз жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Онда оқыған көптеген шәкірттер Құран оқу бойынша сауаттарын ашады.

Ораза айында, Құрбан айт күндері мешіт атынан жағдайсыз отбасыларға, жетім - жесірлерге демеушілер арқылы көмек көрсетіліп садақа таратылды.

Былтырғы жылы мұсылман мешітіне баратын жамағаттың, оның ішінде жастардың бастамасымен ас беруге арналған асхана ғимаратының құрылысы басталған. Кент жастары Қойшыбаев Мерей, Жалғабеков Аслан демеушілер іздестірді. Ауылдан тыс жерде жүрген кенттің тумасы Жылқыбаев Азамат Сенбайұлы үлкен жомарттық танытып, бүгінгі күнге 20 миллион теңгеге құрылыс материалдарын жіберіп, құрылысшылардың еңбекақысын төлеуге көмегін беріп отыр. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылды. Сәтін салса биылғы жыддың жазына дейін аяқталатын нысан халық игілігіне қызмет атқарады деп сенеміз.

         Жылдан-жылға елді мекендегі білім ошақтарының дамуына да көп көңіл бөлінуде. Кент аумағындағы 1 мектеп-лицейде, 2 орта мектепте және 1 бастауыш мектепте 1784 оқушы білім алуда.

         Өткен жылы Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне аудандық білім беру бөлімі арқылы интелектуалды ойындар кабинетінің жабдықтарына 818 мың, қыз балаларға арналған технологиялық кабинетіне 595 мың, мемлекеттік рәміздерін алуға 345 мың, спорт жабдықтарына 109 мың, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 359 мың теңге бөлініп келді

Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебіне интелектуалдық ойындар кабинетінің жабдықтарына 818 мың, мектеп жанындағы интернаттың балаларына арналған киім-кешектер алуға 350 мың, магниттік тақталар алуға 45 мың, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2 млн 100 мың теңге бөлінді.

М.Мәметова атындағы жалпы білім беру орта мектебіне интелектуалды ойындар кабинетінің жабдықтарына 818 мың теңге, қыз балаларға арналған технологиялық кабинетіне 949 мың теңге, басқа жабдықтарға 1 млн 478 мың теңге қарастырылды.

         Кенттегі мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, Шет ауданының С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің кенттегі филиалы оқушыларға мамандық алуға, музыкаға баулуға көп еңбек сіңіруде.

Кентіміздегі мектепке дейінгі мекемелер «Балбөбек» бөбекжайы мен «Нұршуақ» балабақшасы жас жеткіншектерге тәрбие, білім беруде зор үлестерін қосуда.

Кент бойынша бұқаралық спортты дамытуға үлкен назар аударылады. Атап айтқанда, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жас ұрпақты шымыр етіп тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттауда мақсатты жұмыстар жүргізуде. Аталған мектепте спорттың 8 түрімен 684 бала шұғылданады. Мектеп түлектері халықаралық жарыстарда топ жарып, облыс, республиканың құрама командасы сапында өнер көрсетуде. Былтырғы есепті жылда мектеп қабырғасында бокс, футбол, тоғызқұмалақ, күрес түрлерінен 3 халықаралық, 12 облыстық деңгейлеріндегі чемпионат, турнирлер ұйымдастырылды. 2018 жылдың рейтингілік көрсеткіштерімен балалар және жасөспірімдер спорт мектебі Қарағанды облысы бойынша ауылдық мектептер арасында І-ші орынды жеңіп алды.

Жерлесіміз, ірі кәсіпкер «АСТАНА GROUP» компаниясының президенті Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлы кезекті жомарттығын танытып спорт мектебіне 2 млн 400 мың теңгенің бокс рингін сыйлады. Бокс рингінің ашылу салтанатына жасөспірімдер арасында облыстық турнир өткізіліп, оған Олимпиада чемпионы Серік Сапиевтің бапкері Райс Александр Богданович, бокстан Еуропа біріншіліктерінің жүлдегері, КСРО чемпионы Нұрмағанбетов Берік құрметті қонақ ретінде қатысты..

Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Манабаев Болат Африка құрылығының Катар елінде өткен ересек шеберлер арасында «самбо» күресінен әлем чемпионы тәжін кисе, жерлесіміз, осы мектептің түлегі Қожанәсіп Аңсаған Моңғолия еліне барып жастар арасында тоғызқұмалақтан Азия чемпионы атанды.

Кенттің ересек спортшылары қысқы және жазғы «Сары-Арқа-2017» аудандық спартакиаларында командалық есепте ең алдыңғы қатарында көрініп жүретін болса, облыстық спартакиаларда көптеген спорт түрлерінен жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Қысқы спорт түрлері арасынан, әсіресе шайбалы хоккейден кентіміздің құрама командасы биіктерден көрінуде. Былтырғы жылы Қостанай облысының Құсмұрын қаласында, облысымыздың Балқаш, Приозерск қалаларында, Ақтоғай ауылында, Сары-Шаған станциясында өткізілген турнирлерге белсене қатысып І-ІІ орындарды иемденіп жүр.

Елді мекенімізде мемлекеттік және кәсіби мерекелерді өз мәнінде ұйымдастыруға қатты көңіл бөлінеді. Өткен жылы Наурыз мерекесі күні теміржолшылар саябағы мен теміржол вокзалы аралығына кәсіпорын, мекемелер ақшаңқан киіз үйлер тігіп, көпшілік үшін мерекелік концерт, ұлттық ойындарының сайыстары ұйымдастырылды. Жыл сайын аталып өтетін «Қымызмұрындық» мереке-жәрмеңкесі де сыртта қалмады.

Елбасының Жарлығымен белгіленген «Отбасылар күні», «Еңбек күні», Қарттар күні де жақсы мерекеленді. Сонымен бірге Қазақстан және Моңғолия Республикаларының композиторлар одақтарының мүшесі болған, сазгер Тәукей Ысқақты еске алуға арналған әдеби-сазды кеші де өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Кент халқының арасында ерекше орын алған теміржолшылар және Ақадыр күні мерекелік шаралары жыл сайын жалғасын табуда. Былтырғы жылы теміржолшылар саябағында 10 теміржолшы номинациялар бойынша жиналған халық алдында үлкен марапатқа ие болды. Шаралар соңы сырттан шақырылған өнер жұлдыздарының мерекелік концертімен, спорттық шараларымен және от шашу феерверкімен жалғасты.


Количество посещений: 1046


Наверх