print

ӨСПЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІ

Округ әкімі ретінде Сіздердің алдарыңызға атқарылған жұмыстар жөнінде 2018 жылы атқарылған жөнінде есеп беруге рұқсат етіңіздер.

       Округ әкімінің жұмысында көп мәселелер ауыл азаматарының ұсынысымен айқындалып жататының білесіздер. Сондай-ақ 2018 жылдың басында округтың барлық ауылдарында жергілікті тұрғындардаң сұрақтар мен ұсыныстар түскен. Барлық түскен сұрақтар бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, орындалуы туралы кездесулер барысында хабарламалар беріліп отырылды, нақты түсініктер беру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 9 ұсыныстың  6-і бақылаудан алынған, 3-і қаржы қаралуына байланысты орындалатын болады. Еркіндік ауылында Қазақтелеком дұрыс істемейді, Транстелеком орнатылса деген ұсыныс берілген. Округ әкімінің атынан «Транстелеком» АҚ басшысы Б.Тиникеевке сұраныс хат жолданған. Жауабында 2019 жылы Еркіндік ауылының тұрғындарына интернет желісін тартуы қарастырылады деген. Одан басқа «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылы Жарық-Еркіндік-Өспен бағыты бойынша ВОЛС кабелін тартып үш мекемеге жоғары жылдамдықтағы интернет желісін қосты. Халыққа тарату жұмыстары 2019 жылға қалдырылды. Айғыржал ауылының тұрғындары ауылға бір медбике бірлігі берілсе деген. Бүгінгі танда дәрігерлік амбулаторияның медбикесі Ж.Алтайбаева жетісіне бір рет Айғыржалға қатынап жұмыс істейді. Сол сияқты Еркіндік ауылындағы фельдшерлік пунктке жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша 01.03.2018 ж. бастап С.Абдрахманова медбике ретінде жұмысқа алынды. Дәрігерлік амбулаторияның жұмысына да сын айтылған. Бұл жөнінде аудандық аурухананың бас дәрігері Д.Нұртаев келіп жиын өткізіп аталған кемшіліктер болмау үшін жұмыстар жұргізді. Шойынтас кенішінде жасалатын қопару жұмыстары кезінде ауылға шаң келіп, жер қозғалады деген сұрақ Айғыржал ауылының тұрғындарын аландатады екен. Бұл мәселе «Металлтерминалсервис» ЖШС басшылығы алдында көтерілген. Өндірістік жұмыстар берілген рұқсат құжаттарға сәйкес жүзеге асырылуда, қауіп орын алатындай жағдай жоқ деген жауап берілді. Еркіндік ауылының тұрғындары ауылда мәдениет үйі салынса деген өтініш білдірген. Мәдениет үйін салу Мәдениет саласын дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасына кіргізілуі керек. С.Сейфуллин атындағы мұражайды жаңарту жұмыстарына көмек көрсетілсе деген ұсыныс қойылған. Мұражайға облыстық бюджет қаражаты есебінең 1 млн 9 мың теңгеге жаңа экспозициялар жасалды. Жұмыстарды уақытында және сапалы түрде ЖК Д.Балгабеков атқарды. Сонымен қатар 600 теңгеге мұражайға кіреберіс саты жөнделу керек еді, бірақ бұл жұмыс атқарылған жоқ. Жерлерді қайтару жөнінде семинар кеңес өткізілуі жөнінде ұсыныс берілген. Бұл іс-шара 2019 жылға өткізіледі деп жоспарлап отырмыз.      

Барлық әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың орындалуы, бірінші кезекте бюджеттің сапалы орындалуына байланысты жүзеге асырылады. 2018 жылғы  бюджеттің қаржысы 97 % - ға игерілді, жоспары  45 млн. 882 мың теңге, игерілген сомасы 44 млн. 465 мың теңге. Округ әкімі аппаратына қаралған шығын (оның ішінде жалақы, коммуналдық төлемдер, интернет, байланыс, жол шығындары) 16 млн 977 мың теңге болса, 8 млн 905     мың теңге төмендегіде көрсетілген мақсаттарға жұмсалды. Соның ішінде: 5 млн теңгеге “Ақадыр сәулет» ЖШС әкімшілік ғимаратының ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасады. Екі ауылдың көшелерін жарықтандыруға 500 мың теңге жұмсалды. Жаңадан 15 шамшырақ сатып алуға және айырбастауға 150 мың теңге жұмсалды. Санитарлық тазалық жұмыстарына берілген 400 мың теңге Айғыржал елді мекенінің иесіз күл қоқысын шығаруға жұмсалды. Бұл жұмыстарды ЖК «Ахметбеков М.Ж.» атқарды. Өспен-Айғыржал ұзындығы 12 тас жолын күтіп ұстауға бөлінген 1 млн 25 мың теңгені «Астодор» ЖШС ұтып алып жұмыстарын ойдағыдай атқарды. Жол тегістеліп, 200 тонна қиыршық тас төселді. Өспен-Айғыржал жолына және Өспен ауылының ішкі көше жолдарына, Еркіндік ауылының көшелерін, Айса стансасының кіре беріс жолдарын қардан тазалауға 1 млн 830 мың теңге бөлінген. Қараша айында өткізілген тендерде үш лотқа бөлінген қаржыға 4-5 фирма түсіп, бәрінің жолың ЖК «Ергроуп» кесіп өтіп ұтып алды. (ұтылып қалған фирмалардың ішінде жергілікті қызмет берушілерде бар еді). Ақыры жұмыс атқарылмай 1 млн 417 мың теңге игерілмеді. Бүгінгі күні ЖК «Ергроуп» сотқа берілді. Желтоқсан айында бағалау әдісімен экономия ретінде қалған 413 мың теңге ойнатылып желтоқсан-қантар айларында Өспен ауылының көшелерің ЖК «Ибраев» қардаң тазалап тұратын болды. 2018 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 20 млн теңгеге Өспен ауылының Теміржол көшесінің автокөлік жолына орташа ағымдағы жөндеу жұмыстары жұгізілді. Тендерді ұтып алған «Ғимарат-М» ЖШС-і сметалық құжаттар бойынша белгіленген 833 метр орныңа 900 метрге асфальт салып жұмысты сапалы және уақытында орындады. Одан басқа олар жергілікті халықтың сұрауы бойынша көшенін қалған 500 метр жеріне қиышрық тас төсеп берді.

Жергілікті өзін-өзі басқару қолма-қол ақшасының шотына түскен қаражат қауымдастықтың шешімі бойынша игерілді. Оның ішінде: 141 мыңына мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылға сый ақы жасалды. «Shugyla» ЖШС арқылы 8 балаға смарт-сағаттар алып бердік. 2018 жылы Өспен ауылының көше атаулары өзгеруіне байланысты құны 330 мың теңге тұратын 220 аншлагқа тендер арқылы тапсырыс берілген. Өкінішке орай тендерді ұтып алған ЖК «Крис» тапсрысты уақытында орындай алмай бүгінгі күні сот процесі жүріп жатыр.

      2018 жылы Өспен ауылдық округі әкімі аппаратында әр-түрлі сұрақтармен, өтініш-шағымдармен 415 адам қатысты. Ауызша өтініш бойынша отбасы құрамы және тұрғылықты мекені жайында 250 анықтама берілді. Жеке қосалқы шаруашылығының бары жайында 165 аңықтама берілді. 9 жеке тұлға, 10 заңды тұлғадаң жазбаша өтініш түсті, барлық өтініштер қанагаттандырылды. Азаматтардан түскен өтініштер Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңында белгіленген тәртіп бойынша қаралды. Одан басқа әр-түрлі нотариалдық іс-әрекет жасауға өтінген 80 азаматтың сұранысы қанағаттандырылды және 16 мың 710 теңге мемлекеттік баж өндірілді. 2018 жылы округ әкімі аппаратында электрондық құжат айналымы бойынша аппаратқа 880 құжат түсіп, қаралды.

Халыққа әлеуметтік көмек көрсету бағыттардың бірі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. 2018 жылы округ бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 3 отбасыға (оның ішінде 8 бала) тағайындалды. Төленген көмектің жалпы сомасы 352 мың 628 теңге.

2018 жылы жұмыспен қамту орталығында 54 адам тіркелсе, олардың 28 тұрақты жұмыспен қамтылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Бағдарламасының» 2 бағыты бойынша 12 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Несиелендіру бойынша барлығы 7 адам 22,8 млн.тг. несие алды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 14 адам тартылып, айына 24 459 теңге көлемінде еңбекақы төленді. Жұмыстың мерзімі орташа 3 ай құрады.

2018 жылдың округ өмірінің әлеуметтік – экономикалык даму көрсеткіштеріне тоқтасақ.

Ауыл шаруашылығы. Өспен ауылдық округі бойынша 2018 жылы 870 гектарға дәнді – дақыл себілді. Оның ішінде 110 га бидай, 760 га арпа. Егінжай жұмыстарымен 5 шаруа қожалығы айналысады. Елді-мекен жұртшылығы және шаруа қожалықтарындағы мал басы жөніндегі есебі бойынша 2018 жылы ірі-қара малдың саны 2017 жылмен салыстырғанда 102,4% құрайды (3962-3869), қой 86.0%, (6855-7992), ешкі 100,0% (2062-2061), жылқы 100,0% (2868-2867). Округ аумағындағы ірі-қара малдың асыл тұқымдық   ядросы   477 басқа жетті, бұл көрсеткіш жалпы ірі-қара малдың санынаң 11,9 (2018ж -9,7)% болады. Тұқымды қайта тұрлендіруге 15 шаруа қожалықтаң 813 бас аналық қатысады, 33 асыл тұқымды бұқа пайдаланылады.

Округтегі малды көбейту динамикасына үкіметіміздің ауылшаруашылығында іске асырып несиелік бағдарламалары әсер етіп отырғаны белгілі. 2018 жылы округ бойынша ауыл шаруашылық саласында 11 инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның ішінде жеті жеке тұлға «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау» қоры арқылы «Игілік» бағдарламасы бойынша мал басын көбейту үшін 23,3 млн теңге несие алды. Бір жеке тұлғаға «Іскер» бағдарламасы бойынша етті бағыттағы ірі қара мал көбейту үшін «Қаржыгер» КС арқылы 5,5 млн теңге берілді . «Асқат» ш/қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Қаржыгер» кредиттік серіктестігінең асыл тұқымды ірі қара мал алу үшін 26,0 млн теңге несие алды. «Ерқанат» шаруа қожалығы шетелден 130 бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелу үшін «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау» қоры арқылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 60 млн теңге несие алып отыр. Бүгінгі күні ауылшаруашылық техникасы алынды, мал алу үшін келісім шарт жасалып қойылған. Сондай-ақ, «Еңбек-А» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал алу үшін «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау» қорынаң «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 45,0 млн теңге алды.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығы бойынша субсидия төлеу құжаттары аудандық ауылшаруашылық бөліміне жолданып субсидиялар төленуде: Жалпы бағдарлама бойынша бүгінгі күнге округтегі шаруа қожалықтарына  13 990 000 теңге субсидия төленуге жіберілді (мал шаруашылығы бойынша барлығы 15 шаруа қожалығына – жеті түрлі субсидия төленді.

   Округ бойынша 2018 жылғы ветеринариялық профилактикалық диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес орындалды.               Анықтама үшін: Сібір жарасына 3200 бас ірі қара (100%), 10400 бас қой-ешкі (100%) және 2450 бас жылқы (100%), туберкуллезге 6400 бас ірі қара (100%), қарасанға 2300 бас ірі қара (100%), егілді. Бруцеллезге 6449 бас ірі қара (100%), 11562 бас ұсақ мал (100%), 200 бас бұқа (100%) егілді. 2018 жылдың профилактикалық диагностикалық жұмыстарының 12-айлық жоспары ірі қара, жылқы, қой-ешкі бойынша 100% орындалды.

Округ бойынша мал шаруашылығындағы өткір мәселелердің бірі мал өлекселерін жою. Төрт елді мекендеде санитарлық талаптарға сай мал қорымы жоқ. 2018 жылы аудандық бюджеттен құны 3 млн теңге мал өлекселері мен биоқалдықтарды өртейтін пештік қондырғы алынды. Осы қондырғыны бізге әкеліп орнатып берсе мал өлекселерін жою мәселесі шешілетін еді.

Округ бойынша тіркелген 73 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ие болып отыр. Кез-келген салада кеңінен қолданысқа енгізіле бастаған сандық технология ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпек емес. Кең байтақ жердің заманауи, электрондық картасын жасаудағы мақсат та ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін өрістету. Сонымен, біздің округ бойынша барлығы 72142 гектар жерді электрондық картаға енгізу жоспарланған. Бүгінгі күні 47616 гектар жайылымның электрондық картасы жасалған, яғни 82,3 пайызы орындалды. Егістіктің 86,0 пайызы (6572 га), шабындықтың 70,9 пайызы (442,25 га) Яғни, 56352 (76%) гектар алқаптың электрондық картасы жасалған. 2018 жылы 4 шаруа қожалығы жер телімдерін пайдаланбағандықтан, жерлерін толығымен ерікті түрде мемлекеттік жер қорыңа өткізді. Өткізілген жердің көлемі 2499,9 га. Сегіз шаруа қожалық егістік жерлерін мемлекеттік қорға өткізді, тапсырылған жердің көлемі 1389 га. Құжаттарын толығымен рәсімдемеген 10 шаруа қожалыққа 5216 га жер тиесілі. Құжаттары дайын бірақ әлі әділет басқармасына тіркелмей жүрген шаруа қожалықтардың иелігінде 5770 га жер тұр. Жерді пайдаланбай, құжаттарың толығымен жасамай жүрген шаруа қожалықтардың барлығы жөнінде аудандық жер бөліміне ұсыныс берілген.

Шағын кәсіпкерлік. Шағын бизнес саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің жұмысы үнемі әкімшілік назарында. Азық-түлік тауарлары оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар топтары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы іс-шаралар жүргізілүде. Кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп, меморандум жасалған. Азық-түлік тауарларының бағаларына 30 түрі бойынша жетісіне 1 рет, 11 түрі бойынша жетісіне 2 рет мониторинг жүргізіліп, тиісті жоғардағы органдарға жолданып отыр. Шағын бизнес саласында округ бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 106-ға жетті, оның ішінде 73 шаруа қожалығы, 17 жеке кәсіпкер.

Округтегі салық базасының жағдайы. Округ бойынша мүлік және жер салығын төлейтін 354 адам тіркелген. Биылғы жылы мүлік және жер салығы 124 мың 629 теңгені құрап, 100 пайызға орындалды. Салықтан босатылғандар-32 адам, оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері -17; І топтағы мүгедетер- 3, ІІ топтағы мүгедектер -12 адам. Патент, мүлік, жер, көлік салығынаң түскен 471 мың теңгені жергілікті қоғамдастық қайда жұмсағаның жоғарыда айтылып кетті.

Округте төрт елді мекен, 370 аула бар. Барлық үй иелерімен санитарлық тазалық туралы келісім-шарт жасалған. Тазалық айларында әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» күндері өткізіліп тұр. Елді мекендерде 2 рет жалпы облыстық сеңбіліктер және 2 рет жалпы аудандық сенбіліктер өткізілді. Учаскелік полиция инспекторы тарапынаң 21 үйге ескерту жасалды. Ескертудегі қойылған талаптар орындалғандықтан айыппұл салынбады. Тазалық айларында еңбек биржасы арқылы қоғамдық жұмыстарға былтыр 14 адам алынды.

Округ елді мекендерінде 2017 жылдың санитарлық тазалау, сәулеттендіру және көгалдандыру бойынша айлықтар өткізу барысында жекеменшік сектордан жобамен 2000 тн күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарды Еркіндікте, Өспенде сырттан шақырумен келген ЖК «Бейсембай» атқарды. Жоғарыды айтылғандай санитарлық тазалық жұмыстарына берілген 400 мың теңге Айғыржал елді мекенінің иесіз күл қоқысын шығаруға жұмсалды. Биыл демеушілердің көмегімен Өспен ауылында 1000 түп австриялық қарағай отырғызылды. Күзге қарай шарбағын жасап, басқа жерге отырғызу керек. Елді мекендерді көгалдандыру, аббатандыру және санитарлық тазалау жұмыстары округ әкімдігінің басты назарында және әлі де жалғаса береді. Осы ретте жылда көтеріліп келе жатқан Өспен ауылының күл-қоқыс төгетін орынның жағдайын айта кету керек. Орны белгіленген, жер құжаттары толығымен дайын, проектісі бойынша полигонды салып біту үшін қаражат керек.

«2016-2019 жылдарға арналған Денсаулык» бағдарламасы бойынша дәрігерлік амбулаторияда дәрігерге қаралып кеңесін алғандар саны – 5360, амбулаторлы деңгейде диспансерлік есептегі 301 адам тегін дәрі-дәрмекпен 3 296 760 тенгеге қамтылды, жыл басынан 25 нәресте дүниеге келіп, ана мен балаға арналған қобдишамен толығымен қамтылып, 35 750 теңге қаражат жұмсалды. Жыл қорытындысы бойынша барлық скринингтік тексерістен өткендер саны – 342 адам. «Дамумед» бағдарламасы бойынша 1400 адам тіркелді. Бүгінгі күні дәрігерлік амбулаторияда жоғары білімді бір маман, 9 медбике жұмыс істейді. Бүгінгі күні бұл саладағы өзекті мәселелер: Еркіндік ауылындағы ФАП-қа жөндеу жұмыстарын жасау және дәрігерлік амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігі керек.

«Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша округімізде оқу-материалдық базасы нығая түсуде. Сәкен ЖОББ мектебінде 2018 оқу жылы ішінде мектепке 3 компьютерлік комплекс (ПАК), асхана жабдықтары алынды. Еркіндік орта мектебінде 246 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бюджеттен бөлінген ақша болса ауыл тұрғыны «Тәуекел» шаруа қожалығының басшысы Қ.Адамьянов өз қаражатынаң 500 мың теңге жөндеу жұмыстарына берді. Айғыржал мектебіне интернеттің жылдамдығы төмен болғандықтан мектеп басшылығы сұраныс беріп, 2018 жылы «ASTEL» спутниктік тарелкасы орнатылды.

Ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету. Бұл округ әкімінің басты міндеттерінің бірі. Негізінде бұл мәселелер бүгінгі күні шешілген. Өспен және Еркіндік ауылдарын өз қарамағына «Электржабдықтау» ЖШС алған. Тұтынушылардың қарызы жоқ.

Халыққа бірінші кезектегі қызмет көрсететін байланыс , пошта тораптары есепті мерзімде жұмыс сапасын жақсарту мақсатында біршама істерді жүзеге асыруда. Тұрғындар сұранысын уақтылы, әрі сапалы қанағаттандырып отыр. 2019 жылдың І-ші жарты жылдығына мерзімдік баспасөзге жазылу ойдағыдай аяқталды. Тапсырыс орындалды (орталық басылымдар: 199 дана, орындалысы -227 дана -114%.   Өспен ауылдық округіндегі барлық елді мекендерде сымсыз телефон байланыс жүйесі жұмыс істейді. «Kcell», «Билайн» үялы байланыс желілері жұмыс істеп тұр. «Қазақтелеком» арқылы интернет желісіне үш мектеп қосылып тұр.

Округіміздің мәдениет саласында да көптеген жұмыстар ұйымдастырылып, жасалуда. Жыл басынан Өспен ауылдық клубыңда, кітапхана, мұражай ұйымдастыруымен 20 мәдени шара өткізілді. Мәдени шаралармен бірге атаулы мерекелік күндерге, мемлекеттік мерекелерге арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл шаралардың барлығы Елбасының Рухани Жаңғыру мақаласы аясында өткенің айта кетуіміз керек.

2019 жылы жолдарды жөндеу және оларды ұстау , елді мекендерді абаттандыру, білім, денсаулық салаларының материалдық базасын нығайту ауылшаруашылық саласын, экономиканың нақты секторын дамыту, оның ішінде шағын бизнес дамыту жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. Аз қамтылған азаматтарды қолдау және әлеуметтік көмек бойынша шаралар жалғастырылатын болады. Бюджет қаржыларын мақсатты, ашық жұмсауда жергілікті қауымдастыққа есеп беріліп тұратын болады.


Количество посещений: 765


Наверх