print

Жаңа спорт кешені іске қосылды

...

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттігін айтып, Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын.

Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында аудандағы іргелі елді мекендердің бірі Сәкен Сейфуллин атындағы кентте үлкен қуанышты оқиға болды. Денешынықтыру сауықтыру кешені іске қосылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Спорттың бұқаралық сипатын дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі». Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында Президент елдің тұрмыс сапасын арттырудың бір тетігі өңірлерді бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін айтып, Үкімет пен әкімдерге бес жыл ішінде 100 дене шынықтыру кешенін салуды тапсырды.

Елбасы тапсырмасының үдесінен шыққан бұл нысанды ашу шарасы қуанышты салтанатқа ұласты.

Әсемдігі көз тартатын екі қабатты кешеннің алды мерекеге сай безендіріліпті. Көңілді ән жұрттың қуанышын асқақтата түскендей. Ашық аспаннан алтын сәулесін төгіп тұрған күнде маңайды ерекше нұрға бөлеуде. Спорт кешенінің лентасын қию рәсімін аудан әкімі Марат Жандәулетов пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов жасады. Ақ әжелер шашу шашты. Мереке салтанат сарайы ішінде жалғасты. Ішке кірген қонақтар мен кент тұрғындарын кең залда бишілер тобы қарсы алды. Біркелкі киінген жас спортшылар қызыл-жасыл тулармен фондық қимыл-қозғалыстар жасауда.

Жүргізушілер көпшілікті кешеннің ашылу салтанатына арнайы келген қонақтармен таныстырды.

Бірінші болып сөз алған аудан әкімі М.Жандәулетов: -бүгін бой көтеріп отырған спорт кешенін облыс әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен жүзеге асқанын және осы сәулетті ғимаратты тез, әрі сапалы салып берген «Аспап» өндірістік кооперативінің ұжымы мен оның бастығы, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Мұқатайұлы Әшімов екенін айтып, алғысын білдірді. Алдағы уақытта еліміздің абыройын асқақтатар талай спортшылар болашақ чемпиондар осы жерден шығатынына кәміл сенемін - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде. Аудан әкімдігі атынан кешенге теннис үстелін сыйлады.

Бұдан әрі құттықтау сөзбен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, онсайыстан Афины олимпиадасының қола жүлдегері, халықаралық спорт шебері Дмитрий Карпов шығып, тарту-таралғысын жасады. Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, республика чемпионы, биылғы жазғы Азия ойындарының самбодан қола медаль иегері Бейімбет Қанжанов, спорт ардагері Болат Шешенов, кент ақсақалдары кеңесінін төрағасы Төлепберген Әбеуовтер өз құттықтауларын жүрек жарды лебіздерімен жеткізді. Соңында сөз алған мердігер, облыстың атақты құрылысшысы Төлеген Әшімов спорт кешенінің символдық күміс кілтін оның директоры Қанат Әбішевке жиналғандардың қызу қолшапалағы үстінде табыс етті. Біздер салған ғажайып ғимарат игіліктеріңізге ұсталсын деген тілегін айтты.

Расында жалпы құны 315 млн. теңгені құрайтын кешенге бір мезетте 160 адам сыйады. Мұнда спорттың он шақты түрімен қатар шұғылдануға мүмкіндік бар, жаттығу, тренажер залдары жеткілікті.

Кешеннің ашылу салтанатының ажарын мәртебелі қонақтармен бірге келген, спорттық акробатикадан спорт шеберлері, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Роман Лукин мен Олеся Кравченконың жұптасып көрсеткен өнерлері айшықтай түсті. Кент пен ауданның әнші қыз-жігіттерінің салған әндері қиялға шабыт беріп, көрермендердің ықыласына ие болды.

Салтанатты шараға арнайы келген облыстық дзю-до федерациясының президенті Евгений Кондратев пен жаттықтырушы, танымал спорт қайраткері Қайдар Қанжановтар кентте дзю-до секциясын ашатынын, тренерді өз қаражаттарына ұстайтынын мәлімдеді.

Кешеннің ашылу құрметіне аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен кент әкімдігі волейболдан ашық турнир өткізді. Жергілікті кәсіпкерлер Марат Шырымбеков пен Ғазиз Жолшариновтың демеушілігімен өткен жарысқа жан-жақтағы елді мекендерден алты команда қатысты.

 

Ертай Жәнібеков,

аудан әкімінің

баспасөз хатшысы.


Количество посещений: 540


Наверх