print

Майдангер ұстаз атындағы сынып ашылды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесінің екінші күні Көктіңкөлі ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз Асан Бекқожиннің 100 жылдығы аталып өтті.

         Жасөспірім шағы еліміз сергелдеңге түскен жиырмасыншы жылдардың аяғы мен ашаршылық нәубетіне тап келген Асекең ағайын-жұртымен Ақмола қаласын көшіп барып жан сақтайды. Сонда жүріп фабрик-зауыт оқуын оқиды, әрі қарай Көкшетау педтехникумына түсіп, төрт жыл оқып бастауыш сыныптардың мұғалімі деген мамандық алады. Соғыс басталғанша Ақмола өңіріндегі қазақ мектептерінде қазақ тілі мен арифметика пәндерінен сабақ береді, жетіжылдық мектепте оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары (завуч) қызметтерін атқарады.

         Соғыстан бір жыл бұрын әскерге алынған Асекең 1941 жылдың шілдесінен 1942 жылдың шілдесіне дейін майданда болады.

         Могилёв қаласы үшін болған шайқаста ауыр жараланып госпитальге түседі. Ұзамай қаланы немістер басып алып, жау тұтқынына айналады. Үш жыл пленде болып Германияда қара жұмыс істейді. 1945 жылы көктемде концлагерді совет жауынгерлері азат еткен соң қатаң сүзгіден өткен Асан елге тек бір жылдан соң оралады. Еңбек жолын әскерге алынған жерден қайта жалғап, он екі жыл бойы математикадан сабақ береді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады.

         1959 жылы туған жеріне келіп Көктіңкөлі орта мектебінде мұғалім, завуч, ал 1970-74 жылдары директорлық қызметтерді атқарады. Бұл қызметтен денсаулығына байланысты өз өтінішімен босап 1978 жылы зейнетке шыққанға дейін математика пәнінен сабақ береді.

         Кеңес Одағы білім беру саласының үздігі, Қазақ ССР-нің озат ағартушы ұзтазы төс белгілерінің иегері Асекеннің майдандағы ерліктері «Қызыл жұлдыз», «Отан Соғысы» ордендерімен, жауынгерлік және мерекелік бірнеше медальдармен марапатталған. Тәжірибелі педагог, тәлімгер-ұстаз Асан Бекқожин жан-жақты, ой-өрісі кең, қолы ұсынақты шебер жан ретінде ауылдастарының есінде қалған. Ол 1994 жылы дүниеден өткен.

         Мұғалімге арналған танымдық кеш пен математика сыныбын ашу ауылдың мектебі мен мәдениет үйінде өткізілді.

         Ауыл жұртшылығы мен келген қонақтардың салтанатты жиынында аудан әкімі Марат Жандәулетов құттықтау сөз сөйлеп, бір топ ардақты азаматтармен бірге кабинеттің лентасын қиды. Мектепке екі интерактивті тақта сыйлады. Оның біреуі мұның алдында ашылған Рақымжан Қожанберлин атындағы шет тілдері кабинетіне берілді. Екіншісін математика сыныбы алды.  

         Мәдениет үйінде ауыл өнерпаздары мен Жаңаарқа ауданының әнші-күйшілерінің үлкен концертінің үстінде сөйлегендер майдангер ұстазды тебірене еске алды. Оның өмір жолы туралы Жезқазған телевидениесі түсірген фильм де аса тартымды шықты.

         Кештің соңынан ас беріліп, майдангер-ұстазға құран бағышталды. Ұстаздың әулетінен шыққан, бүгінде облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Қаскенұлы мен Жаңаарқа ауданының әкімі, Асекеңнің ұлы Юржан Бекқожиндар әкелеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

 

 

                                                                                        Ертай Жәнібеков

   баспасөз хатшысы


Количество посещений: 696


Наверх