print

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАЛҒАН МОНУМЕНТ ЖАҢАРТЫЛЫП АШЫЛДЫ

    Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған. тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек.

    Иә, сталиндік репрессия еліміздің бетке ұстар қаймаған сыпырып алып кетті, елім деп еңіреген асыл азаматтар жазықсыз жазаланды. Онымен қоса аштықтан қаншама азаматтар қырылды. Осыған қарап, қазақ  ұлтындай қайғы- қасірет шеккен халық жоқ шығар жер бетінде деп ойлайсың.

    Зобалаң жылдар құрбандарына кезінде сапасыз орнатылған ескерткіш уақыт өте қирағандықтан, орнына жаңа ескерткіш орнату қажеттігі туындаған, әрі ауыл ақсақалдары да ұсыныс айт-қан,  әрі ақпарат құралдарының мақалаларына тұздық болғаны да шындық еді.

    Сәуір айының басында жұмысына жаңа кіріскен аудан әкімі арнайы макетін жасатып, ауыл ақсақалдарына таныс-тырған болатын. Екі ай ішінде «Ассар KZ»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талапқа сай, көрікті етіп жасап шықты.

    30 тамыз күнгі ескерткіш монументтің ашылуы да шын мәнінде тағылымымен құнды болды. Олай дейтініміз алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында сонау тоқсаныншы жылдардың басында түсірілген деректі фильмнің көрсетілімімен басталуы. Сол жылдары жазушы Кәмел Жүністегінің бастамасымен ауданымыздың әр жерінде жазықсыз құрбан болғандардың жерленген орындары анықталып, зерттеле бастаған еді. Осы деректі фильмдегі сол жылдардағы зобалаңды нақты дәлелдер келтіре отырып айтқан азаматтардың көбісі бұл күнде арамызда жоқ. Кезінде уақыт оздырмай дер кезінде түсірілген фильм екені, әрі ауданымыз, жалпы еліміз үшін бұл құнды дүние, тарихи құжат деуге болады. Залда отырған көпшілік те  фильмді көріп, сол жылдардағы зобалаңды көзімен көріп, құрбан болған  жандар жайлы айтқан адамдардың сөзіне  куә болып, мол мағлұмат алды. Монумент-ескерткіштің  маңына жиналған жұртшылықтың қарасы да көп болды. Маңайы темір шарбақпен қоршалып, күннен қуат алатын шамдар орнатылған. Айнала орындықтар қойылған. Жалпы кішігірім саябаққа айналған десек қателеспейміз.

    Монументтің идеясы шынжырлан-ған екі қолдың күлдіреуіші ғана сын-ған қара шаңырақты құлатпай, білегімен қысып аман  алып қалған бейнені білдіреді. Ескерткіш тақтаға Маясар ақынның өлеңінен “Түтіні тұман бол-ған қайран елім, Бір үйден қыстау басы қалмады ғой”, деген екі жолы ойып, жазылған. 

    Міне, енді жаңа монументтің ашылуына да  куә болдық. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитінде жариялаған “Әлем. ХХІ ғасыр” манифесін және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында “Ақ орамал” республикалық акциясы, сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылып отыр-ған осы монументтің жабуын ашу рәсімін аудан әкімі М.Жандәулетов, “Ғасыр адамы” физика, математика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Темірғали Көкетаев, жазушы Кәмел Жүністегі, “Егемен Қазақстан” газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Қайрат Әбілдинов, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесі төрағасының орынбасары Медет Байтанасов, “Ақ тілек” қоғамдық қорының төрағасы, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Рая Төлегенқызы шығып, жасады.

    Аудан әкімі сөзін бүгін біз тарихымызды түгендеп, тағы бір үлкен шара, ата-баба рухына ескерткіш ашудың рәсіміне келіп тұрмыз, - деп бастады. 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезендердің бірі. Сол кезде Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Қазақ  сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтардың бірі. Сол жылдары кемі бір жарым миллион қазақ, ал біздің Шет ауданынан 40 мыңнан астам жерлестеріміз аштықтан ажал құшты. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Біздің тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз осындай нәубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Халықтың қасыретті сәттері әрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан да, біз ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатып отырмыз. Бұл, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың, оның ішінде өзіміздің жерлестеріміздің рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым, - деді. Сонымен қатар, өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, бізге адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауды міндеттейтінін, біз үшін ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және есте сақтау қасиетті парыз екенін айтып, еліміздің аспаны ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын, - деді аудан әкімі.

    Мұнан соң жазушы Кәмел Жүністегі, “Ғасыр адамы” профессор Темірғали Көкетаев сөз сөйлеп, бұл нәубеттің елімізге орасан зор апат әкелгенін айтты. Өткен ғасырдың басында Өзбек елінде бір жарым миллион адам болса, Қазақстанда алты жарым миллионға жуық адам болғандығын, оның ішінде ауданымызда 48 мың адамнан 5 мыңға жуық адам қалғанын нақты дәлелдер келтіре отырып айтып, осы монументтің қайта жаңғыртылып салынуын қолға алып, істі аяғына жеткізген аудан әкіміне, осы жұмыстарды сапалы әрі маңайын көрікті етіп жасаған  «Ассар KZ»  ЖШС-і жетекшісі Е.Исеновке  ризашылықтарын білдірді.

    Мұнан соң бас имам Берік қажы Алпысбайұлы құрбан болғандардың рухына құран бағыштады.


Количество посещений: 1395


Наверх