print

ДӘСТҮРЛІ ӘН ДӘРІПТЕЛІП, СӘКЕН БАБАМЫЗДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛҒАН АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ АУДАНЫМЫЗДА ӨТТІ!

...

Бүгін аудан орталығындағы мәдениет үйінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар» жылы аясында С.Сейфуллин бабамыздың 125 жылдық мерейтойына орай, ұйымдастырылған «Сұлу жырдың сұңқары – Сәкен» атты 1- ші республикалық дәстүрлі әншілер байқауы болып өтті. Байқауға еліміздің түкпір – түкпірінен Нұр – Сұлтан, Балхаш, Көкшетау, Шахтинск қалаларынан, Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Медеу, Қарасай, Шет аудандарынан, Жезді, Шашубай, С.Сейфуллин кенттерінен келген жалпы саны 17 күміс- көмей, жез таңдай дәстүрлі әншілер қатысты. Бірінен – бірі өтетін кіл жүйріктер бас қосқан байрақты бәсекеге Қ.Р - ның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Кемалов, көптеген халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері белгілі әнші Д.Әркенов, облыстық мәдени – сауық және халық шығармашылығының ғылыми – әдістемелік орталығының директоры К.Садвокасова, «Ұлағат» қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің төрағасы, күйші Е.Жәнібеков, белгілі әнші – компазитор, Сәкен әндерін орындаушы Б.Ноғаева әділқазылық етті. Байқау басталмас бұрын мәдениет үйінің кіре берісінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен баба тойына арналған «Рухани жаңғыру – ұлттық өнердің асыл мұрасы» атты ұлттық қолөнер бұйымдарынан қойылған көрме мен аудандық орталық кітапхана қызметкерлері дайындаған «Рухтың мекені – қазақтың Сәкені» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Осыдан кейін бірден сахна шымылдығы түріліп, аудандық халық театрының өнерпаздарының қатысуымен «Сәкеннің арманы» драмасының үзінді көрсетіліп, көптеген дәстүрлі ән байқауларының лауреаты Ануар Адамбаевтың орындауында Бота Ноғаеваның «Сәкен» атты әнінің алғаш тұсауы кесілді. Көңілдері ән әлеміне қалықтап, қара домбыраның күмбірлеген шанағы мен бүлкілдеген көмейден шыққан әуезді әнді асыға тосқан көрермендер мен сахнаға шығып қаз – қатар тізілген үміткерлерді аудан әкімі М.Жандәулетов баба тойымен құттықтап, барша өнерпазға сәттілік тілеп, ауданда дүбірлі той қарсаңында атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек ете кетті. Осыдан кейін жиылған қауым әп – сәтте әуелеген ән қанатына мініп, «Тау ішінде» аспандата шалықтаған, «Көкшетау», «Сыр сандық» болып қиялай қалықтаған, сырлы да нұрлы саздың құшағына енді де кетті. Бұл байқаудың басты ерекшелігі мен халыққа ұнаған тұсы сайысқа қатысушы үміткерлердің әнді дауыс көбейткішсіз (микрафон) айтқаны болды. Мұндай кеште уақыттың қалай өткенің бағамдай да алмай қаласын, бірінен – бірі асып түсетін даусыз дарындар бірден сайыстың шарты бойынша екі әнді орындап отырды. 1-сі Сәкен әндерінен, 2- сі халық әндерінен еркін тақырыпта орындау болды. Шын жүйріктен, кіл жүйрік анықталған ән жарыста қазылар алқасының шешімі бойынша Е.Мұстафин атындағы номинациямен (50 мың теңге ) Қытай халық республикасы Санжы облысынан - А.Қазытай, М.Жапақов атындағы номинация Нұр – Сұлтан қаласынан – Ж.Иманбай, Д.Сәдуақасов атындағы номинация Қарағанды қаласынан – Е.Садвакасова, ІІІ орын (100 мың теңге) Алматы облысы Қарасай ауданынан Н.Елемесов, ІІ орын (150 мың) Шет ауданынан – М.Осатаев, І орын (200мың) Көкшетау қаласынан Ш.Сәрсенбай, Бас жүлде (250 мың теңге) Нұр-Сұлтан қаласынан – Ж.Маясаров иеленді. Барша қатысушыларға аудан әкімдігінің диплом, грамоталары мен ақшалай сыйлық сертификаттары табысталды. Бізде ұлтымыздың ұлық ұлдарының бірі, барша Алаштың ортақ тұлғасы Сәкен бабамыздың әндерін әуелетіп, насихаттап жүрген жалынды жастарға алғысымызды білдіріп, өнер жолында сәт – сапар тілеп қайттық.


Количество посещений: 612


Наверх