print

«Сарыарқа-2019» спартакиадасы!

...

Шежірелі Шет ауданында ұлт қайраткері, ақын, жазушы С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған ХХІІ аудандық жазғы «Сарыарқа-2019» спартакиадасы өтті. Спартакиаданың салтанатты ашылуы аударыспақтан спорт шебері, аударыспақтан Қазақстан, І Азия чемпионы Н.Аманжолдың спартакиада алауын салатанатты түрде жағуынан басталды. Орталық алаңға жиылған көпшілік қауым еліміздің ән ұранымен сап түзеп, аудан әкімі М.Жандәулетов пен ардагер спортшы Е.Аманбаев ауыл-кенттерден келген спортшыларды құттықтап, облыстық сапртакиадада жүлделі орын алуларына ізгі тілектерін білдірді. Сонымен бірге аудан әкімі Халықаралық, Әлемдік байрақты бәсекелерде облысымыздың, ауданымыздың намысын қорғап жүрген спортшы жастарымыз самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем, Азия чемпионы, 2019 жылы Париж қаласында өткен самбодан алтын медаль иегері Б.Қанжанов пен пауэрлифтингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, 2019 жылы Токио қаласында пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатының алтын медаль иегері А.Қараманға және аударыспақтан спорт шебері, 2019 жылы Қызылорда қаласында жастар арасында өткен аударыспақтан Қазақстан чемпионы, Алматы қаласында өткен аударыспақтан І Азия чемпионатының алтын медаль иегері Н.Аманжолға қаржылай сыйлықтың сертификаттарын табыстады. Бұл күні әр ауыл кенттерден өз спортшыларына жанкүйер болып келген адамдар орталық стадионның көрермендер алаңына сыймады. Осынау көпшіліктің ыстық ықылас, қошеметімен салтанатты шара мәдени-сауық орталығының концертіне ұласып, «Чемпиондар», «Қазақ спорты», «Спорт, Спорт» әндері орындалды. Көтеріңкі көңіл күй сыйлаған әуезді әсем әндерден кейін спартакиада ашық деп жарияланып, спорт жарыстарына ұласты. Биылғы спартакиадаға аудан бойынша 24 команда қатысып, спорттың 15 түрінен бақ сынасты. Оның ішінде қазақ күресі, көкпар, атжарыс, аударыспақ, қол күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, асық ату сияқты ұлттық ойындарымыз айрықша атап өтуге тұрарлық. Кіл мықтыдан шын мықтыны анықтаған спартакиада қорытындысы бойынша командалық есепте Ақсу – Аюлы құрама командасы жүлделі І орынды иеленсе, ІІ орынға С.Сейфуллин кентінің құрама командасы қол жеткізіп, ІІІ орынға Ақжал кентінің командасы табан тіреді. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты да мерекелік шараға ұласып, жүлдегерлерге ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі арнайы кубок, медальдармен қоса алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Жүзден жүйрік шыққан спортшы жастарымызға алдағы мыңнан озықтар сайысқа түсетін облыстық спартакиадада сәттілік тілейміз!

 


Количество посещений: 100


Наверх