print

Ұлытау баурайында ІІ халықаралық "Жезкиік" этно - мәдени фестивалі айрықша жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті

...

Жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен үш жүздің басы қосылған тарихи атырап Ұлытау баурайында ІІ халықаралық "Жезкиік" этно - мәдени фестивалі айрықша жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Әлемнің бірнеше елінің және республикамызға танымал өнерпаздар бас қосқан айтулы шараға ауданымыздың атынан аудан әкімі М.Жандәулетов бастаған әкімдік қызметкерлері, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы, аудандық Білім, Спорт, Кәсіпкерлік, Ауылшаруашылық бөлімдері, аудандық мәдени - сауық орталығы, Ж.Ақылбаев мектеп - гимназия мен "Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерінен құралған топ арнайы барып қатысып қайтты. Ұлытау ауданының "Болатсай" өңірінде құрылған этноауылда сән – салтанаты жарасып, алыстан көз тартатын отыздан астам киіз үйлер, ұлттық салт – дәстүрімізді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған әр түрлі көрмелер мен ұлттық спорттық ойындар, жастар форумы осынау фестивалдің маңызын арттыра түскендей. Осынау қасиетті топыраққа қадам басып, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарда, ауыл жастары форумында жерлестеріміздің барлығы дерлік олжалы қайтты.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен барған спортшыларымыз ұлттық спорт түрлері бойынша «UlytauFest» этномәдени мұра фестивалі жарысында Шет ауданының құрама командасы спорттың 5 түрінен өткен жарыста жүлделі орындарға ие болды. Нақтырақ айтсақ, 2003 - 2005 ж. т. оқушылар арасында өткен асық атудан - 1 орын А.Бұғыбай 3 орын Н.Кәкен 18 жастан жоғары Арқан тартудан Каниев Е, А.Қапез, А.Бөлкенбаев, Б.Амандық, А.Тойбеков жүлделі 2 орын, Қазақ күресінен 2002 - 2003 ж.т. арасында 81 келі салмақта - 2 орын, Қ.Қадыров, 81 + келі салмақта 3 орын Н.Хамитов иеленді. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жастар делегация құрамы Халықаралық ауыл жастары форумына қатысты. Форум аясында жас кәсіпкер жерлестеріміз Олжатай Сая мен Серікбаев Алішер жыл сайын облыс әкімінің жастарға қолдау білдіру мақсатында берілетін грант сертификатына ие болды. Сонымен бірге, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуы мен дамуына қосқан үлесі үшін аудандық Ж.Ақылбаев атындағы мектеп – гимназиясының ұстазы Қ.Советов облыс әкімінің Алғыс хаты және бағалы сыйлығымен марапатталды. Осынау мәртебемізді көтеріп мерейімізді тасытқан маңызды шарада марапатқа ие болған барша жерлестерімізді құттықтаймыз. Халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, фольклорлық өнеріміздің баға жетпес байлығын әлемге танытуға оң ықпалын тигізетін осындай өнегелі де өрелі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін деп тілейміз.

 

 

 

 

 


Количество посещений: 142


Наверх