print

СПОРТ КЕШЕНІНЕ ЖАҢА ГАЗЕЛЬ АВТОКӨЛІГІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Бұқаралық спортты дамыту - бақытты болашақ кепілі. Себебі, спорт - ұлттың рухы және жарқын болашағы. Кейінгі жылдары ауданымыз бойынша спорт кешендерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен заманауи құрал - жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар көптеп атқарылуда. Кеше ауданымызға қарасты С.Сейфуллин атындағы кентте орналасқан спорт кешеніне жергілікті бюджет қаражатына алынған 16 орынды газель автокөлігі табыс етілді. Салтанатты шараға аудан әкімі М.Жандәулетов арнайы барып, жиылған спорт ардагерлері мен спортшы жастарға жылы лебізін білдіріп, көпшілік алдында спорт кешенінің директорына жаңа көліктің кілтін табыстады. Басты қуантарлығы берілген Газель автокөлігі алдағы уақыттарда кесте бойынша жақын маңдағы Батық, Ақой, Бұрма, Үңірек ауылдарындағы балаларды спорт кешеніндегі үйірмелерге таситын болады. Спортшы жастарды қуанышқа бөлеген шарада спорт ардагерлері ақ баталарын беріп, жалынды жастар аудан әкіміне риза пейілдерін білдірді. Қазіргі уақытта аталмыш спорт кешеніне қатынайтын жолға көтерме жол салу жұмыстары жүргізілуде, алдағы күз айларында жарықшамдар орнатылатын болады. Былтырғы жылы осындай 2 газель автокөлігі Ақадыр кенті мен Ақсу - Аюлы ауылындағы спорт мектептеріне сатып әперілген болатын. Алдағы уақытта да ауданымыздағы спорт саласын дамытуға арналған игі шаралар өз жалғасын таба беретініне сенімдіміз.

 


Количество посещений: 83


Наверх