print

Шет ауданында «1-маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні» жыл сайынғы дәстүрмен жоғары деңгейде аталып өтті

...

Шет ауданында «1-маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні» жыл сайынғы дәстүрмен жоғары деңгейде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйі алаңында жиналған балалардың санында шек болмады. Қайда бұрылсаң да естілетін балалардың шат күлкісі алаңды нұрға толтырып, ғажайып күйге бөледі.

Балғындарға арналған мерекелік іс - шара арнайы оқушылар қатарынан 6 топ яғни, 150 баланы қамтыған салтанатты шерумен басталды. Айтулы мерекеде аудан әкімі Марат Жандәулетұлы балаларды құттықтап, ауданның 2018-2019 оқу жылында спорт жарысынан, олимпиада және де т.б. жарыстардан республикалық, облыстық, аудандық деңгейде орын алған үздік оқушыларды бағалы сыйлықтармен марапаттап, 8 балаға жаңа үлгідегі спорттық велосипедті сыйға тартты. Бұл күннің балалар үшін басты қуанышы «Балмұздақ» акциясы болды. Аталмыш акция аясында 1000 – нан астам балмұздақ балаларға тегін таратылды. Мәдениет үйінің алаңында аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері «Жазғы кітапхана» акциясына орай балаларға арналған көркі көз тартарлық көрме ұйымдастырып, бүлдіршіндер өздері қалаған ертегі кітаптарға ие болды.
Осынау мерекелі күн «Балалар-біздің болашағымыз» атты мерекелік концерт пен балаларға арналған спорттық асық ату, секіртпе сияқты т.б көптеген қызғылықты ойындарға ұласты. Шынайы қуанып, шынайы күле білетін періште бөбектердің думанында қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалмады.

Мерекеге орай, аудан әкімі мүгедек балалар тәрбиелеп отырған 2 отбасының үйіне барып тәттілер толтырылған мерекелік себеттер мен бағалы сыйлықтарын тарту етті. Нақтырақ айтсақ 1 балаға кейінгі үлгідегі ұялы телефон тағы 1 балаға бағалы сыйлығымен қоса ем – домына көмек ретінде 100 мың теңге қаржылай ақша табыстады. Осындай мерекелік шаралар ауданға қарасты барлық елді-мекендерде жалғасын тапты.

 


Количество посещений: 121


Наверх