print

Облыс әкімі ауданымыздағы мектеп бітіруші түлектерге тілегін білдірді!

25 мамыр күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ауданымызға қарасты С. Сейфуллин кентіндегі Жарық ауылдық мектебіне келіп, биылғы жылғы мектеп бітіруші түлектерді мерекемен құттықтады. Биыл аталмыш мектепті 34 оқушы бітіріп отыр. Олардың үшеуі "Алтын белгіге" үміткер. Облыс әкімі Ерлан Қошанов «Бүгін мен сіздерді әр адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірімен құттықтау үшін арнайы келдім. Мен Қарағанды облысының барлық түлектерін мектеп бітіруімен құттықтағым келеді. Сіздердің алдарыңызда барлық жолдар ашылды. Мемлекет жастарға барлық мүмкіндіктерді жасауда. Оқуға гранттар бар. Дәл қазір алдарыңызда тұрған басты мәселе – «келешекте кім боламын?» деген сұраққа жауап іздеу. Менің ойымша, сіздер дұрыс таңдау жасап, өз жолдарыңызды таба аласыздар.» - деді. Сонымен бірге өңір басшысы мектеп ұжымына екі интерактивті тақтаның сертификатын сыйға тартып, түлектерге тәлім-тәрбие берген мұғалімдерге алғыс хат, педагогикалық еңбек ардагерлеріне – облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Бұл күні ауылда «Түлектер аллеясы» ашылып, он бірінші сынып оқушылары мектеп жанында ағаштар отырғызды. Жалпы Шет ауданы бойынша 52 білім ошағы бар. Барлығы 7079 бала білім алуда. Биылғы жылы аудан бойынша білім ошақтарынан 363 түлек оқуды аяқтап, үлкен өмірге жолдама алса, оның 252–сі Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысатын болады. Аудан бойынша мектеп бітіруші барлық түлектерді шын жүректен құттықтай отыра, болашақ өмірлеріне ақжол тілейміз!

                                         Шет ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Количество посещений: 735


Наверх