print

Ана – тіршіліктің тірегі

Шет ауданында «8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында аудандық мәдени – сауық ұйымдастыру орталығының бастамасымен және аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің қолдауымен мәдениет үйінің кіші залында «Ана – тіршіліктің тірегі» атты мерекелік кеш өтті. Кешке ауданымыздағы мәдениет саласының ардагерлері, аз қамтылған отбасылармен қоса, мүгедек баласына күтім жасап отырған аналар арнайы шақырылды. Түрлі – түсті шарлар іліп, гүлмен безендірілген мерекелік залға келген қонақтарды мәдениет үйінің өнерпаздары «Ана туралы жыр» әнімен қарсы алып, тәттілер мен дәмді тағамдар қойылған дастархандарға жайғастырды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин мерекелік кешке келген барша аналарды мейрамдарымен құттықтап, бүгінгі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қамқорлығының арқасында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен қуанышты жаңалықтарға тоқталып өтті.

Сонымен қатар мәдениет саласының ардагерлері Г.Жонкина, З.Құнанбаева, М.Медеуова, Т.Арысбекова, Г.Қасымова, Г. Ахметова және аз қамтылған, көпбалалы аналар А.Аманай Ж.Базарбаеваға, А.Сағындықова, А.Ашимова, Э.Зубарик, А.Акаева, Н. Каншева, Ж.Жүнісова, М.Шагирова, С.Ержанова, С.Сакеноваға мерекелік бағалы сыйлықтар табыстады.

Әуезді әнмен әрленіп, шуақты сөзге бөленген көрікті кеште мәдениет саласының ардагері сексеннен асқан ана Г. Жонкина бастаған барлық құрметті қонақтар ақ тілектерін ақтарып, өздері де әннен шашу шашты. Ұрпаққа үлгі болар осынау игі шараны ұйымдастырушылар ақ жаулықты аналардың керемет күйге бөленіп, көңілдерін көтеруге барлығын жүйелі жоспарлаған. Дастархан басындағы қонақтармен қызықты ойындар ойнатылып, бұлбұл дауысты дарынды әншілердің әуелі әніне ер азаматтар аналарды биге шақырып, ортада вальс биледі. Мерекелік кеш соңында аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Г. Ахметова, аудандық мәдени – сауық ұйымдастыру орталығының директоры Ә.Ахметжанова бүгінгі шараға келген барлық әйел қонақтарды мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да ауданымыздағы аналарға арналған игілігі мол, мейірімге толы іс – шаралардың жалғаса беретіндігін жылы лебіздерімен жеткізді.

                                                                                                 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

 


Количество посещений: 651


Наверх