print

Алғысқа бөленген берекелі күн!

                         Алғысқа бөленген берекелі күн!

Бүгін аудандық мәдениет үйінде «1 Наурыз - Алғыс айту күніне» арналған «Ұлт ұлысқа ортақ үй – Қазақстан» тақырыбында салтанатты кеш өтті. Кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің кіре берісінде аудандық С. Мұхамеджанов атындағы өнер мектебі оқушыларының қолынан шыққан зергерлік бұйымдарға көрме ұйымдастырылып, аудандық кітапхананың қызметкерлері дайындаған « Алғыс айту – асыл қасиет» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Кеш шымылдығы «Дастан» би тобының биімен ашылып, сахнаға аудан әкімінің орынбасары Әбілдин Азамат Азатұлы көтеріліп, барша қауымды бүгінгі мерекемен құттықтап, ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері С. Сейфуллин кентінің ұстазы Л. Г. Евстафьевнаға, Ақадыр кенті «Нұршуақ балабақшасының тәрбиешісі Р. Р. Азнабаеваға, Ақсу – Аюлы ауылдық округінің жұмыскері З.В. Вячеславичқа аудан әкімінің атынан «Алғыс хат» табыстады. Сонымен қатар марапат иелеріне құттықтау сөз беріліп, З.В. Вячеславичтың орындауындағы «Қазағым» әні көрермен қауымның ризашылығына ие болды. Кеш барысында мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған «Қазақ деген дана да, дара халық» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп, мәдениет үйінің әншілерінің орындауында әсем әндер шырқалды. Және де кішкентай құлыншақтар ата – аналарыңа, Ы. Алтынсарин мектебінің оқушылары ұстаздар қауымына өз алғыстарын өрнекті өлеңмен, әдемі әнмен жеткізе білді. Алғыс пен ризашылыққа толы кеште, ауыл ақсақалы Кенжебай Егінбай ауданымыздағы ақ халатты абзал жандарға алғысын білдіріп, ыстық ықыласын жолдады. Әуелеген ән мен қошеметті сөзге бөленіп, бірлік пен ізгіліктің туын жоғары ұстаған бауырлас жұртқа куә болған ағайын, осынау мейірімге тұнған мерекелік кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдіре тарасты.

                                                                                                           Аудан әкімінің баспасөз қызметі.


Количество посещений: 669


Наверх