print

ШАҒЫН АУЫЛДА ЖАҢА МЕШІТ

    Күллі мадақ әлемдерді жаратқан Алла Тағалаға болсын!                                            

    Адамзат баласына екі дүние бақытын көрсеткен ардақты елші Мұхаммед Мұстафа ( с.ғ.с) сансыз салауаттар болсын!

    Бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра немесе өшпес із қалдырып кетсем деп армандайды. Оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр.

    Мешіт - мұсылманның жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, жанына жара салған хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үй. Ал мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін тәрбие ордасы.

    Жуырда Шопа ауылында жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне берілді. Ислам тарихында мешіт салу барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Мешіт қасиетті жұма күні «Хазіреті Әлі» мешітіне жиналған жамағаттың Аллаһ разылығы үшін берген садақасымен, ауыл жамағатының ұсынысымен, Берік Нұрфазылұлының қолдауымен салынды.

    Мешіттің ашылу салтанатын Астана қаласының Л.Н. Гумалиев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты, Абайтанушы Омар Жәлелұлы жүргізіп, “Хазіреті Әлі” мешітінен келген қари Әбдіжаппар ұстаз құран оқып, дұға қылды.

    Діни басқарманың Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожаұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауылымыздан данышпан, ғұлама ғалымдар шықсын деген ізгі тілегін білдірсе, Шет ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ақымжанов, Нұраталды ауылдық округінің әкімі Сағынбай Ахымбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Т.Есенқұлов өздерінің ыстық лебіздерін білдірді.

    Мешітті Діни басқарманың Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожаұлы салтанатты түрде ашқаннан кейін, барша жамағат мешітке кіріп бесін намазын оқыды. Арнайы тігілген кигіз үйлерде дастархан жайылып, Омар Жәлелұлы ағамыз қара сөздер мен уағыз, насихаттар айтып, жұртшылықтың ризалығына бөленді. Үлкен астан кейін спорттық ойындарға да кезек берілді. Арқан тартыс, қол күресі, кір тасын көтеру және қазақ күресінен жарыстар өтіп, жүлделі орындарға ие болған спортшылар мараппатталды.

 

Әділжан УАЙСҰЛЫ,

Шопа бастауыш мектебінің директоры.

Нұраталды ауылдық округі.


Количество посещений: 2398


Наверх