print

Қос бағдарлама аясында қарқынды іс атқарылуда!

...

Денсаулық – ұлт байлығы. Адам баласы үшін қастерлі қазына саналатын денсаулық сақтау саласын дамыту елімізде алдыңғы орынға қойылған. Мемлекет тарапынан жыл сайын әр түрлі жүйелі жобалар бен ауқымды бағдарламалар арқылы осы салаға бөлінген қаржы көлемі де ұлғайып келеді.

Шет ауданының орталығы Ақсу – Аюлы ауылдық округінде «Ауыл ел – бесігі» жобасы мен «Жол картасы 2020 -2021» бағдарламасы шеңберінде аудан орталығы Ақсу – Аюлы ауылындағы орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген орталық аурухананы қайта жаңғыртудың орайы биыл келіп, қажетті жөндеу жұмыстары аталмыш жоба мен «Жол картасы 2020 -2021» бағдарламасы аясында іске аспақ. Аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге жалпы соммасы - 525,0 млн.теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша 473,0 млн.теңгеге ПК «АСПАП» ұтып алған. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында 25 жұмыс орны құрылып, 13 адам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілетін болады. Біз ел игілігіне арналып жасалып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп, жұмысқа жауапты басшылықпен жүздескен едік.

Акеев Төлеухан – ПК «Аспап» фирмасының учаске бастығы:

-        Шет аудандық орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді ағымдағы жылдың сәуір айынан бастаған болатынбыз. Жұмысқа 94 адам, мен 5 техника жұмылдырылған. Оның ішінде жергілікті аудан тұрғындары да бар. Бүгінгі күні жұмыс қарқынды жүргізілуде.

-        Жұмысты толықтай қай уақытта аяқтау жоспарда бар?

-        Бұл фирма 30 жылға таяу еліміздің түкпір – түкпірінде ірі құрылыстар жүргізіп келеді. Барлық күш жеткілікті. Тек жоба 2 жылға қарастырылған. Биылға 200 млн теңгесі аударылды. Қалған қаржысы толықтай аударылып берілсе жұмысты жыл соңына дейін аяқтап бере аламыз.

-        Жергілікті тұрғындардан әлі де жұмыскер аласыздарма?

-        Бізге жұмыс істейтін адамның қай жердікі болуы маңызды емес. Бастысы қолынан нақты іс келетін адам болса, жұмысқа бірден аламыз.

         А.Аманжолов – аудандық орталық аурухана директоры:

      - Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу дәрігерлеріміз бен барша тұрғындарымыздың көптен күтіп жүрген мәселесі болатын.Бұл жалпы халықтың игілігіне арналған игі іс деп білемін. Бүгінгі күні еліміздегі барлық аурухана арнайы санитарлық ереже мен нормаларға сәйкес болуы тиіс. Күрделі жөндеудің арқасында осы талаптар орындалып, дәрігерлеріміз бен емделушілерімізге қолайлы жағдай жасалынатын болады. Осыған дейін бізде лифт болмаған. Біз осы мәселені шешу жолдарын қарастырудамыз.

Расымен де басты байлық - денсаулық десек, сол асыл қазынамызды көздің қарашығындай қорғап, сырқатпен күресу жолында жан – тәнімен еңбек ететін ақ халатты абзал жандарға жағдай жасалуы тиіс. Алдағы уақытта қос жобаның қолдауымен атқарылып жатқан ауқымды жұмыс өзінің оң нәтижесін береді деп сенеміз.

                                 Шет ауданы әкімінің баспасөз қызметі


Количество посещений: 396


Наверх