print

Киіктіде көп жаңалық

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Киікті ауылының маңайы кен көздеріне бай. Өткен ғасырдың орта кезінде өз басынан әк тас, қиыршық тастар өндірілген, олар сол жерден теміржолмен жан-жаққа тасылған.

        Киік стансасы вольфрамның баға жетпес қоры бар Жамбыл кенішіне қызмет еткен, байытылған кен қоспасын составтарға осында тиеген. 1970-ші жылдарға дейін Ұзынжал кеніші жұмыс істеп тұрды. Түрлі себептермен жұмысы тоқтаған Ұзынжал кенішін биыл қайта жүргізу қолға алына бастады.

        Бұл тұрғыда өтіп бара жатқан 2018 жыл жемісті жыл болды.

        Сирек және түсті металдарға бай кенорнында Қазақстандық “ҚазЦинк” ұлттық компаниясының “Орал Электро Сервис” ЖШС-і барлау жұмыстарын жүргізе бастады. Осы серіктестіктің тапсырмасымен Киіктіден Ұзынжалға дейін 21,5 шақырым көтерме жол салынып жатыр. Жоспар бойынша ол жуырда бітпек. Бұл жерде игерілмек қаржы көлемі 270 млн. теңгені құрайды. Ал кен орнындағы барлық жұмыстарды мердігерлік кәсіпорындар атқаруда. Жұмыскерлер вахталық әдіспен еңбек етеді.

Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бірінші кезектегі мәселе болғандықтан “ОралЭлектроСервис” серіктестігі мердігерлерге соларды жұмысқа алуды талап етіп қойды. Нәтижесінде ауылдың 30 адамы жұмысқа тартылды.

Аудан әкімдігі мен “ОЭС” серіктестігі арасында жасалған меморандум аясында Ақшағыл разъезінен Киік ауылына дейін баратын 16 шақырымдық көтерме жол салынып пайдалануға берілді. Құрылыс құны 50 млн. теңге. Ауыл тұрғындарының көп жылдан бері қойып келе жатқан өтініші орындалды, Киіктен Ағадырға дейін тікелей апаратын жол ашылды.

Болашақта қайта іске қосылатын Ұзынжал кеніші үшін Киікті стансасында бөлек, жалпы ұзындығы 3200 метр болатын кірме теміржол мен теміржол тұйығы барлық инфрақұрылымымен іске қосылды. Мұнда теміржол таразысы, оператор нысаны, кен түсіріп-арту алаңы, жарық, дыбыс беру құрылғылары бар. Құрылысқа кеткен қаражат көлемі 450 млн. теңгені құраған.

        Осы теміржол тұйығын ашу салтанатына “ОЭС” серіктестігі директорының орынбасары Ерлан Торыбаев, мердігер кәсіпорын “Абылай КZ” ЖШС-нің директоры Рашид Омаров, Киікті, Босаға ауыл округтері әкімдері Қазыбек Рахметов, Әбдірашид Мұқашевтар қатысып құттықтау сөз сөйледі, ауыл ақсақалдарына сый-сияпат жасады.

        Өз сөздерінде кәсіпорындар басшылары ауылдың көркеюіне атсалысып, әлеуметтік көмектерін көрсете беретінін мәлімдеді.

 

 

Ертай Жәнібеков,

аудан әкімінің

баспасөз хатшысы


Келулердің саны: 457


Жоғары