print

«Шортанбай жырау мұрасы – ел қазынасы»

...

2018 жылдың 17 сәуірінде сағат 11:00-де Шет аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде қазақ әдебиеті тарихындағы танымал тұлға, зар заман ағымының көрнекті өкілі, Шежірелі Шет ауданыңда ғұмыр кешкен ақын – жырау Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған  «Шортанбай жырау мұрасы – ел қазынасы» атты аудандық оқырмандар конференциясы өткізілді.

Конференцияға  ауыл ақсақалдары, тіл мамандары мен мектеп ұстаздары, барша аудан көлеміндегі кітапханашылар және де колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Конференцияның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Әбілдин Азамат Азатұлы құттықтау сөз сөйлеп, Шортанбай Қанайұлының 200 жылдық мерейтойы аясында атқарылып жатқан  жұмыстармен алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып өтіп, конференция жұмыстарына сәттілік тіледі.

  

Конференция барысында белгілі жазушы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, өлкетанушы Кәмел Жүністегі «Шортанбай жырау мұрасындағы ұлттық идея», «Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназиясының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Бану Түсіпханова «Шортанбай шығармасын оқушыларға оқыту арқылы рухани және париоттық тәрбие беру», Ақадыр кентінен Мұқашева Бақытгүл «Шортанбай жырау шығармаларындағы көнерген сөздердің қолданылуы», Қызылқой ауылынан Сауғабекова Айгүл «Шортанбай өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуал»,аудандық орталық кітапханадан  Құнанбаева Маржан «Зар заман ақындарының шығармаларындағы рухани үңдестік», Ортау ауылынан Тайжанова Бекзат «Арқаның ардақтысы, жыраудың салмақтысы» тақырыптарында дайындаған баяндамаларын көпшілік назарына ұсынып, келген қонақтарды Шортанбай жырау туралы зерделі зерттеулерімен таныстырды. Сондай – ақ Нұраталды ауылының Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Терликова Шынар  Шортанбай жыраудың «Зар заман» толғауынан үзінді оқып, Ақадыр кентінен конференцияға арнайы келген ақын Қойшыбаева Тамаша «Бабаға арнау» өлеңін тарту етіп,  жырдан шашу шашты.

Конференция соңында аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің КММ директоры М.Нұрпейісова барша қатысушылар мен көрермен қауымға өз алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта конференцияға ұсынылған баяндама жұмыстарын жинақтап кітапша шығарылатының хабарлады. Сонымен қатар конференцияға  баяндама дайындаған және  ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге белсене атсалысқан азаматтарға Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетұлының  атынан  «Алғыс хат» табыстады.

Сөз соңында ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы мен Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына орай құрылған апталық іс-шаралар жоспарының аясында Шортанбай жырау мұрасы ауданымыздың барлық өңірлерінде кеңінен насихатталу, бүгінгі өткізілген оқырмандар конференциясы көшпелі іс-шара ретінде ауылдық елді-мекендерде өткізілу керектігі міндеттелді.

Бұл конференция «Шортанбай жыраудың 200 жылдық мерейтойына» арналған  алдағы уақытта өтілетін іс-шаралардың игі бастамасы. Адам жанына рухани азық болатын, құнды қазынасы ұрпаққа үлгі  болар  асыл мұра саналатын осындай іс-шаралар өз жалғасын таба бермек.


Келулердің саны: 1018


Жоғары