print

Талды ауылдық округі әкімінің есеп беруі

Құрметті Марат Жандәулетұлы!

Құрметті жиынға қатысушылар!

       Өткен 2017 жыл Елімізде атаулы оқиғаларға толы болды. Атап айтсақ, Астана қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО -2017» көрмесі Қазақстан елін әлемге әйгілі етті. Алматы қаласында өткен Универсиада. Сонымен қатар өз ауылымызда  Қазақ даласынан алғаш табылған дала пирамидасы – «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ерекше бөлшегі  яғни, кейінгі қола дәуіріне жататын қорғандардың ішіндегі шоқтығы биігі, 14-13-ші ғасырларға тән қорым пирамидалық үлгіде салынған қорым табылды.   

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №615 Жарлығын орындау мақсатында 2017 жылы  атқарған жұмыстар жайлы есебімді назарларыңызға ұсынамын. 2017 жылғы қаңтардағы есептік жиында жергілікті тұрғындардың ұсыныс пікірлеріне, өтініштеріне жауап берілді.

1.Маукишева Қарашаш- ауыл тұрғыны, әйелдер кеңесінің төрайымы:

 - Шағын орталықтың су жылытқышы істемейді.

Шағын орталықтың су жылытқышы жөнделіп бүгінгі таңда іске қосылып тұр..

2. Аюпова Қымбат -ауыл тұрғыны, мәдениет үйінің еден жуушысы:

     -Мен Мәдениет үйінде 2013 жылдан бастап еден жуушысы болып жұмыс істеймін. Өз мамандығым дәстүрлі әндер бойынша мұғаліммін. Мамандығым бойынша Мәдениет үйіне жұмысқа тұрсам деп едім.

         Қазан айында Талды мәдениет үйіне концертмейстер болып жұмысқа қабылданды.

3. Берекетті ауылының тұрғындары:  

-  Берекетті ауылында судың, тоқтың, жолдың мәселелері қашан шешілмек.

Берекетті елді мекенінде тоқ жүйесі, су жүйесі жұмыс істеп тұр. Жолды қалыпты ұстап тұруға бюджеттен қыс, көктем айларында 665,0 мың теңге қаржы бөлінген болатын.

Жәшікке келіп түскен ұсыныс хаттар

  1. Мектепке спорттық құралдар берілсе?

     -  Талды жалпы орта білім беру мектебіне Шет аудандық білім бөлімінен           1 үстел теннисі берілді. Мектеп түлектері 1 баскетбол және 1 футбол добын сыйға тартты.

2. Ауылда қаңғыбас қабаған иттер өте көп соларды аулап, жойсаңыздар

- Округ бойынша 60 бас қаңғыбас иттер жойылды. Бірақ әлі де үй жануарын ұстау тәртібі орындалмауда.

 

Талды ауылдық округі экономикалық даму үрдісінің басымшылығы ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы және егін шаруашылығы. Талды ауылдық округі бойынша 3 елді мекен бар. Халық саны 1035 адам. 43 шаруа қожалығы, 1 «Талды» ЖШС, Талды орта мектебі, Берекеттіде бастауыш мектеп, ФАП жұмыс істейді.

2017 жылдың 31 қаңтарында  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы –бұл жаңғыру –қазіргі жаһандықсын қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, Қазақстан -2050 стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам базасында өткізіледі.Бұл жолдаудың бес негізіг басымдығымен ерекшеленбек. Бірінші басымдық экномиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Екінші басымдық –бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, үшінші басымдық – макроэкномикалық тұрақтылық, төртінші басымдық –адами капитал сапасын жақсарту, бесінші басымдық-институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке, және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.  Осы аталған бес басымдық бағытта жұмыстар атқарылса еліміздің бәсекег қабілетті алып елдер қатарына өтері сөзсіз. Елбасымыздың сындарлы саясатын қолдап, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына әрқайсымыз үлес қосып еңбек етуге тиіспіз.

 Елді мекендер бойынша жүзеге асырылып жатқан және іске қосылатын инвестициялық жобалар:

-                     «Ақбұлақ» шаруа қожалығының  жетекшісі Азаматов В. 2 млн  800 мың теңгеге рулондық прес  лизингке алды.

-                     Ауыл тұрғыны «Талды-Нұр» АӨК мүшесі Тусупов Ж. өз қаражатына мал сою алаңын ашты.

-                     Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Тусупбек Г. өз қаражатымен ауыл ішінен «Гүлсім» кафесін ашты.

Елді мекенде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту барысында «Талды –Нұр» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып 38 отбасы мүшелікке кіріп, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алып «Береке» бағдарламасы бойынша 385 бас ірі қара малын сатып алды. Жеке кәсіпкер Абдикеров Бауыржан азық- түлік дүкенін ашты.

Ауылдық округке бөлінген қаржының игерілуі:

Көшенің жарығын қалыпты ұстау үшін 150,0 мың теңге және ауыл көшелеріне қосымша жарық нүктелерін орнатуға КСН есебінен 400 мың теңге,  қыс айларында Берекетті, Талды елді мекендерінің көше жолдарын тазартуға 1220,0 мың теңге, оның ішінде қардың шамадан тыс көп түсуіне байланысты КСН есебінен 220 мың теңге қаржы бөлінді.  Көктемгі су тасқынын алдын алуға яғни Талды өзенінің арнасын бұруға 1 млн теңге, Орталық су құбырының тоғын ауыстыруға 1,5 млн теңге қаржы жұмсалды, оның ішінде 700 мың теңге КСН есебінен. Сонымен қатар әкім аппаратының іщкі жұмыстарына электрондық құжат айналымы және «Е-халық» бағдарламасына 500 мың теңге қаржы бөлінді. КСН есебінен бөлінге 100 мың теңге қаржы ауылымыздағы мүмкіндігі шектеулі балаларғажаңа жылдық сыйлық алуға жұмсалды. 400 мың теңге қаржы округтегі учаскелік инпсектор кабинетіне жиһаздар мен компьютерлік жабдықтарды алуға жұмсалды. Бөлінген қаржылар толық игерілді.

Округ бойынша мүлік, жер, көлік салығы толық төленді. 2017 жылы Салық заңдарына өзгеріс енгізілгендіктен жер, мүлік салықтары жиналмады. Көлік салығы - 700 мың теңге.

 Мал басы жылдан жылға өсу үстінде. Ірі қара 3040, қой, ешкі 7588,  жылқы 1855 жетті. Ірі қараны бордақылауға және  асылдандыру мақсатында шаруа қожалықтары 2 млн тенге және Талды –Нұр» АӨК несие алып мал басын өсірсе,  17 шаруа қожалығы және «Талды-Нұр» АӨК мүшесі Омарбеков А. барлығы асыл тұқымды 36 бұқа алды.

13 шаруа қожалығы үкіметтен 17,0 млн тенге субсидия алып мал азығын артығымен дайындап алды. Егін шаруашылығымен 6 шаруа қожалығы мен «Талды» ЖШС  1671 га егін егіп, орташа өнімі гектарына 12,5 цн өнім алды. Үкіметтен бөлінген арзандатылған жанар-жағар май егін себуге және оруға толығымен алынды.  Мал шаруашылығы бойынша аурудың алдын алу үшін тегін қан алынып бруцеллезге және қарасанға қарсы екпе егілді. Мал бастары тегіс сырғаланып, компьютерлік базаға енгізілді. Әзірше осы атқарылған шаралардың арқасында жұқпалы мал ауруы болған жоқ. Жаз айларында ветстанциядан бригада келіп қора-жайларға  дезинфекция жасап кетті. Аурудың шықпауы әр тұрғын, әр шаруа қожалығы мал көнімдерін өз күштерімен тазалады. Ірі қара мал Талды ауылында келісім шартпен екі табын бағылады.Малшылар 4 адам. Орташа еңбекақысы 65/70 мың теңге. Бойдақ ірі қараны Жаңа-Жұрт елді мекенінде 1 табын бақташы екі адам. Мал басына 1000 теңге. Жылқыны 4 адам келісім шартпен бағады, мал басына 1000 теңге. Орташа жалақы 65 мың теңге. Қой ешкі малдарын халық өзі кезекпен бағады.

Санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру іс шаралары бойынша атқарылған және атқарылатын  жұмыстар:

Биылғы  жылда қардың мөлшерден көп түсуіне байланысты ауыл ішіндегі жол бойындағы, көшелердегі су ағарлар тазартылды. Ауыл тұрғындары, мекемелер шатырлардың қарын уақытында тазалап отырды. Су тасқынының алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына ескерту жадынамалар таратылды. Ауыл жастар ұйымының ұйымдастыруымен жастар мешіттің маңын тазалап, су ағарын тазартты. Ақпан айында Шеттен  екі погрузчик шақыртылды, ауыл тұрғындары үй маңдарын қардан тазартып алды. Су тасқының алдын алу мақсатында комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары жасалды. Көше бойына жауапты адамдар бекітілді. Су тасқынының алдын алу мақсатында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Қар кетісімен ауылда тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауыл ішінен ауыл тұрғындарының өз күштерімен үй маңдарын тазартып,  4175 тн күл қоқыс шығарылды. Тұрғындар үй маңдарына 0,5га жерге көкөніс егіп,1,5га жерге картоп салды.        Мекемелердің маңын тазартып 35 түп ағаш, гүл егілді. Мекемелердің қоршаулары әктеліп, сырланды. Ауыл тұрғындарымен жиын өткізілді, үйлерін әктеп, қоршауларын жөндеді, келісім-шарт жасалды. Ауылға кіреберістегі 12 баннер көрнекілік жарнамаларды жаңарттық.

Округ бойынша аз қамтылған отбасыларға

 «Өрлеу» бағдарламасы бойынша Ж.Макишеваға мал сатып алуға 97,0 мың теңге қаржылай көмек берілді.

Жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Талды ауылында әлеуметтік нысандарда жүргізілген жөндеу жұмыстарына 15 адам жұмыспен қамтылды. Орташа еңбекақы 40 мың теңгені құрады. Талды орта мектебіне 7 адам жұмысқа қабылданса, Шет ауданы жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 адам, Мәдениет үйіне 3 адам, ФАП-қа 1 медбике, кітапханаға 1-адам жұмысқа қабылданды

Білім және спортты жетілдіру бағытында Талды орта мектебінің материалдық –техникалық базасы үнемі  жаңартылып отырады. Мектеп оқу жабдықтары жылдан жылға жақсаруда. Өткен жылы мектептің шағын орталық  орналасқан қанатының шатыры жөндеуден өткізілді.  Мектеп денешынықтыру ұстаздары жас балаларды күрес, волейбол, баскетбол, үстел теннисі ойындарына қосымша секция ұйымдастыруда. Спортты дамыту мақсатында аудан көлеміндегі спартакиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болуда.

         Денсаулықты сақтау мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда округке «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында автопоезд келіп, ауыл тұрғындары білікті мамандарға қаралып, тиісінше кеңестерін алып, емделу мекемелеріне жолдама алып отырады.

         Жанұялық амбулаторияда  5 медбике халыққа қызмет көрсетеді. 

         Діни бірлестіктермен тығыз қарым қатынаста жастар арасында тәрбиелік жұмыстар атқарылуда. Жылда Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналған, ауылымызды белгілі ақыны Дидар Қамиев айтыскер ақындарды ауылға шақырып, тұрғындар осы мерекеге белсене ат салысады. Мектеп, мекеме қызметкерлері, зиялы қауым газет журналдарға үнемі жазылып отырады.

Мамыр айында жеке кәсіпкер Тусупбек Гүлсім демеушілігімен аудандық футболдан ашық біріншілік өткізілді. Осы айда Талды жалпы орта білім беру мектебінде аудан көлемінде мұғалімдер арасында  дәстүрлі үстел теннисінен жарыс өтті.

Маусым айында «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай  Талды ауылы әкімінің кубогына  волейболдан аудандық ашық біріншілік өткізілді.

8 наурыз мерекесінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен аз қамтылған отбасыларына дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Нәзік жандыларға арнайы сыйлықтар беріліп, ақсақалдар алқасының төрағасы және әйелдер кеңесінің төрайымы атаулы мерекемен құттықтап жылы лебіздерін білдірді.

         22 наурыз ауылда дәстүрлі көшелер сайысы ұйымдастырылып, ұлттық салт дәстүрімізді насихаттауда үлкен іс шаралар жасалады.1 мамыр-бірлік күні, 7-Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекелері мәдениет үйімен бірлесе өткізіледі.  1 маусым балаларды қорғау күні мектеп қабырғасына ауылымыздың кәсіпкері Касенбекова Ләззаттың демеушілігімен өткізілген болатын. 6 шілде Астана күні, 30 тамыз  Ата заңымыз – Конституция күні,               1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні және 16 желтоқсан Тәуелсіздігі күні жылдағы дәстүр бойынша аталып отырады. Ауылымыздағы мүмкіндігі шектеулі  4 балаға жаңа жыл мерекесіне орай велосипед  сыйға тартылды. Осы мәдени шаралар шығыны ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалық жетекшілерінің демеушілігімен атқарылады. Айта кету керек еліміздің Астанасында өткен халықаралық «Экспо-2017» көрмесін ауылымыздан 40 адам тамашалап қайтты.

Ауылымыздың мәдени-іс шаралары бойынша аудандық творчестволық есеп беруде округіміз жүлделі екінші орынды иеленді.

2018 жылы атқарылатын жұмыстар:

1. Саябақтың құжаты дайын, ауыл тұрғындарының демалыс орнын ашу;

2. Орталық көшелер жолдарын асфальттау

3. Тұрмыстық қатты қалдық полигонын салу;

4. Мал көмімін салу

5. Спорт алаңын спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету;

 

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 


Келулердің саны: 1860


Жоғары