print

Төменгі Қайрақты ауылдық округі әкімінің есеп беруі

Құрметті  Марат Жандәулетұлы!

Құрметті ауыл тұрғындары!

 

  Мемлекеттік  басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулердін өткізу туралы»2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес  2017 жылда атқарылған жұмыстар бойынша есебімді назарларыңызға ұсынамын. Біз бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 14 желтоқсан 2012 жылғы «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында  айтылған негізгі 7 бағыт бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыру бағытында жұмыс атқарылуда.

 Төменгі Қайрақты ауылдық округіне Төменгі және Жоғарғы Қайрақты ауылдары кіреді. Халық саны 757, оның ішінде Төменгі Қайрақты ауылында 681, Жоғарғы Қайрақты ауылында 76 адам. Халықтың экономикалық белсенділігі 386  адамды құрайды. Әр салада жұмыс істейтіндер 358 адам, оның ішінде вахталық жұмыста 110 адам, өзін-өзі  жұмыспен қамтығандар 49, білім беру саласында 32 адам жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындары «Шұбаркөл», «Солтүстік Қатпар», «Бапы-Майнинг», «Қамыс мола» т.б. кәсіпорындарда көп жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 Округ бойынша мектеп, кітапхана, мәдениет үйі, фельдшерлік пункт, «Қазпошта» бөлімшесі, учаскелік полиция инспекторы, вет-станция бөлімшесі тұрақты жұмыс істеп тұр.

 Осыдан бір жыл бұрын есеп беру кездесуінде түскен сұрақ пен өтініштер бойынша мәселелер қарастырылып, қолдан келген шаралар қабылданды. Бірінші сұрақ бойынша Жоғарғы Қайрақты ауылының жолдарын қардан тазалау жөнінде «Айбек» шаруа қожалығының жетекшісі М.Серикбаевпен келісім-шарт жасалынып, жолдар қыс айларында қардан тазартылып отырды. Бүгінгі таңда «Айбек» шаруа қожалығының жетекшісі М.Серикбаевпен келісім жасалынып, жол қардан уақытылы тазартылуда.

Төменгі Қайрақты ауыл тұрғындарынан келесі сұрақтар түскен еді.

  1. Округке қарасты фельдшерлік пункт ғимаратына жөндеу

жұмыстарын жүргізу. Бұл мәселе бойынша жөндеу жұмыстарына кететін сметалық шығын есептеліп, екі жыл қатарынан сұраныс жасалуда. 2018 жылға жөндеу жұмыстары жоспарлануда.

2. Ауыл ішіндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізу. Ауыл ішіндегі жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттары әзірленіп, Шет ауданының тұрғын үй   коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне  тапсырылды.2018 жылға қаржы қарастырылса жолдарға жөндеу  жұмыстары жүргізіледі.                                                            

3. Тоқ бағаналарын ауыстырып, жөндеу туралы. Бұл сұрақ аясында қазіргі таңда электр желілерін әкім аппаратының балансына алу жұмыстары жүргізілді. Сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс жарияланды. Құжаттар рәсімделіп толықтай сенімгерлік басқаруға берілген соң, жұмыстар жүргізіледі.

4. Төменгі Қайрақты ауылын «Ақбұлақ» ауыз су бағдарламасына енгізу. «Ақбұлақ» бағдарламасына Төменгі Қайрақты ауылы 2019 жылы енгізіледі.

5. Байлаусыз бос жүрген иттерді ату жұмыстары жүргізу. Байлаусыз бос жүрген қаңғыбас иттерді атуға аудандық ветеринария бөліміне сұраныс жасалып, ит ату жұмыстары жүргізілді.

Округ бойынша санитарлық тазалық сақтау жөнінде әр үйдің иесімен келісім-шарт жасалынып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктем-күз мезгілдерінде тазалық айлықтарында әр аптада «Таза бейсенбі» және облыстық тазалық күндері өткізілді.

 Көктемгі тазалық айлығы кезінде «Айбек» шаруа қожалығының жетекшісі М.Серикбаевпен тазалық бойынша жұмыстар жүргізіліп, Камаздың 1 рейсі 3 000 теңгеден бағасы қойылып, меморандумға отырылды. Ауыл тұрғындарымен үйінің маңайында жатқан күл-қоқысты шығару және тазалықты сақтау туралы әр үймен келісім-шарт жасалды.

Округ тұрғындарының жеке меншік малдың бағылымын ұйымдастыру мақсатында тұрғындармен жиналыс өткізіліп, жиналыс шешімімен жауапты комиссия сайланып, заңдарға негізделген келісім-шарт жасалынды. Төменгі Қайрақты ауылы бойынша екі табын ірі қара мал бар. 3 табын қой бағылымы кезекпен бағылады. Бір табын жылқы бағылымы нақты жолға қойылған.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2017 жылға бағдарлама әзірленіп, аппарат қызметкерлерінің біліктілігін және құқықтық білімін көтеру мақсатында «Ұйымдасқан жемқорлықпен күрес туралы» арнайы сабақтар және дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілді. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратқа дер кезінде тосқауыл қою үшін «сенім телефоны» үздіксіз жұмыс істейді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл» Заңына сәйкес әкім аппараты азаматтардан ауызша және жазбаша түскен шағымдары уақытылы қаралып, тиісті іс шаралар жасалынды.

  Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектепте ашық сабақтар, ауыл жастар арасында жиналыстар үнемі өткізіліп тұрады. Мектепте осы тақырып бойынша ашық тәрбие сағаттары және жиналыстар өткізілуде.              Кешкі сағат 20.00 кейін 18 жасқа толмаған балаларды ата-анасыз жүрмеуі қатаң қадағалануда. 21 жасқа толмаған жас жеткіншектерге алкагольдік сусындар мен темекі өнімдерін сатылмауын қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

   Округте жұмыссыздықты болдырмау бағыты бойынша аудандық жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған  6 (алты) адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 1 жас маман ағылшын пәнінің мұғалімі Аманова Аяулым «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде Хасен Сәрінжіпұлы атындағы мектепке жұмысқа қабылданды. Көктем-күз айларында 3 айлық кезеңмен жұмыссыздар есебінде тұрған 25 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 8 млн теңге қаржы бөлініп, бөлінген қаржыға мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша конкурс өткізіліп, нәтижесінде Қарағандылық «Толағай» ЖШС-гімен келісім – шарт жасалып, 60 электр үнемдегіш көше жарығы орнатылды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы келісм – шарт жасалып, жұмыссыз 5 адам жұмыспен қамтылды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес Бастау» курсын округтен 7 азамат оқу курсын бітіріп, 3 адам несие алса, қалған азаматтар құжат тапсырып, нәтижесін күтуде.

«Игілік» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғыны Әлтаев Саябек 6 млн. теңге көлемінде қаржылай несие алып, жеке кәсіпкерлігін ашып, 21 бас жылқы малын сатып алып, мал өсіру ісін бастаса, «Бекзат» шаруа қожалығының жетекшісі Тлеубай Гүлмира және жеке кәсіпкер Тлеубай Шыңғыс әр қайсысы 6 млн. теңгеден несие алып, «Мейрам» шаруа қожалығынан 45 (қырық бес) бас  ірі қара (1 жасқа дейін ұрғашы тайыншалар-40) және 5 бас асыл тұқымды ірі қара мал алдырып, жұмыс жүргізуде. «Алмаз» шаруа қожалығы 2 бас асыл тұқымды «Ақ бас» ірі қара мал алдырып, жұмыс жүргізуде.

Ветеринария жұмысы толығымен орындалды. Эпизоотияға қарсы шаралар жұмыстары мүлтіксіз орындалып отыр. Округтегі 10 шаруа қожалығынын барлығы  малмен  және шөп шабумен айналысады.  Округте барлығы 952 ірі қара, қой мен ешкі 2250, жылқы 808 бас.

Салық базасының жағдайына келсек ауыл тұрғындарының көлік төлемдері толығымен төленді. Жалпы салық түсімі 339 мың теңге, көлік салығы 315 мың теңге, патент 24 мың теңгені құрады.

 Округтің бюджетіне келсек елді мекеннің көшелерін жарықтандыруға  100 мың теңге аударылып, 2017 жылдың қантар айынан бастап көше жарығына 22 жарық нүктесін ұстауға игерілді. Желтоқсан айында 350 мың теңге қосымша қаржы бөлініп, қосымша көше жарығын ұстауға игерілуде.

Көше жолдарын күтіп ұстауға 600 мың теңге бөлініп, қыс айларында жолдар тұрақты тазартылды. Әр салаға бөлінген қаржы толығымен игерілді.

Білім саласы бойынша Х.Сәрінжіпұлы атындағы ресурс орталығында 28 ұстаз жұмыс істеуде. Оқушы саны -125, Мектеп жанынан 20 балаға лайықталған толықкүндік «Шұғыла» шағын орталығы жұмыс істеп тұр.

  Спортты дамыту бойынша ауыл жастарына арналып волейбол, баскетбол, шаңғымен сырғанау, спорт ойындары түрлерінен секция уақыттары белгіленіп, мектеп спорт залында жүргізіледі. Округ командалары аудандық, аймақтық футбол жарыстарынан І, ІІ орындар иеленуде.

Денсаулық саласына келетін болсақ, ауылымызда фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Мед. бикелер уақытында балаларға, үлкендерге алдын-ала екпе жасап, халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Халықтың денсаулығын тексеру мақсатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша тамыз айында Балқаш қаласынан «Денсаулық пойызы» келіп 2 күн бойы округ тұрғындары түгелдей медициналық тексерістен өткізілді.

Кәсіпкерлік саласында жыл басынан аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне кәсіпкерлік құрылымдық базасы өткізіліп, инфляциялық процестерді тежеу бойынша комиссия құрылып, азық – түлік бағаларын тұрақты ұстау қадағалануда. Ауыл кәсіпкерлерімен бағаны 5% артық қымбаттатпау жөнінде меморандум жасалынды. Жеке кәсіпкер Исина Анария «Наубайхана» жұмысын ашып, аудан әкімінің грантына ие болып, 450 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.

   Мерзімдік баспасөзге барлық мекеме толығымен жазылып, берілген жоспар өз деңгейінен асырылып орындалды.

 Мемлекеттік және кәсіби мерекелер жоспарлы түрде өз деңгейінде ұйымдастырылды. Мемлекеттік мерекелер аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар барлық мекемелер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен өз мәнінде жүргізілді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1 желтоқсан Президент күні мерекесіне орай, «Ертеңім. Елім. Елбасым» тақырыбында аудандық ән байқауы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді. Байқауға аудан елді-мекендерінен 12 үміткер қатысып, қатысушылар алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарына ие  болса, жеңімпаздар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен, сертификаттармен марапатталды.

«Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай салтанатты жиын өткізіліп, мектеп ұстаздары мен ауыл жастары «Алғыс хатпен» марапатталса, «Үздік ұстаз» номинациясы 2 ұстазға табысталып, 15 мыңнан қаржылай қолдау көрсетілді.

Жаңа жыл мересіне арналып кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырылып, 0-5 жас аралығындағы 60 балаға сыйлықтар үлестірілді.  

Округтегі 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын 11 отбасы алып отыр.

 Әскери міндеттілерді  әскери есепке  қоюды және әскери есептен алу жұмыстары жүргізілді. Көктем мен күз айларында медициналық сараптамадан   өтуге шақырылған 45 азмат толықтай тексерістен өткізіліп, 9 азамат отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына жіберілді.

 Қорытындылай келе, алға қойған ауқымды мақсаттар мен міндеттерді және ауылдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени хал-ахуалын арттыру мен көркейту жұмыстарын ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып орындаймыз деп сенемін. 

 

Көңіл қойып тыңдағаңдарыңызға рахмет!

 


Келулердің саны: 2087


Жоғары