print

Ақжал кент әкімінің есеп беруі

...

 Құрметті  Марат  Жандәулетұлы!

 Құрметті  жерлестер!     

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы орган басшыларының, әкімдердің  халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығын орындау мақсатында, өздеріңізбен кезекті есеп беру жиналысында кездесіп отырмыз. Өткен  жылғы кездесуде түскен өтініш, ұсыныстар бойынша барлығы 6 сұрақ көтеріліп, оның  4  қанағаттандырылып, 2 кездесу барысында жауап берілді.     

    Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауларында  айтылған  негізгі  бағыттар бойынша кешенді міндеттерді жүзеге асыруда  2017 жылы кентімізде атқарылған жұмыстар және алдағы кезеңдерде атқарылар жұмыстарға тоқталсам.

    Ақжал кенті округінің экономикалық даму, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуында біршама жұмыстар атқарылды. Округкте Ақжал кенті, Қарабұлақ ауылы және 49 малшы қыстақтарында  барлығы 3853 адам тұрады.         

   Есептік кезеңде  атқарылған жұмыстарға әр сала бойынша тоқталатын болсақ.

      Кентімізде «Nova-Цинк» ЖШС-і  кәсіпорны жұмыс істеуде. Кәсіпорында 1015 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  2017 жылы 24 млрд  500 млн  теңгенің  өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 6 млн 703 мың тенге артық.                                                                                                                                                                                    Кәсіпорынның пайдалы қазбаларды ашық әдіспен алудан шахталық әдіске  көшуіне байлансты 115 адамды жаңа мамандыққа қайта даярлықтан өткізді. Кәсіпорынның екі мектеп түлегіне болашақ маманы ретінде  Ресей жоғары оқу орнына жолдама беріліп, мамандығын жетілдіруге жіберілді. Кәсіпорын кен өндірумен қатар  кенттегі әлеуметтік салаға да, тұрақты  көңіл бөледі. Кент бойынша өтетін барлық   түрлі мәдени  іс-шараларға тұрақты   демеушілік көрсетіп, атсалысады. Осы бағытта бөлінген қаржы  8 млн 650 мың тенгені құрады.  Кәсіпорын еңбеккерлеріне күз айларында 22 млн теңгеге төменгі бағамен картоп, көмір, кебек таратты. Кент тұрғындарының басым көпшілігі кәсіпорында еңбек ететіндіктен осындай игі істер үнемі жалғасын табады деп сенеміз.

     Білім саласында екі мектеп, балабақша, мектеп жанындағы бір шағын орталық жұмыс атқаруда. Аталған мекемелерде 218 адам жұмыспен қамтылған. Мектептерде 111 оның ішінде 85 жоғары білімді 26 арнаулы орта білімді ұстаздар еңбек етеді. 2017 жылы 23 мұғалім  әртүрлі деңгейде біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Ұлттық бірыңғай тестілеуде  2017 жылы 85% ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15% жоғары. Мектептерде материалдық техникалық базасы 75% қамтылған.   Оқушылардың  жазғы демалысын ұйымдастыруда   93 оқушы «Nova -Цинк» кәсіпорын демеушілігімен  Қостанай қаласына, 130 бала  мектеп жанындағы лагерлерде демалды.

    «Мектепке жол» акциясы бойынша «Nova-Цинк» ЖШС-і биылғы оқу жылына мектеп  табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге  650 мың теңге қаржыға  бірінші сынып оқушыларына арналған құрал жабдықтар  сыйлады. Аталған шарадан   кент кәсіпкерлері де тыс қалмай  50 мың теңгеге толық емес және көпбалалы отбасылар оқушыларына оқу құралдары мен киім кешек таратты. Мешіт имамы өз тарапынан демеушілік жасап толық емес отбасының  бес оқушысына 5 мың теңгеден көмек көрсетті. 

     Денсаулық саласында Ақжал дәрігерлік амбулаториясы қызмет атқарады.  Бұл салада 3 дәрігер,14 медбике қызмет көрсетеді. Есептік мерзімде 9474 адам дәрігерлердің қабылдауында болған. Жыл бойына жоспар бойынша 2100 адам флюрографиялық зерттеуден өткізілді.  

     Мәдениет саласында  Шұғыла мәдениет үйі халыққа тұрақты мәдени қызметтер көрсетуде. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Жаңа бастамалардың жарқын жолы», Үш тілділік  және латын әліпбиіне көшу-заман талабы атты бағдарламасын  кент жастарымен біріге отырып дөңгелек стол өткізілді. Биылғы жылы Мұхтар Әуезовке 120-жыл толу құрметіне орай «Шашақты жұлдыздар» атты би фестивалін өткізілді. Мәдениет күні қарсаңында аудан көлемінде  «Ең үздік мәдени-шара ұйымдастырушы» номинациясына Абильжанова Ұлболсын иеленді. Жыл басында қаңтар айында жыл таңдаулыларына арналған «Жыл жайсандары» атты «Нова-Цинк» кәсіпорынның үздіктері мен озаттарына арналған мереке аталып өтті. Аудан көлемінде  ұйымдастырылған ауыл, кент округтары арасында «Мәңгілік ел-Қазақстан» атты  байқауында кент көркемөнерпаздары  аудан жұртшылығының көңілінен шығып,   бірінші орынды иеленді.Елбасы жолдауын насихаттау бағытында  кенттік  ақпараттық насихат  топ  мүшелері кент тұрғындары арасында тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

   Орталықтандырылған кітапхана саласында екі адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда кітап қоры 5501 дананы құрайды. Оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында түрлі іс шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда «Абайдың қара сөздері», М.Мақатаевтың «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін», ақын М.Шаханов 75 жаста, жазушы М.Әуезовке 120 жыл  мерейтойларына көрме ұйымдастырылып, «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» , өмірінен библиографиялық шолу жүргізілді.

   Байланыс саласында  Қазпошта бөлімшесі, Қазақтелеком байланыс жүйесі жұмыс істейді. Аталған салада 7 адам жұмыспен қамтылған. Кентте  сымсыз  байланыс  станциясы  орнатылып, маңайдағы   барлық  ауылдар мен қыстақтар  байланыспен қамтамасыз етілді. Мерзімдік  баспасөзге жазылу жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен  орындалды.

   Жұмыссыздық пен  кедейшілікті азайтуда  жыл басынан   жұмыс сұраған  13 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 5 адам  тұрақты  жұмысқа  орналастырылды. Жұмысқа қабілетті I ,II топтағы 25 мүгедек адам кәсіпорын, мекемелерде жұмыспен қамтылған.  Округкте аз қамтылған отбасы тіркелмеген

   Діни бірлестіктер саласында  кентімізде шағын мешіт үйі жұмыс атқаруда. Мешіт үйіне кәсіпорын басшысы  Асан Сүйіндік Юржанұлының көмегімен  қосымша тамақ әзірлейтін бөлме салынды.  Мәуліт мерекесі де өз деңгейінде атап өтілді. Ауыл имамы мешітте өткізілетін діни іс шаралар туралы кент әкімдігімен тұрақты ақпарат алмасып отырады.Кентімізде елімізге жат бөтен діни бірлестіктер тіркелмеген.

   Спорт саласында «Nova-Цинк» кәсіпорынына қарасты спорт кешені, екі мектептің спорт залы, «Болашақ» спорт алаңы жұмыс атқарады. Кентімізде спортпен  айналысатын  тұрғындар саны 790 адам, яғни кент тұрғындарының 32% құрайды. Жалпы спорт саласында  ауылымыздың жастары, оқушылары  аудандық, облыстық, Республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі  орындарға   ие болып  жүргені  баршаңызға  мәлім. Сондай-ақ  а.ж. қазан айында Грецияның Салоники қаласында 24 мемлекеттен қатысқан самбо күресінен ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз 82 келі салмақта Манабаев Болат ағамыз 1-орынды жеңіп алды. Мектебіміздің оқушылары да  облыстық деңгейде өткен қазақ күресінен, волейболдан жоғары орындарды иеленді.  2017 жылы  Шымкент қаласында өткен оқушылар арасындағы волейболдан Республикалық жарыста ұлдар және қыздар командалары екінші орынды жеңіп алды.Жылдағы дәстүр бойынша 2017 жылы  футбол, волейбол лигалары өткізілді.  Келешекте осындай іс шаралар әр жыл сайын өз деңгейінде өтіп, көптеген жақсы нәтижелер көрсетеміз деген сенімдеміз.

    Жастар ісі жөнінде кентте жастар кеңесі есебінде 14 пен 29 жас аралығында 884 жастар тіркелген.Кентіміздегі оқу орнындарындағы жастардан басқасы барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Жастарымыз кентте өткізілетін спорттық, мәдени іс шаралардың барлығына белсене араласады.      

    Қоғамдық  тәртіпті сақтауда  кент әкімдігі жанынан құрылған  «Құқық бұзушылықтың алдын алу» жөніндегі комиссия  жылдық жоспар бойынша тұрақты жұмыс атқарады. Комиссия отырыстарында жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, мал ұрлығының алдын алу мәселелері қаралады. Қоғамдық тәртіп сақтау саласында    бір учаскелік инспектор, екі көмекші қызмет етеді. Аудандық бюджеттен бөлінген 800 мың тенге қаржыға учаскелік полиция қызметкерлерінің бөлмесіне жиһаз және компьютер құрылғыларымен толық жабдықталды. Есептік мерзімде  2016 жылмен салыстырғанда округ бойынша қылмыс 7% азайған. Тұрғындар тарапынан жылдағы әдет бойынша малдарын толық тіркетпеу, мал ұрлығы болған кезде байбалам салу қайталануда. Жаз айларында тұрғындардың бойдақ малдарын екі шаруа қожалығы және ауылдың екі азаматы жайлауға шығарып бақты. Ауыл басындағы сауын сиырлар, бұзауларды бағуды ұйымдастыру шешілмей тұр.

 Мал бағыны туралы тұрғындармен жиналыс сайын сұрақ көтерілсе де, учаскелік инспекторлар тарапынан ескерту парақшалар таратылса да,  күрделі мәселе күйінде қалып тұр. Аталған мәселені биыл ерте бастан қоғамдастық мүшелері, ақсақалдар, ауыл азаматтары болып бірігіп  шешімін табуға шақырамын.

   Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Елбасының «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына сәйкес, аудандық бюджет есебінен кентімізде екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Бұл пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға  кезектілік тізіміне сәйкес,  ауданның тұрғын үй жөніндегі комиссиясы арқылы бөлінеді.  Құрылыс жүргізуші мердігер Корпорация «МСК-Строй» ЖШС-і , жалпы құны-57 млн.теңге.

     Сонымен қатар кентіміздің  тумасы, жас кәсіпкер  Ардақ Берікұлы кентке кіре берісте   жанар жағар май бекетінің құрылысын бастап, ағымдағы жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Осындай игі істі жалғастырушы  көп балалы ана, жас кәсіпкер Анар Абеухалова  тұрғындарға ұн өнімдерінен жасалатын әр түрлі тәтті нандар мен  тапсырыс бойынша торт жасауды қолға алған. Кәсібін әрі қарай  дамыту үшін «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен тегін оқып сертификат алды.  Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы кентіміздің төрт тұрғыны тегін оқып,оларға сертификат ұсынылды. 

     «Жандос» шаруа қожалығы 2017 жылы шаруашылықты дамытуға өз есебінен 47  млн теңге қаражат жұмсады. Атап айтқанда 1км электр желісі тартылды,  шағын сүт заводы цехы,  жеті бас асыл тұқымды бұқа, бір бас асыл тұқымды айғыр, 126 тонна арпа сатып алынды. Көгалдандыруда 560 мың теңгеге түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.

  Орта және шағын кәсіпкерлік саласында кент бойынша  38  нысан қызмет көрсетеді.  2017 жылы  кентіміздің  тұрғыны  Абеухалова Анар нан өнімдерін пісіріп  сатумен қатар кәсіпорынның «Ақжал» тойханасын жалға алып өз кәсібін айналдырып отыр. Округке қарасты  шаруа қожалықтарымен бірігіп, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында күз  айларында кентімізде төрт рет жәрмеңке ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған осы жәрмеңкеге әкімдіктің арнайы шақыртуымен Балқаш,Қарағанды қалаларының жеке кәсіпкерлері кентімізге келіп, өзіміздің Отандық өнімдерді  халыққа ұсынды. Жәрмеңке соңында кәсіпкерлер кентіміздің аз қамтылған   отбасыларына  азық түлік себетін тарту етті.

Кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша, жеке  кәсіпкерлер арасында  үш кәсіпкер  «Игілік» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамытуға 43 бас жылқы сатып алды. Құны-15млн400 мың тенге. Әкімшілік тарапынан  шаруа қожалықтарын ұйымдастыру арқылы аз қамтылған 8 отбасына 2 тоннадан   шөп таратылып берілді.

      Жергілікті салық түсімдері бойынша   биылғы жылы мүлік және жер салығы  ҚР Заңдылығына байланысты уақытша тоқтатылды. 2016 жылы «Жергілікті  мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару» Заңына   енгізілген өзгерістерге байланысты кент әкімі аппаратының арнайы есепшотына салықтың төрт түрінен, яғни жеке кәсіпкерлердің патенттік төлемі, жеке тұлғалардан мүлік,  жер, көлік салықтары түсе бастады. Алдағы уақытта жергілікті салық базасын кеңейтуде, кент бойынша мүлікке және жерге түгендеу жұмыстарын жүргізу, тіркеусіз кәсіппен шұғылданушыларды анықтау  жұмыстарын тұрақты жүргізетін боламыз.

 Сондай-ақ, өздеріңіз білесіздер  округ бойынша сайлаушылар санына сәйкес 25 адамнан тұратын жергілікті қоғамдастық құрылған. Жыл басынан бері  төрт рет қоғамдастық мүшелерімен жиналыс  өткізіліп, арнайы есеп шотқа түскен қаражатқа аналар күні, Жеңіс күні, балаларды қорғау күні, халықаралық қарттар күніне орай,  сыйлықтар алынып, мерекелік дастархан ұйымдастырылды. Жаңа жыл мерекесін өткізуде кішкентай бүлдіршіндерге сыйлықтар мен тәттілер,ойыншықтар алынды. Кент әкімдігі атынан мүмкіндігі шектеулі он үш балаға ұялы телефондар сыйлыққа берілді.Жеке кәсіпкер Ракишева Ира кішкентай бүлдіршіндерге арнап «Мерей» тойханасында  жаңа жылдық мерекеге байланысты  демеушілік ретінде он балаға тегін кіру билетін ұсынып, дастархан жайылып, сыйлықтар таратты.

   Ауылшаруашылығы  саласында 2017 жылы  71 шаруа қожалығы тіркелген. Бұл  салада 208 адам  жұмыспен  қамтылған, бұған  қосымша  науқан  кездерінде  қосымша  жұмыс  орындары  ашылып  отырады. Шаруашылықтардың  айналысатын  негізгі  кәсібі  мал  шаруашылығы. Шаруа қожалықтары кейінгі жылдары қолда  бар  малдарын  асылдандырумен  айналысуда. Елбасының бағдарламасына сәйкес,  сәуір айында 25 адамнан құрылған «Адал Береке 2017» ауылшаруашылық кооперативі құрылды.  Осы кооперативтің 9 мүшесі «КазАгро қаржы орталығынан» жалпы құны 19 млн тенге несие алып, 96 бас ірі қара  мал сатып алып, өз шаруашылықтарын әрі қарай дамытуда. 2017-2018 жылдардың қыс маусымына жеткілікті 15 мың тонна мал  азығы дайындалды.   

     «Сыбаға бағдарламасы» бойынша қажетті көлемде арзандатылған несиелерге қол жеткізіп, «Баубек» шаруа қожалығы 10 млн теңгеге  48 бас етті бағыттағы ірі қара мал алып өсіруде.

   «Игілік» бағдарламасы арқылы үш шаруа қожалығы құны 18 млн теңгеге 37 бас жылқы, 30 бас ірі қара малын сатып алды.

   Коммуналдық қызмет саласында «Nova -Цинк» ЖШС-і,«Электржабдықтау» ЖШС-і «Ақжал» пәтериелік  кооперативі  қызмет көрсетеді.  Есептік  мерзімде аудандық бюджеттен коммуналдық салаға 1 млн  тенге қаржы бөлініп, көппқабатты №5  үйге жылу есептегіш құралы  сатып алынуда.

  Шет ауданы әкімдігінің 2016 жылдың 14 желтоқсандағы №64/01  қаулысына  сәйкес, кентіміздегі көп қабатты №5 тұрғын үйді апатты жағдай жарияланып,  «Nova-Цинк» ЖШС-і мен аудан әкімдігі арасындағы меморандум арқылы келісім шарт негізінде кәсіпорыннан 100 млн теңге қаржы, аудандық бюджеттен 35 млн теңге  бөлініп, №5 көп қабатты тұрғын үйге толықтай қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардан үнемделген қаржыға №3 көп пәтерлі  тұрғын үйге шатыр салынып, жылу құбыры жаңартылды.Ендігі кезекте осы қалпына келтірілген үйлерді осы қалпында сақтау құрметті тұрғындар Сіздердің міндеттеріңіз. Аталған үйлер жеке меншік болғандықтан  мемлекет есебінен  қайталап қаржы бөліне бермейді.

  Сонымен қатар ықшамауданы№7 үй мен Ақжал негізгі мектебі аралығындағы жылу  құбыры айырбасталып,ықшамаудандағы жылу құбырының өткелі (арка) айырбасталып, төрт  тиек (задвишка)  қойылды.

    Елді мекендерде санитарлық тазалау, сәулеттендіру және көгалдандыру бойынша  біршама жұмыстар атқарылып, сенбілік күндері кент көшелерінен,  рұқсатсыз төгілген   күл-қоқыстар  арнайы полигонға  шығарылды. Кәсіпорын демеушілігімен  кентіміздің кіре берісіне 20 түп шырша, 200 түп терек,  саябақ, обелиск және мекемелер алдында гүлдер отырығызылды. Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында 12 рет рейд жүргізіліп, санитарлық тазалық ережелерін бұзған тұрғындарға  учаскелік полиция  инспекция тарапынан 12 үйге ескерту берілді.  Кент көшелеріндегі бағандар  боялып, үгіт насихат плакаттары жаңартылды. Кенттегі  қаңғыбас иттер мен мысықтарды  аулау және жоюда 83 ит ауланып, жойылды.     

    Ақжал кенті әкімі аппаратында 8 мемлекеттік  қызметкер, еңбек шартымен 7 маман  қызмет атқарады. Мамандардың  тиісті  функционалдық  міндеттер бөлініп берілген.

    Мамандар тұрғындарға қызмет көрсетуде  түрлі анықтамалар беру, нотариалдық  қызмет  көрсету,   тұрғындардан  түсетін өтініш, арыз-шағымдарды  қабылдап  заңдылықтарға  сәйкес, шешімдер туралы  жауап беріледі  және     автоматтандырылған  жүйеге енгізіледі.2017 жылы  барлығы 1706 өтініш түскен, оның ішінде 31 жазбаша, қалғаны ауызша. Ауызша  өтінішер қанағаттандырылып, жазбаша  өтініштер уақытында  қаралып отырылды. 323 нотариалдық қызмет көрсетілді.   Кент әкімдігі жанынан  ақсақалдар алқасы, отбасы және әйелдер ісі,  құқық бұзушылық,  әлеуметтік мәселелер, мүгедектер, жастар жұмысы жөніндегі    құрылған қоғамдық ұйымдар   жұмыс   атқарады.

                        Құрметті  жерлестер! Қадірлі  қауым!

      Алда атқарылар істер мен міндеттер өте көп, ауылымыздың  әлеуметтік- экономикалық дамуына, өдан әрі өсіп өркендеуіне, гүлденуіне  барлығымыз  бір кісідей ат салысып ,қоғамдық жұмысқа белсене араласып,   бірігіп  жұмыс атқарайық. 


Келулердің саны: 2381


Жоғары