print

Мүлік салығы

Азаматтардың мүліктері бойынша салықты есептеу келесі салық мерзімінің бірінші шілдесіне дейін жүргізіледі. Бір жылдан кем уақыт иелік еткен мүлігіңізді сатсаңыз, құнының өсуіне байланысты 10% салық төлейсіз .

Бұл жерде мүлік меншік иесіне тіркелген уақыттан бастап келесі салық мерзімінің бірінші қаңтарына дейінгі уақыт аралығына төлейді, яғни иелік еткен нақты мерзіміне ғана төленеді. Салық төлеушінің тұрғылықты мекен жайына емес, салық алынатын мүліктің орналасқан мекен жайына сәйкес алынады.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығын салық базасының пайыздық мөлшерлемесін қолдана отырып өздері төлейді.

Кодексте ескерілмеген басқа жағдайда заңды тұлғалар мүлік салығын салық базасының 1,5 пайыздық мөлшерлемесімен есептейді.

Ал келесі төлеушілерден салық базасының 0,5 пайыздық мөлшерлемесімен алынады:

1) жеке кәсіпкерлер;

2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар.

Басқа, кодексте көрсетілмеген жағдайда, бухгалтерлік есеп бойынша анықталатын салық салынуы тиіс нысандардың орташа жылдық баланстық құны алынады.

Концессия объектiлерiнiң орташа жылдық баланстық құны болмаған жағдайда, салық базасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен айқындалған осындай объектiлердiң құны болып табылады.

Мүгедектерге де жеңілдік бар

Үшінші топтағы мүгедектер меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан 1500 АЕК еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды. Тек жылжымайтын мүліктерін жалға берген жағдайда ғана, салық төлеугі міндетті.

Сонымен қатар, құрылысы аяқталмаған жағдайда ол салық төленуі тиіс нысандар қатарынан алынып тасталды. Яғни, салынып бітпеген мүлік үшін салық төленбейді.

Сондай-ақ сақтандыруға байланысты алынған өтемақылар азаматтардың кірісі болып саналмайды да, шетелдік валютамен түскен мүліктік кіріс теңгемен есептеледі.

Мүлік салығының мөлшері өзгермейді

Мемлекеттік кіріс департаментінің сайтынан және "Мүлік салығы, жеке тұлғалардың жер салығы туралы ақпарат" электронды қызметтерінен жыл бойы жеке тұлғалар үшін мүлікке салынатын салықтардың есептелген сомалары туралы ақпаратты біле аласыз.

Бұдан басқа, елорда тұрғындарына хабарлау үшін салықтардың есептелген сомалары туралы ақпарат бірыңғай коммуналдық төлем құжатына енгізілген.

Сонымен қатар, биылдан бастап салық төлеуші салық мекемелеріне ұялы телефон нөмірін не электронды пошта адресін жазбаша ұсыну арқылы, алдағы уақытта қызметтің өзіне ыңғайлы түрін таңдауына болады.

Салықты екінші деңгейлі банктерде және Қазпочта бөлімшелерінде төлеуге болады.

Салық кодексінің 408 бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін мүлік салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз қалып отыр.

Әр кешіккен күніңіз үшін өсімпұл жүреді

Егер жер мен меншік салығы міндеттемелерін уақытылы орындамаған жағдайда. Ол салықты төлеу мерзімі біткеннен кейінгі күннен басталады. Өсімпұл мөлшерін мына формула бойынша немесе Мемлекеттік кірістер комитеті сайтына кіріп есептеуге болады.

Өсімпұл = (берешек сомасы х 0,1025 х 2,5 х күндер саны) / 365.

 Шет ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы


Келулердің саны: 2189


Жоғары