print

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН МЕРЕКЕ

    Халқымыз үшін жаз айының бір қызығы бие байлап, күбі піскен, бал татып уылжыған қымыз ішкен. Шөлдесең шөліңді басатын, жабықсаң сарайыңды ашатын қымыз қазақ дастарханының көркі. Жылқының сүтін сауып, қымызын дайындау, оны сусын ретінде пайдалану көне замандардан белгілі болған. Дертке дауа, жанға шипа бұл ғажайып сусын туралы мақал-мәтелдер, өлең-жырлар өте көп. Әйелдің ұсынықтылығы баптаған қымызымен бағаланған.

Жуырда аудан орталығындағы қайта жасақталып, жаңғырған саябақта қымыз фестивалі өткізілді. “Той десе қу бас та домалайды” демекші, мерекеге халық көп жиналды. Саябақтың төріне кигіз үй тігіліп, халқымыздың аңсау асына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылса, ұлттық жәдігерлер көрмесін тамашалаушы жұртшылық қарасы да едәуір. Тамылжыған музыка әуені саябақ ішін баурап алған. Мерекелік шара  саябақ ішіндегі салынған жазғы сахна маңынан бастау алды. Жиналған көпшілікті аудан әкімі қымыз фестивалімен шын жүректен құттықтады. -Әр халықтың өзінің мақтан тұтатын салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары, ұлттық тағамдары бар. Сол салт- дәстүрмен ұлттық тағамдарымен, ділі, тілімен ғана сол ұлт сақталады. Біздің сондай ұлттық брендіміз, мақтан тұтатын тағамдарымыздың бірі- қымыз. Бұл ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа қалдырып кеткен асыл дүниесі. Соны талапқа сай, әрі қарай биологиялық қасиеттерін тереңдете отырып, келесі ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпақтың парызы,- деп қымыздың қасиетіне 
тоқтала өтіп, біздің халқымыз басқадай зиянды сусынның орнына қымыз ішетін болса, жастарымыздың да денсаулығы мықты болары  айқын. Шетелдіктердің өзі «батырлар сусыны» деп мойындаған қымыздың қадірін арттыруды мақсат тұтуда. Бүгінде жылқы сүті-ұлтымыз үшін қаржы табу көзінің бірі дей келіп, жастарымыз осынау игі дәстүрді жалғастырып, халқымыздың салт-дәстүрін сақтап,  жалғастыруына игі тілек тіледі.

    Фестиваль басталардан бұрын орталық кітапханада жас отбасыларына бие байлау, қымыз баптау бойынша шеберлік сыныбы өткізіліп, биені ұстау, құлынды желте байлау, сауу барысы жайында түсірілген видеоролик көрсетіліп, қымыз ұстау жайында пікірі ортаға салынып, дәріс берілді.

    «Қымыз дертке дауа, жанға шипа» фестивалінде шетелде аңсау асқа деген қызығушылық басым екені айтылды. Германияда қымыздан сабын, түрлі кремдер шығарады. Медицинасы дамығын Израиль, Франция,  Египет, Жапонияда қымыз- ға деген сұраныс өсіп келеді. Немістер өздерінің олимпиадалық құрама командасына міндетті түрде қымыз  ішкізеді екен.

    Жарыссөзге қатысқан  Ақадыр кенттік ақсақалдар алқасының төрағасы Қанатбаев  Сағындық, ауыл ақсақалы Байжанов Ермек бұл шараның маңыздылығын атап өтті, ал осы фестивальді ұйымдастырушы, «Қазақ тілі» қоғамының   төрағасы, арнайы грант иегері Ертай Жәнібеков фестиваль төңірегіндегі ой пайымдарын ортаға салды. Фестиваль шырайын арнайы ұйымдастырған спорттық шаралар аша түсті. Асық ату, кір тасын көтеру, арқан тарту жарыстарына  жұртшылық белсене араласты. Асық атудан 14 жасқа дейінгі жас- өспірімдер арасында 29 асықшының ішінен облыстың үш дүркін жеңімпазы Кәкенов Нұрсұлтан мергендігімен ерекшеленіп, жеңімпаз атанды. Ал, 32 келі қос кір тасын итере көтеруден  БЖСМ директоры Қ.Сағындық алдына жан салмады. Көпшіліктің делебесін қоздырған арқан тарту сайысында Үңірек ауылының құрама командасы жеңімпаз танылды.

   

    «Мешкейлер сайысы» атанған қымыз ішу бәсекесі барынша қызықты өтті. Өз әлінше қымыз ішетін апайтөс 14 жігіттің ішінен көпшілікті айран-асыр қалдырып қымыз құйылған 1 литрлік тостағанмен 5 мәрте көтере сімірген Үңірек ауылының спорт нұсқаушысы Бақыт Амандық көпшілік көзайымына айналды.

    Кейінгі кездері жұртшылық таңдай қаға тамашалап жүрген қой көтеру жарысына бұл жолы да жұрттың ықыласы ауған. Ортаға үлкен секті 50 рет көтеріп, отырып тұрған БЖСМ- нің нұсқаушысы Жанпейісов Асылбекке ешкім жете алмады. Бұл Асылбектің үшінші жеңісі. Жұртшылық тамашалаған осынау фестивальда жергілікті ақын композитор Зәрубай Сүйіндікұлының «Аюлым-Ақ биігім» әнінің тұсауы кесілді. Оны жас әнші Бақтияр Аханов келістіре орындап, жұртшылық ықыласына бөленді.

   

    Қазақтың киелі асы-қымызға  арналған фестивальда қымыз дайындау, қымыз түрлері жайында келістіре насихатталды. Шараға белсене қатысушыларға «Аманат» қазақ тілі қоғамының алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табысталды. Бұл шараның басты мақсаты-қымыздың қасиетін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мұндай шаралардың өскелең ұрпақ үшін берері мол. Өйткені, қазақы сусын бойға қуат берсе, қазақы дәстүр ойға қуат береді.


Келулердің саны: 5473


Жоғары