print

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар

Кіріспе

 

Мемлекеттік рәміздер бүгінгі таңдағы әр мемлекеттің ажырамас атрибуты ретінде елдің ұмтылысын, оның бірегейлігін, мәдени және тарихи мұрасын бейнелейді.

Қазақстанда 4 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні болып жарияланды, яғни елдің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бекітіліп, олардың мәртебесін, қолдану салалары және пайдалану ережесін айқындайтын Конституциялық Заңы қабылданды.

Мемлекеттік рәміздерде халқымыздың сан ғасырлық арманы, оның бірлікке, бейбітшілікке, жасампаздыққа деген ұмтылысы қаланған.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болатынына сенімділігін білдіріп, мәдениет, тарих бастауларына жүгінуге шақырады.

Патриотизмге тәрбиелеу біртекті, тұтас мемлекетті қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттік рәміздер біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және рухани құндылықтарымыздың бейнесі бола отырып, азаматтардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуде және Отанға деген құрметті арттыруда аса маңызға ие.

 

****

Мемлекеттік органдарда мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласындағы істерді зерделеу бойынша облыстың қалалар мен аудандар әкімдерінің жанындағы ҚР Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияларының жұмыс топтары мүшелеріне арналған ұсынымдар.

 

  1. Ең алдымен құжаттармен танысқан жөн:
  • Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін ҚР Мемлекеттік рәміздерін ауыстыру және жою жөніндегі комиссияны құру туралы бұйрық – осы саладағы істердің жай-күйін зерттеу тәжірибесіне сәйкес жиі кездесетін қателер арасында: бұйрық атауының дұрыс рәсімделмегені (ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесін қараңыз), бұйрық мекеменің кадрлық құрамының өзгеруіне қарай жаңартылмаған, бұйрықтың мемлекеттік тілде болмауы және т. б.;
  • Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін ҚР мемлекеттік рәміздерін ауыстыру және жою актілері – актілерде мемлекеттік рәміздердің ауыстырылған/жойылған күнін, түгендеу нөмірлерін немесе басқа да сәйкестендіру деректерін көрсету қажет, көбінесе мұндай актілер мүлдем болмаған жағдайлар анықталған болатын;
  1. Нақты мекемелерге (ұйымдарға) барған кезде оларға назар аудару қажет:
  • Ұлттық стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттік рәміздердің болуы және олардың ғимаратта дұрыс орналасуы – мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелеріне сәйкес келмейтін рәміздерді қолдану тәжірибесі (тым үлкен не кіші), рәміздердің жай-күйі және олардың стандарттарға сәйкестігі;
  • ҚР Мемлекеттік көлемді (3D) Елтаңбасы бар мемлекеттік мекеменің атауы жазылған маңдайшалардың болуы – көлемді Елтаңба орнына оның бейнесі ғана қолданылған жағдайлар аз емес;
  • Мемлекеттік рәміздердің стационарлық бұрышының болуы және оның салтанатты іс-шаралар өткізуге арнайы бөлінген орында орналасуы, олардың жаңа стандарттарға сәйкестігі – мұндай бұрыштар мемлекеттік рәміздердің шаруашылық бөлмелеріне тікелей жақын орналаспауы тиіс екендігін және т.б. есте сақтау қажет;
  1. Тексеріс барысында ҚР Елтаңбасы бейнеленген мөрдің ҚР СТ 1430-2005 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы салынған мөр. Техникалық талаптар» ҚР мемлекеттік стандарттарына сәйкестігіне ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының айналасында елтаңбалық мөрге тапсырыс берушінің атауы және оның тіркеу салық нөмірі – СТН бар шағын мәтін орналасуы тиіс.
  2. ҚР Елтаңбасы бейнеленген бланкілердің мемлекеттік стандарттарға сәйкестігіне ерекше назар аудару қажет.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану жөніндегі жұмыста мынадай нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алған жөн:

1) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N258 Конституциялық заңы. – http://adilet.zan.kz/rus/docs/Z070000258_

2) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы N873 Қаулысы. – http://adilet.zan.kz/rus/docs/P070000873_

3) «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесін» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы N862 Қаулысы. – http://adilet.zan.kz/rus/docs/P070000862_

4) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1186 Қаулысы. – http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1500001186

5) «Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы № 1371 Қаулысы. – http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1100001371

6) «Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органы қызметкері антының мәтінін және оны қабылдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 7 мамырдағы №319 Жарлығы – http://adilet.zan.kz/rus/docs/U1200000319

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында, ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы бөлімде қолжетімді – http://www.akorda.kz/ru/state_symbols/kazakhstan_anthem

 

 

2018 жылғы 29 маусымдағы № 162-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына келесідей өзгерістер енгізілді:

1) 1-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылды:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу – алтын түстес.»;

 

2) 2-қосымша мынадай редакцияда жазылды:

 

«Қазақстан Республикасының

мемлекеттік рәміздері туралы»

2007 жылғы 4 маусымдағы

№ 258-III ҚРЗ

Қазақстан Республикасының

Конституциялық заңына

2-ҚОСЫМША

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес 2019-2021 жылдары мемлекеттік мекемелерде «QAZAQSTAN» жазуы бар жаңа Елтаңбаны орналастыру жұмысын ұйымдастыру қажет.

 

Мемлекеттік рәміздердің ғимараттарда, бірінші басшылардың кабинеттерінде орналасу үлгілері.

Ғимаратқа кіре берістегі маңдайшадағы Мемлекеттік Ту

Мемлекеттік рәміздер бұрышы

Бірінші басшы кабинетіндегі мемлекеттік рәміздердің орналасуы

Мемлекеттік рәміздердің кешкі жарықтандыруы

Ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерін ескере отырып, бірінші басшы кабинетінде мемлекеттік рәміздерді орнату нұсқасы.


Келулердің саны: 125


Жоғары