print

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ АЙҚЫН БЕЙНЕСІ

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің барлық міндеттері мен құқықтары жазылған.

Мемлекеттік қызметші, біріншіден, Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын ұстануы керек.

Екіншіден, адамгершілігі мол, адал, адамдарды тыңдай білетін, кез келген сұрағына жедел жауап беретін, қоғамдық орында өзін мәдениетті ұстайтын қызметкер болуы тиіс.

Мемлекеттік қызметшіге артылатын жүк ауыр және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы жауапкершілікті жақсы түсініп, өзінің ғана емес, бүкіл елдің қамын ойлап, міндетін толық атқаруы керек. Осы орайда халыққа қызмет ететіндердің адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметінің алдында тұрған міндеті екенін атап өткен жөн. Өз міндетін лайықты атқарған адам қоғамда тыныштық пен келісімді, береке мен бірлікті орната алады. Демек, адамдар арасында мұндай қызметшілер туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптаса бастайды. Сенімділікті жоғалтып алмай, өзіңнің еңбегіңді саралап отыруың үшін ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы он бесінші қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» – деп, адам баласына өтіп жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен.

Қазіргі кезде көп сөйлегеннен гөрі нақты іс төңірегінде ойлап, толғанған, нәтижесінде – оңды шешім, дұрыс жол тауып, қайсыбір мақсат, биік белеске белді бекем буып, қалың көпшілік үшін қызмет жасап жатқан қызметкерлер халық арасында өз бағасын алып та жатыр.

Ал өз міндетін түсінбей, билікті тек қарабас қамына пайдаланған адам, керісінше, әлемнің әділет заңдылығы бойынша, соған сәйкес жазадан құтылмайды. Сондықтан, мұндай үлкен жауапкершілікті тек қана әуелі елдің қамын ойлайтын, жүрегі кіршіксіз таза адамдар ғана қабылдай алады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңінде Абай былай дейді:

«Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?»

Сондықтан да рухы асқақ, жауапкершілігі жоғары басшы ғана өзінің соңынан қоғамды ерте алады.

Ісіне адал, әділ болу – парақорлық пен жемқорлыққа жол бермеу деген сөз. Адалдықты ұран еткен мемлекеттік қызметшінің алдындағы бірден-бір мақсаты – қоғамда заң сауаттылығын арттырып, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Мемлекеттің қаржысына қол сұғып немесе бір мекеменің қорындағы ақшаны есебін тауып жымқыру ­– нағыз арсыздықтың өзі. Мына біз өмір сүріп жатқан қоғамда адам баласы адал жолмен жүріп, әділдік ұғымын ту етіп ұстаса, дамудың биігіне шығып, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болатынын түсінгеніміз жөн. Болашағымыз жарқын болу үшін, ғұмыр бойы алаңсыз күн кешу үшін – адал жолды бағыт етіп алған абзал.

«Асыл қасиет – адалдық, асыл мінез – адамдық» демекші, кең дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету міндет. Сондықтан да мемлекеттік қызметкер бойынан табылу керек тағы бір қасиет – қайратты мінез. Сабырлық пен төзімділік танытып, ашуға бой алдырмай, жоғары әдепті көрсете білетін қызметкерлерге қоғамның құрметі де арта түседі.

Кемел басшы биліктегі адал мемлекеттік қызметшілерімен ғана мақсатына жетіп, алға ұмтыла алатынын ұмытпағанымыз абзал.

Мемлекеттік қызметші болу ­– зор құрмет, ол халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір қызметін атқарып тұрғандай, бұл өте жауапты да, қиын және қызықты қызмет екенін айтпаса да анық. Сол себепті мемлекетімізге кәсіби қызметінде пайдаланатын білімдері, дағдылары мен икемдері бар білікті кадрлар қажет.

Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардан білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететініміз анық.

Мемлекеттік қызметшіге қойылар талап қатаң, оған сыншы да мол. Сонда адамды осы жүгі ауыр қызметте не ұстайды? деген орынды сауал туындап жатады. Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету. Бұл жолда олар халықтың мүддесін жоғары қойып, әділ шешім қабылдап, қарапайымдылық, адамгершілік танытуы тиіс. Әдепті, сабырлы да шыншыл, әрі ұлтжандылық қасиеттерін бойына жиған азаматтардың мемлекеттік қызметті адал атқаруы еліміздің өркендеп өсуіне зор үлес қосады, халық арасында мемлекеттік қызметшінің беделі нығайып, оған деген халықтың сенімі артады. Сол себепті, мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. 

Қорыта келгенде, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген азаматтардың арқасында елдің ертеңі нұрлы болмақ.


Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша департаментінің

бас маманы

Д.Абдрахманов


Келулердің саны: 252


Жоғары