print

Электронды қызмет – уақыт талабы

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтеріміз күннен күнге дамып, халыққа қол жетімді және тиімді бола түсуде. Халықтың көрсетілетін қызметтер туралы толық ақпарат алуына барлық жағдайлар жасалған.

Мемлекет алдына қойылған негiзгi мiңдеттердiң бiрi — жоғары сапалы мемлекеттiк қызмет алуға барлығының бірдей қол жеткiзуi.

Осы арада қол жетімді мемлекеттік қызмет деп бірінші кезекте электронды қызмет алуды айтуға болады. Яғни, электронды үкімет порталы арқылы қолымыздағы цифрлы қолтаңбаның көмегімен, ешбір адамның көмегінсіз, таныс-тамыр іздеместен, ұзын сонар кезекте тұрмай, ешкімге жалбарынышты болмай-ақ, кез келген қызметті көрсетілген уақытта алу артықшылығына ие болу деген сөз.

Бұл өз алдына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, әрқайсымыздың цифрлы сауаттылығымызды жорғарылатып, бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайды.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы нұсқауларға сәйкес мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуді халық арасында танымал ету бағытында облыс бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасы бойынша облысымыздың барлық қала, аудандарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкелері өткізілуде, ақпараттық буклеттер таратылуда, ХҚКО, білім беру ұйымдарында, әр ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды алуға барлық мүмкіндіктер жасалуда.

Президентіміздің Қазақстан халқына жолдауындағы Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деп көрсеткен болатын.

Агенттіктің бастамасымен іске қосылып, бүгінгі күні қызмет алушылар арасында оң бағасын алып отырған «Digital agent» қосымшасын халықпен байланыс орнатуға, халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына шағымдарымен қоса ұсыныс, пікірлерін де қалдыра алатын халық пен мемлекет арасындағы байланыс тетігі деп те атауға болады.

Яғни, қызмет алушылардың кез-келген пікірі жылдам әрі уақытылы қызмет берушілер тарапынан назарға алынып, жіберілген олқылықтардың орны толтырылып, орын алған мәселелер бірден шешімін тауып отырады.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес электронды қызметтер саны - 468, соның ішінде «электрондық үкімет» қол жетімді қызметтер саны -370 болса, қалған 98 қызметті электронды форматта алу үшін қазіргі уақытта бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Мысалға алатын болсақ «Электрондық үкімет» порталында немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы сәби дүниеге келгеннен-ақ ата-анасы бала тууды тіркеу, бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына балаларды кезекке қою деген сияқты алуан түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін алып, тиісті құжаттарын ресімдей алады.

Бүгінгі таңда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Мемлекет-азаматтарға» қағидаты негізінде, яғни азамат емес, мемлекет, азаматтардың қажеттіліктерін алдын-ала түсініп, мекемелерге олардың баруының қажеттілігінсіз мемлекеттік қызметтер көрсету үшін олармен байланысатын, басқарудың жаңа моделі іске асырылуда, яғни тұрғындардың қажеттіліктерін күні бұрын біліп халыққа қызмет көрсету инфрақұрылымы ретінде мемлекеттің функцияларын түрлендіру болып табылады.

Бұған мысал ретінде, қазіргі уақытта мекемелерге баруынсыз, қатысуынсыз көрсетілетін «Бала туу» проактивті қызметін айтуға болады.

Бұл проактивті қызмет арқылы ата-анасы мемлекеттік қызмет алу үшін өтінім білдірмей-ақ, SMS-хабарламалар арқылы жаңа туған нәрестеге ат бере алады, туу туралы куәлікке өтінім бере алады, балабақшаға кезекке қоя алады, біржолғы төлем сомасын біле алады, тұрғылықты жері бойынша тіркей алады.

Бұған қоса, Telegram мессенджері 22 онлайн-қызметтерді алу үшін ыңғайлы арнаға айналды.

2018 жылғы мамыр айында @EgovKzBot – электрондық үкімет порталы боты іске қосылды. Бүгінгі күні бот арқылы соттылықтың болуы немесе болмауы туралы, жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы, наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулез диспансерінен анықтамалар алу сияқты тағы да басқа қызметтер мен сервистерді алу мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, сұранысқа ие денсаулық сақтау саласының қызметтерін «Damumed» қосымшасы арқылы алуға болатын болса, білім беру саласының мемлекеттік қызметтерін «Indigo» қосымшасының көмегімен қол жеткізуге болады.

Жоғарыда аталған барлық іс-шаралардың басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін арттыру болып табылады.

 

МҚІА Қарағанды облысы бойынша

департаменті МКҚБ бас маманы

Ә.Әбдікәрімов


Келулердің саны: 115


Жоғары