print

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Қалиақбарұлы Әбдікеров Шет ауданында арнайы іс-сапармен болып қайтты

Халық қалаулысы алдымен аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында көп балалы отбасы Жасұлан Изатовтың үйіне арнайы барып, жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлықтарымен қоса, азық-түлік себеттерін табыстады. Осыдан кейін, іс сапар сенат депутаты аудандық жұмыспен қамту орталығында болып, орталық жұмысымен танысты. Орталық директоры А.Амангелдин слайд арқылы жалпы ауданымызда әлеуметтік мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Аудан активімен кездесуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 2 қыркүйектегі “Сындарды қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқталып, кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарды, атап айтсақ, биылғы жылы Киікті орта мектебінің ғимаратының жаңадан салынатынын, тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге сметалық құжаттарды уақытында дайындау керектігін атады. Шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мараторий жарияланғандығын айта келе, осы саланы дамытуға баса көңіл бөлу керектігін де атап өтті. Сондай-ақ, “Дипломмен - ауылға” бағдарламасымен ауылға келетін жас мамандарға көтерме жәрдемақының өскендігін, бұл өз кезегінде жас мамандарға мемлекет тарапынан қолдаудың жалғаса беретіндігін және мамандарды ауылға тартуға септігін тигізетіндігін айтты. Жиын барысында ауыл ақсақалдары сұрақтарын қойып мардымды жауаптарға ие болды., Сенат депутаты Ақадыр кентіндегі ауруханада да болып, жаңадан берілген медициналық құрылғылармен танысты. Аурухана ұжымымен болған кездесуде міндетті медициналық сақтандыру бойынша, тағы басқа да денсаулық саласына қатысты мәселелерге тоқталып өтті. Мұнан соң, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдениет үйінде Ақадыр жұртшылығымен кездесу өткізді. Бұл кездесуде де Мемлекет басшысының “Сындарды қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер жайлы айтып, тұрғындар сауалдарына жауап берді.


Келулердің саны: 127


Жоғары