print

Білім ордасының мерейтойы!

Бүгін ауданымыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп өзінің 90 жылдығын атап өтті. Осыдан тоқсан жыл бұрын іргесі қаланған білім ошағынан күні бүгінге дейін мыңдаған шәкірт түлеп ұшқан. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көптеген қоғам қайраткерлері мен мәдениет саңлақтары, академик, профессорлармен қатар, түрлі салада елімізді халықаралық деңгейде танытып жүрген тұлғалар да бар. Алғаш кеңестік дәуірде аудандағы Құмжон ауылында бастауыш мектеп болып ашылып, кейіннен «Үлгілі қазақ мектебі» атауымен орталыққа ауысқан білім шаңырағы шын мәнінде ұлттың ұясы бола білді. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде өткен «Білімнің мерейлі мекені» атты мектептің 90 жылдық мерейтойының ашылу салтанатына аудан әкімі М.Жандәулетов қатысып, ағартушы, дана ұстаз Ы.Алтынсарин есімін иеленген қара шаңыраққа аудан әкімінің «Құттықтау хаты» мен бағалы сыйлығын табыс етті. Шарада мектеп директоры Г.Сыздықова ғасырға жуық шежіресі тасқа басылған білім ордасының бүгіні мен өткенің слайд арқылы таныстырып, баяндама жасады. Аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов пен білім бөлімінің басшысы Е.Смағұлов ұзақ жылдар бойы білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздарға тұңғыш рет «Шет ауданы білім саласының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен және білім бөлімінің «Құрмет» грамоталарымен, сондай – ақ «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Салтанатты жиында мектеп тарихынан сыр шертетін бейнефильм көрсетіліп, ұстаздар мен оқушылар көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды.

 


Келулердің саны: 286


Жоғары