print

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті мемлекеттік бюджеттің IV деңгейіне өтуі

Жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамыту экономиканы гүлдендірудің, әлеуметтің әлеуетін жақсарту мен азаматтық қоғамды қалыптастырудың міндетті бір шарты болып табылады. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы аясында «Қазақстан Республикасының жергілікті басқаруды дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді. Бүгінгі таңда аталған жоба Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Заң жобасы ЖӨБ дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізуді, бюджеттік үдерістерді және коммуналдық меншікті басқарудағы ЖӨБ органдарының өкілеттігін арттыруды қарастырады. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің (атап айтқанда, Польша елінің) тәжірибесін ескере отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу тәсілдері Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясында пысықталған еді.. Қазақстанда Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Оның негізіне Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуропалық хартиясында бекітілген муниципалдық демократия мен муниципалдық басқарудың көпшілік мойындаған құндылықтары салынған. Осы тұжырымдамада Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мынадай екі кезеңге бөлінген: Бірінші кезең (2013-2014 жылдар) - басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту; Екінші кезең (2015-2020 жылдар) - жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту. Ауыл деңгейіндегі ЖӨБ бюджеті мемлекеттік бюджеттің IV деңгейі ретінде 2018 жылдан бастап 2000 адамнан асатын тұрғыны бар әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізілмек. ЖӨБ бюджетін жергілікті қауымдастық жиынында талқыланғаннан кейін аудандық мәслихат бекітетін болады, ал ЖӨБ бюджетін орындау ауыл әкімі аппаратына жүктеледі. Айта кетейік, ЖӨБ мүлкі жергілікті қазына мүлкінен және коммуналдық заңды тұлғаға бекітілген мүліктерден тұрады. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері ретінде: 1) салықтық түсімдер: - төлем көздерінен салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы; - жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық; - жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; - елді мекендердің жерлері үшін жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, - аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін алынатын төлемақы; 2) салықтық емес түсімдер: - мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер; - жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары; - «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін алынатын айыппұлдар; - коммуналдық мүлікті сатудан түскен кірістер; - аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. айқындалды. Заң жобасын қабылдау жергілікті өзін өзі басқару органдарының жергілікті маңыздағы өзекті мәселелерді шешудегі қаржылық және экономикалық дербестігін, сондай-ақ, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

 

 

Шет ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы.
     


Келулердің саны: 248


Жоғары