print

ОБЛЫСТЫҚ «ЖАС БАРЫС» ТУРНИРІ АУДАНЫМЫЗДА ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТТІ!

Жуырда ауданымыздағы Шет агротехникалық колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылына» арналған «Қазақ күресі» бойынша облысымыздағы колледж студенттері арасында «Жас барыс» дәстүрлі облыстық турнирі өтті. 5 салмақ дәрежесінде өткен аталмыш жарысқа өңіріміздің 10 колледжінен білекті де жүректі жас палуандар келіп қатысып, жекелей және командалық есепте бақ сынасты. Байқауды ұйымдастыруға аудандық Жастар ресурстық орталығы, Шет агротехникалық колледжі, «Жігер» жастар қозғалысы және аудандық дене шынықтыру және жасөспірімдер спорт мектебі ұжымдары ұйытқы болды. Айта кетейік, барша жасты салауатты өмір салтын сақтауға шақырған «Жас барыс» турнирі биылғы жылы ауданымыздағы колледжде үшінші рет өткізіліп отыр. Спорттық шараның ашылу салтанатында Шет агротехникалық колледжі директоры Р.Оразханов, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры м.а А.Нағыметов құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің түкпір – түкпірінен келген спортшы жастарға ризашылықтарын білдіріп, сәттілік тіледі. «Күшің барда күрес» дегендей, жастықтың жалын атқан қайратын бойларына дарытып, сайысқа сайдың тасындай іріктеліп келген палуан жігіттер бозкілемде бір – бірінен айла тәсілдерін асырып, тартысты өнер көрсете білді. Оның ішінде беске бес шығып, командалық есепте жарысқа түскен палуандар күресі көпшіліктің делебесін қоздырмай тұра алмады. Күреске түспесе де келіп көрген жанның арқасын қоздырған аталмыш жарыс алты сағатқа созылғанымен, әп сәтте мәресіне де жеткендігі байқалмай қалды. Сонымен жарыстың қорытындысы бойынша жекелей күресте 55 келі салмақта І орын С.Мәкітай – /Болашақ/ ІІ орын – Ә.Сейдахмет /Жезқазған/ ІІІ орын Ә.Жұмажанов /Қарқаралы/, 60 келі І орын – Ж.Теңізбай ІІ орын С.Абишев, ІІІ орын – Ә.Айталы /Горный/, 66 келіде І орын – Н.Ботабай /Гуманитарлық/, ІІ орын М.Сәулехан /Банк/, ІІІ Қ.Нұрахмед /Горный/,70 келі І орын - Б.Досмұрзаев /Шет/, ІІ орын Қ.Нұрлыбекұлы /Гуманитарлық/, ІІІорын М.Октябрин /Банк/,+80 келі І орын А.Оңайбеков /Болашақ/, ІІ орын А.Амангелді /Жезқазған/, ІІІ орын – Х.Нұртілеу /Шет/ колледждерінен келген балуандар иеленіп, бағалы сыйлықтармен қоса медал, грамоталар табысталды. Командалық есепте жүлделі І орынды Қарағанды «Болашақ колледжі», ІІ орын – Қарағанды политехникалық колледжі, ІІІ орынды – Шет агротехникалық колледжі иеленіп, жеңімпаздар кубок, грамоталармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, осы жарысқа жас палуандарды жаттықтырып, жетекшілік ете келген колледж ұстаздарына «Алғыс хаттар» табыс етілді.

 


Келулердің саны: 342


Жоғары