print

Ауған ардагерлеріне арналған саябақ пен ескерткіш тақта ашылды!

...

Биыл ақпан айында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толғандығы атап өтілген болатын. Сол шарада ауған ардагерлері ескерткіш тақта орнату мәселесін көтеріп, ұсыныс жасаған болатын. Ұсыныс аудан әкімі тарапынан қолдау тауып, Сәкен Сефуллин көшесіндегі саябақтың ортаңғы бөлігіне абаттандыру жұмыстары басталып, жүргізілді. Бручаткалар төселіп, жарық шамдары орнатылды. Мекемелердің күшімен ағаштар отырғызылып, Ауған соғысында қаза болғандардың құрметіне сәулетті ескерткіш тақта бой көтерді. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Жандәулетов, Қарағанды қаласының Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер одағы қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Талғат Болатұлы Хасенов, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесі төрағасының орынбасары М.Байтанасов ескерткіш тақтаның ақ матамен жабыл-ған жаппасы сыпырылып, аудан басшылары, ауған соғысы ардагерлері, еңбек ардагерлері, мекеме басшылары гүл шоқтарын қойған соң, аудан әкімі М.Жандәулетов жиналған жұршылықты құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты шарада Қарағанды қаласының Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Хасенов сөз сөйлеп, бұл іс-шараның жастарға патриоттық тәрбие беруде аса маңызды рөл атқаратынын, осы ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына өздерін арнайы шақырып, құрмет көрсетіп отырған аудан әкіміне шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімі М.Жандәулетовке, аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдинге, аудандық мәдени-сауық орталығының директоры Ә.Ахметжановаға және мердігер М.Әміровтерге қоғамдық бірлестіктің алғыс хатын табыс етті.

Мұнан соң, жерлесіміз Ауған соғысының ардагері Қордабай Сатай Тезекбайұлы да құттықтау сөз сөйлеп, осы жиында ауған жерінде оқ пен оттың ортасында бірге болған қарулас достарын кездестіргенін айтып, жүрек жарды лебізін білдірді.

Айта кетейік, ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды, Абай қалаларынан, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарынан ауған соғысына қатысқан ардагерлер арнайы келіп қатысты.

Салтанатты шара барысында аудандық мәдени-сауық орталығының «Аюлы» триосы және ауған соғысының ардагері Валерий Валентинович Бурцев “Ауғанстан”, “Песни Афгана”, “Время выбрала нас” әндерін орындады.


Келулердің саны: 28


Жоғары