print

Ереже

Ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – әкімнің аппараты)Шет ауылдық округі әкімінің (бұдан әрі – әкім) қызметін қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.

2. Әкімнің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Әкімнің аппараты туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Әкімнің аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. Әкімнің аппараты өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

5. Әкімнің аппараты заңнамаға сәйкес мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

6. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы ережені, оның құрылымын Шет ауданының әкімдігі бекітеді.

7. Әкім аппаратының толық атауы мен заңды мекен-жайы:

мемлекеттік тілде - «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі;

орыс тілінде - «Государственное учреждение «Аппарат акима Шетского сельского округа Шетского района Карагандинской области»,

орналасқан жері: индекс 101711, Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы Шет ауданы Үңірек ауылы, Үңірек көшесі, 24А

8. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін Шет ауданының әкімдігі құрады, қысқартады және қайта ұйымдастырады.

9. Әкімнің аппараты жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме болып табылады.

10. Әкімнің аппаратына әкім аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсiпкерлiк субъектiлерімен шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.

 

2-тарау. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

            11. Міндеттер:

Әкімнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу.

 

12. Функциялар:

1) «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыреті шегінде:

1.1. Ауылдық округінің экономикалық, әлеуметтік бағдарламаларын және жоспарларын дайындайды;

1.2. азаматтар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің орындалуына жәрдемдеседі;

1.3. Округ аумағында кәсіпкерлік қызмет пен инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасайды;

1.4. аграрлық сектордың ұтымды және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

1.5. Ауылда су құбырларын, тазарту құрылымдарын, электр энергиясын беру, байланыс желілерін және басқа да көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің құрылысын салуды және пайдалануды ұйымдастырады;

1.6. әскери тіркелу мен әскери қызметке шақыру жөніндегі, сондай-ақ азаматтық қорғаныс мәселелері жөніндегі іс-шаралардың ұымдастырылуын қамтамасыз етеді;

1.7. қоғамдық жолаушылар тасымалын ұйымдастырады;

1.8. халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кедейшілікпен күрес бағдарламаларын іске асыруға қатысады;

1.9. халықты әлеуметтік қорғау, ана мен баланы қорғау мәселелерін шешеді, халықтың әлеуметтік жағынан дәрменсіз топтарына атаулы әлеуметтік жағынан дәрменсіз топтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді, оларға қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

1.10. қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру мәселелерін шешеді. Өз құзыреті шегінде жер қатынастарын реттеуді жүзеге асырады;

1.11. халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау шараларын жүзеге асырады;

1.12. жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу шараларын жүзеге асырады;

1.13. ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

1.14. тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын басқа мемлекеттерден жұқпалы және экзотикалық аурулардың әкелінуі мен таралуынан қорғауды жүзеге асырады;

1.15. жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырған кезінде қоршаған ортаны ластаудың алдын-алу және жоюды ұйымдастырады;

1.16. ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аудандық аумақтық инспекциясымен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекітеді;

1.17. ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шараларды өткізуді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізуді ұйымдастырады;

1.18. халықтың арасында ветеринария мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

1.19. тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес аурулары бойынша эпизоотиялық жағдайды зерделейді;

1.20. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;

1.21. елді мекен жерлерінде жануарларды жаюға арналған орындарды анықтайды;

1.22. бұралқы иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастырады;

             1.23. мал көмінділерін (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастырады және оларды ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауды қамтамасыз етеді.

1.24. жануарға ветеринариялық паспорт береді.

1.25. тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылатын ветеринариялық анықтаманы береді;

1.26. аудандық Мәслихатқа елді мекендерге жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережелерін, жануарларды ұстаудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөніндегі ұсыныстарды бекітуге енгізеді;

1.27. жергілікті қоғамдастық жиынын, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

1.28. бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының, жергілікті қоғамдастық жиынының және жиналысының шақырылу уақытын, орнын және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді;

1.29. жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді;

1.30. аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджетін жоспарлауды және атқаруды қамтамасыз етеді;

1.31. жергілікті қоғамдастықтың жиналысына және Шет аудандық мәслихатына Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің бюджетінің атқарылуы туралы есепті ұсынады;

1.32. Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің бюджетін іске асыру туралы шешім қабылдайды;

1.33. жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиналысының бекітуіне ұсынады;

1.34. Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық мүлкіне жататын объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырыс беруші болады;

1.35. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

1.36. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;

1.37. мүлкі Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті кейіннен баланстан шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін күтіп ұстау және оның сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;

1.38. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің мәселелері бойынша Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің меншік (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) құқығын қорғауды жүзеге асырады;

1.39. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді сенімгерлік басқарушының орындауын бақылауды жүзеге асырады;

1.40. мүлкі Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;

1.41. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін есепке алуды ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

2) «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша:

2.1. өз құзыреті шегінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

2.2. егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

2.3. шешім қабылдайды және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

2.4. мүлкі Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды;

2.5. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғасына берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде өзі сатып алған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;

2.6. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай пайдаланылмайтын мүлкін алып қоюды жүзеге асырады;

2.7. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз не кейіннен сатып алу құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;

2.8. Шет ауданының әкімімен келісу бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларын құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешім қабылдайды;

2.9. коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға өзіне бекітіп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;

2.10. жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік заңды тұлғаларының жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

2.11. мүлкі Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемін айқындайды;

2.12. мүлкі Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда қарайды, келіседі және бекітеді;

2.13. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін пайдалану, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;

2.14. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп береді;

2.15. жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;

2.16. Қазақстан Республикасының заңнамасында берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13. Әкімнің аппараты өз құзыреті шегінде:

13.1. мемлекеттiк органдар мен басқа ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрауға және алуға;

13.2. мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтарды алуға және жүзеге асыруға;

13.3. мемлекеттік басқару органдарының, мұрағаттардың, ғылыми мекемелердің ақпараттық деректер базаларын пайдалануға;

13.4. шарттар, келісімдер жасасуға;

13.5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.

14. Әкім аппараты әкім аппаратын құрудың мақсатында жауап бермейтін қызметпен айналысуға құқығы жоқ

15. Әкім аппаратының өз құзыреті шегіндегі міндеттері:

15.1. қолданыстағы заңнамаға сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету;

15.2. Қазақстан Республикасы Президентiнің, Yкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және әкімдігінің, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің актілерi мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау;

      15.3. қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

       16. Әкімнің аппараты өзіне жүктелген міндеттерді іске асыруда аудандық мәслихат алдында жауап береді

 

 

 

3-тарау. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін ұйымдастыру

 

17. Әкімнің аппаратын әкім басқарады.

18. Әкімнің өкілеттіктері:

18.1. әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;

18.2. жергілікті қоғамдастықтың жиынында немесе жергілікті қоғамдастықтың жиналысында қабылданған шешімдерді қарайды, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;

18.3. бюджет қаражатын үнемдеудің және (немесе) Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдердің есебінен еңбек шарты бойынша жұмыскерлерді қабылдайды;

18.4. мемлекеттік мекемелердің өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді;

18.5. Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің тұрғын үй қорын түгендеуді жүргізеді;

18.6. Шет ауданының әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің авариялық тұрғын үйлерін бұзуды ұйымдастырады;

18.7. мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары аясында ауыл халқына микрокредит беруге жәрдем көрсетеді;

18.8. Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

19. Әкімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімнің орынбасары болуы мүмкін.

20. Әкім Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес әкім орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.

21. Әкім аппараты қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер этикасының нормаларын сақтауын әкім қамтамасыз етеді.

 

 

 

4-тарау. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің мүлкі

 

22. Заңнамада көзделген жағдайларда әкім аппаратының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Әкім аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Әкімнің аппаратына бекітіліп берілген мүлік Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің (жергілікті өзін-өзі басқарудың) коммуналдық меншігіне жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, әкімнің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруы немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуі мүмкін.

 

5-тарау. «Қарағанды облысы Шет ауданы Шет ауылдық округінің әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

 

25. Әкімнің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.


Келулердің саны: 29


Жоғары