print

«Дипломмен – ауылға!» - жас мамандар қолдауы!

Мемлекет басшысы жастар саясатына, жастарды жұмыспен қамту мәселесіне, әсіресе, ауылдық жерлердегі жастарды әлеуметтік қолдау жөніндегі мәселелерге басты назар аударып, бұған қол жеткізудің бірден-бір жолы, ол - «Дипломмен ауылға»бағдарламасы екендігін тілге тиек болатын.

Осыған орай «Дипломмен ауылға» жобасы он жылдан бері ауданымызда үздіксіз іске асырылуда. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты — ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру болып табылады.

Ағымдағы жылғы 23 қаңтардағы Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы көтерме жәрдемақының көлемін 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке көтеру туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, жоба аясында мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы сомасы үстіміздегі жылдың 1 тамызынан 176 750 теңгеден 252 500 теңгеге дейін көбейтілді. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие де қарастырылған.

"Дипломмен ауылға" жобасы іске асыру аясында 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 358 жас маманға 55,1 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді, оның ішінде: 261-і білім саласы, 62-і денсаулық сақтау саласы, 13-і мәдениет саласы бойынша, 8-і спорт саласы, 14-і агроөнеркәсіптік кешен мамандары.

Ал, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер 174 жас маманға 559,1 млн. теңге берілген: олардың 126-сы білім саласы, 22-сі – денсаулық сақтау саласы, 12-сі – мәдениет саласы бойынша, 5 – спорт саласы бойынша, 9 – агроөнеркәсіптік кешен мамандары;

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, «Дипломмен ауылға» жобасының аясын кеңейтіп, қаржыландыру көлемін жиырма миллиард теңгеге дейін жеткізуді Үкіметке тапсырды. Аталмыш жобаға жас мамандар тарапынан күннен – күнге қызығушылықтың арта түсуіне байланысты, ауданның экономика және қаржы бөлімі жобаның шарттарын тағы бір мәрте еске салуды жөн көріп отыр.

 

Жобаға кімдер қатыса алады?

Жобаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саламамандары, сондай-ақ еңбек өтілі, жоғарыдағы көрсетілген салаларда білімі бар, қалаларда және өзге де елді мекендерде тұратын және ауылдық елді мекендерде жұмыс істеуге және тұруға ниет танытқан мамандар қатыса алады. 

 

Жобаның қандай артықшылықтары бар?

Мемлекет өз азаматтарына ауылдық жердегі жұмыспен қатар, тиісті әлеуметтік қолдау да көрсетеді.

Біріншіден, 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 252 500 теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі.

Екіншіден, бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш – 3 787 500 теңгеге дейін бюджеттік кредит беріледі. Кредит мерзімі 15 жыл, сыйақы мөлшерлемесі 0,01%.

 

Жобаға қатысушысының міндеттемелері қандай?

Жоба бойынша шарт жасасып, әлеуметтік қолдау шараларын алған маман ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме алады. Аталған міндеттеме орындалмаған жағдайда берілген көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие толығымен кері қайтарылады.

 

 


Келулердің саны: 45


Жоғары