print

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ОБЛЫСТЫҚ АТ СПОРТЫ ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ!

Шежірелі Шет ауданы ежелден әр баласы ат құлағында ойнап, сайын даланың төсін дабылдатқан дарабоздар мен жүйткіген желмен жарысқан сәйгүлік тұлпарлар көптеп шыққан қастерлі мекен. Бүгінгі күнде де кешегі сайыпқыран арда азаматтардың ізін жалғап жүрген жастар аз емес. Биылғы жылы өзіміздің жерлесіміз Нұрбек Алматы қаласында өткен аударыспақтан Азия чемпионатында топ жарып жеңіс тұғырынан көрінсе, көп ұзамай жасөспірімдер арасында өткен аударыспақтан Қазақстан чемпионатында жерлесіміз М.Төлегенов жүлделі 2 орынды қанжығамызға байлаған еді. Осы жеңісті жол жуырда ғана Бұқар жырау ауданында өткен облыстық ұлттық ат спорт фестивалінде жалғасын тауып, біздің жігіттер ауданның мерейін тағы бір көтеріп, қуанышқа бөледі. Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу сияқты ұлттық спорт ойындарының 4 түрінен өткен додаға облыс бойынша 8 аудан 1 қала (Қарағанды командасы) қатысып, Шет ауданы құрамасы жалпы командалық есепте 1 орынды иеленді. Бұл жеңіс аудан бойынша барлық елді мекендерде араға апта салып өткізіліп жататын ат спорты ойындары мен жастардың осы ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттырып, барлық күш – жігерлерін соңына ерген ізбасар інілеріне жетекшілік етуге жұмсап жүрген спортшы жерлестеріміз С.Төлеуов, Қ.Сағындық, А.Ахметов және ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы м.а Е.Құрманбаев сияқты азаматтардың еселі еңбегінің жемісі деп білеміз. Алдағы Республикалық ат спорты жарысына жолдама алған жерлестерімізге сәттілік тілей отыра, аталмыш жеңістерімен аудан тұрғындары атынан шын жүректен құттықтаймыз!


Келулердің саны: 166


Жоғары