print

«1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесі аталып өтті

...

     Шет ауданы жұртшылығы «1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні»мерекесін жылдағыдай қуанышты көңілмен қарсы алды. Аталмыш мереке аудан орталығы Ақсу-Аюлының спорт кешеніндегі спорттық сайыстардан бастау алып, мәдениет үйі алаңындағы «Ұлт бірлігі-ұлы байлық» атты бұқаралық мәдени – көпшілік шарамен жалғасты. Әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен ән, билерінен достық фестивалі өткізіліп, «Көп ұлтты Қазақстан-татулық мекені» атты театрландырылған көрініс қойылды. Мерекелік шараны аудан әкімі М. Жандәулетов құттықтау сөзімен ашып, аудан жұршылығына татулық пен бейбітшіліктің басты тұтқасы ынтымақ пен бірлік тіледі. Сонымен қатар, аудан әкімінің құттықтауынан кейін логотип бейнеленген шарлар ұшырылып, үнді отшашуы атылды. Осынау шуақты күні аудан тұрғындары мекеме ұжымдарының ұйымдастыруымен әр ұлт өкілдерінің тағамдарынан дайындаған көрмелерден дәм татты. Мерекеге орай арнайы шақырылған республикамызға танымал әншілер Саят Әбдіғали, Кәмшат Насырова, Нұрболат Темірғалиев және «Маэстро» тобы өздерінің ән – шашуларымен жиылған көпшілікке мерекелік көңіл – күй сыйлады.Мерейлі мереке аудан орталығында ғана емес ауданға қарасты елді – мекендерде де өз жалғасын тапты. Нұраталды ауылындағы халықтың қаражатына салынған мешіттің ашылу салтанаты осы күнмен тұспа - тұс келіп спорттық ойындар мен ат жарысы ұйымдастырылса, Ақадыр кентінде «Жастар жылы» аясында алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай «Төгейік жыр жауһарын әуелетіп» атты аймақтық жас ақындардың айтысы өткізілді.

 


Келулердің саны: 554


Жоғары