print

Электронды шот-фактура жазуға міндетті барлық ҚҚС төлеушілер

  • ҚҚС төлеушілердің барлығы электрондық шот-фактураларды жазып беруге міндетті
    2019 жылдан бастап ҚҚС төлеушілердің барлығы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу барысында шот-фактураларды электронды түрде, яғни ЭШФ ақпараттық жүйесі арқылы жазып беруге міндетті.
    ҚҚС төлеушілерден бөлек, ЭШФ жазып беру бойынша міндеттеме, ҚҚС бойынша есебіне тұрмағанына қарамастан, салық төлеушілердің үш санаты үшін де қарастырылған.
    Олар:
    - қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын комиссионерлер мен экспедиторлар;
    - Тауарларды шығару тізбесіне қосылған тауарларды өткізетін салық төлеушілер;
    - импортталған тауарларды өткізетін салық төлеушілер.
    Негізінен Тізбе Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2015 жылғы 14 қазандағы № 59 Шешімімен бекітілген, ол ЕАЭО мүше мемлекеттерінің басшыларымен қол қойылған Хаттама (Бурабай, 2015 жылғы 16 қазан) негізінде ДСҰ-на кіру шарттары ретінде қабылданған міндеттемелерге сәйкес бекітілген болатын.
    Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Әкелу кедендік бажы қолданылатын тауарлар тізбесін, мөлшерлемелер көлемін және олардың қолданылу мерзімін бекіту туралы» 2017 жылғы 9 ақпандағы № 58 бұйрығымен актуалдандырылған Тауарларды шығару тізбесі бекітілген.
    Аталған тауарлар тізбесін ҚР ҚМ МКК ресми интернет-ресурсында «ДСҰ» бөлімінен көруге болады.
    Салық кодексімен шот-фактураны жазбауға болатын жағдайлар қарастырылған:
    - есеп айырысулары сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегін ұсына отырып, қолма-қол ақшамен және көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалдары арқылы; төлем карточкаларын пайдаланып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдана отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өткізілген жағдайда;
    - есеп айырысулары электрондық ақшамен немесе электрондық төлем құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер жеке тұлғаларға өткізілген жағдайда;

- жеке тұлғаға ұсынылған коммуналдық көрсетілетін қызметтер, байланыс қызметтері үшін есеп айырысулар екінші деңгейдегі банктер, пошта операторы арқылы жүзеге асырылған жағдайда;
- теміржол немесе әуе көлігімен жолаушыны тасымалдау қағаз жеткізгіштегі жол жүру билетімен, электрондық билетпен немесе электрондық жол жүру құжатымен ресімделген жағдайда;
- тауар дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлғаға өтеусіз берілген жағдайда.
Осылайша, ЭШФ жазып беруге міндетті тұлғалар жоғарыда аталған жағдайларда, Тізбеге қосылған тауарларды қоспағанда, шот-фактураларды жазып бермеуге құқығы бар.
Тізбедегі тауарлар бойынша, ЭШФ жазып беру Қағидасында белгіленгендей, бір күн ішінде жеке тұлғаларға Тізбедегі тауарларды өткізген жағдайда жалпылама бір ЭШФ жазып беруге болады, онда өткізілген тауарлардың жалпы саны әрбір түрі бойынша жекелеп көрсетіледі.
Бұл ретте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексімен (280-1-бабы) ЭШФ-ны жазып бермегені немесе уақытылы жазып бермегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Шет ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы


Келулердің саны: 639


Жоғары