print

Шет ауданында мыс зауыты толық қуатында іске қосылды

...

2018 жылдың 12 желтоқсаны аудан тарихында елеулі датаға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні шеңберінде «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Еліміздің өңірлерімен тікелей байланыс орнатылған шара барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында республика бойынша жүзеге асырылған 28 жаңа жоба іске қосылды. Соның алғашқыларының бірі болып мемлекет басшысы Шет ауданы Алмалы кен орнында биыл салынып біткен «Sary-arka Copper Processing» ЖШС-нің катодтық мыс зауытының тұсауын кесті, жұмысына ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.

         Елбасыға таныстырылған бұл кәсіпорын тестілеу режимінде жұмысын бастап, биылғы шілде-қараша айларында жалпы құны 5 млрд.теңге болатын 2300 тонна өнім шығарды.

‒Қазіргі таңда барлық сынақ жұмыстары аяқталды. Толық қуатына енгенде өндірісте 550 адам еңбек ететін болады‒деп мәлімдеді Елбасыға «Караван Ресорсиз ЛТД» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғанов телекөпірде.

Ел Президенті жобаның толық өндірістік іске қосылуына бастау берді.

         ‒Бұл еліміз үшін өте қажетті кәсіпорын. Жобаны толық қуаттылығына қосыңыздар‒деді Нұрсұлтан Назарбаев.

         Зауыт жұмыскерлері Елбасына көрсетіліп жатқан қолдау мен әлеуметтік бастамалары үшін алғыстарын білдірді.

         Расында мұнда жуырда еңбекақы өсірілген. Негізгі цехтарда істейтін жұмыскерлердің айлығы 500 мың теңгеге дейін барады, ал вахтамен жұмыс істейтіндердікі орта есеппен 220 мың теңгені құрайды.

         Катодтық мыс өндіретін бұл зауыт құрылысының жобасы облыстық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліпті. Құны‒14 млрд.теңге. Зауыт өз саласындағы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Өндірісте инновациялық технологиялар қолданылады.

         ‒Біз бүгін Елбасының батасын алғанымызға қуаныштымыз. Зауыт екі жылда салынды. Ол барлық стандарттарға сай келеді. Қазақстанда осындай өндірістің баламасы жоқ. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна жоғары сапалы катодтық мыс шығарады. Өнім экспортқа шығарылады‒деді Қ.Сатылғанов журналистерге берген сұхбатында.

         Ол сонымен қатар зауыт аймақтағы елді жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға үлесін қосып отырғанын айтты. Қазірдің өзінде мұнда облыстың 240 тұрғыны жұмыс істейді. Олардың 158-і Шет ауданының тұрғындары.

         Телекөпірге зауыттың басшылары, инженер-техниктерімен бірге осы жобаның сәтті жүзеге асуына үлкен үлесін қосқан облыс әкімі Ерлан Қошанов қатысты.

         Аудан үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы айрықша өндіріс ошағының ресми ашылуы салтанатын басты ұйымдастырушылар аудан әкімі Марат Жандәулетов пен орынбасары Мақсат Жұмкин болды.

  

                                                                                     Аудан әкімінің баспасөз хатшысы


Келулердің саны: 467


Жоғары