print

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖҮЙЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазанның соңғы жексенбісі күні аталып өтуге тиіс әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аудан әкімдігінде 25 қазан күні салтанатты түрде ашылды. Оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, ауыл, кент әкімдіктеріндегі осы салаға жауап беретін мамандар, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен баспасөз өкілдері қатысты.

         Аудан әкімі М.Жандәулетов: «Сіздер әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қамқорлық, қайырымдылық пен мейірімділік сыйлап келесіздер. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің көмегі ғана емес, адами қамқорлықты да қажет етеді. Көмекке мұқтаж азаматтар сіздерге қалтқысыз сенеді және үлкен үмітпен қарайды. Сіздердің күнделікті атқарып отырған істеріңіз қандай да болсын құрметке лайық» - деді өзінің құттықтау сөзінде.

         Әлеуметтік осал топтағы адамдармен бірге өмір сүріп, біте қайнасқан, сала қызметкері деген абыройлы атаққа ие болған бір топ қызметкер мен ардагерлер әкімінің қолынан марапат алды.

         Ақшатау кентінен Р.Кубина аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» наградталды, ал Алғыс хаттарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаламалар бөлімінің статисі Ә.Әмірова, жұмыспен қамту орталығының консультанты Ә.Биғарашева, Шет ауылдық округі әкімдігінің қызметкері М.Мұқаділова, зейнетақы төлеу орталығының маманы Е.Баймұхановтар алды.

         Кезінде осы салада бюджеттің тапшылығы кезінде жұмыс істеп, қиындықтың ыстығы мен суығына төзіп қауқарсыз жандарға сүйеніш бола білген, бүгінде зейнетте отырған ардагерлерге аудан әкімі естелік сыйлықтар табыс етті. Олардың атынан жүрек жарды лебізі мен тілегін зейнеткер Ғайни Мұқашева жеткізді.

         Бұдан кейін сөз алған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақыт Бекенов саланың биылғы жұмысына тоқталды.

         Бүгінгі күні әлеуметтік салада 47 адам жұмыс істейді, оның 11-і бөлімде, 7-і жұмыспен қамту, 9-ы зейнетақы төлеу орталықтарында және 20 әлеуметтік қызметкер мен ассистенттер ауыл, кент округтерінде еңбек етеді. Жер-жердегі әлеуметтік қызметкерлердің тәрбиесінде 18 мүгедек пен жалғыз басты қариялар, 22 мүмкіндігі шектелген балалар бар.

         Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша биылғы белгіленген негізгі көрсеткіштер толық орындалған. Жұмыссыздық деңгейі кейінгі 5 жылда 5,7 пайыздан 3,9 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар кедейшілік деңгейі 1,3 пайыздан 0,9 пайызға дейін азайған.

         Қазіргі уақытта 137 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Аудан бойынша есепте тұрған 1712 мүгедек жан толық қамқорлыққа алынған, ал I топтағы 110 мүгедектің 58-не «Аманат» мүгедектер қоғамы арқылы жеке көмекшілер тағайындалған.

         Жыл басынан жұмыспен қамту орталағына 34 мүгедек жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе оның 27-сі тұрақты жұмысқа орналасыпты.

         76 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімділік қамтамасыз етіліпті.

         Осындай ауқымды істер жұмыспен қамту орталығында да атқарылып жатыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасы аясында 600 млн. т-ге қаражат бөлініп ол үш бағыт бойынша несие беруге жұмсалған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеген, 18 адам әлеуметтік жұмысқа, 39 адам жастар практикасына, 66 адам кәсіптік даярлау курстарына жіберілген.

         Зейнетақы төлеу орталығы аудандағы 5307 зейнеткерге, 372 асыраушысынан айырылғандарға, 1134 алтын және күміс алқа иегерлеріне, 108 тыл еңбеккерлері мен 1560 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуде.

         Сөзін аяқтай келе бөлім басшысы Б.Бекенов әріптестеріне ұзақ ғұмыр, табысты еңбек тіледі.

         Салтанат соңы мәдениет үйінің өнерпаздары қойған концертке ұласты.

Шет ауданы әкімінің баспасөз

   хатшысы Ертай Жәнібеков


Келулердің саны: 143


Жоғары