print

Парламент депутатының іс-сапары

...

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5 қазан күні Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жұртшылықтың қызу қолдауына ие болып, жан-жақты талқылануда. «Қазақстандықтардың әл-аухатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын, арттыру» тақырыбы кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық.

         Ұлт көшбасшысының Жолдауын тереңірек түсіндіру мақсатында қазан айының 24 күні республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Павел Олегович Казанцев ауданға атбасын бұрды.

Кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төлеуқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ардагерлер мен жастар, баспасөз қызметкерлері қатысты. Жиналған жұртшылық жылы қарсы алған депутатпен кездесуді аудан әкімі Марат Жандәулетов кіріспе сөзбен ашып, әрі қарай жүргізіп отырды.

Депутат П.Казанцев Президент Жолдауының мәні мен мақсатын тыңдарман көпшілікке ұғынықты тілмен, мысал келтіре отырып түсіндірді. «Биылғы Жолдаудың ерте жариялануының өзі Елбасының халықтың жағдайына, әсіресе оның аз қамтылған бөлігіне алаңдаушылығын білдіреді. Бағдарламалық бұл құжат келесі жылдың қабылданбақ бюджетіне кіріп, оны орындау үшін тиісті қаражат бөлінуі керек. 2019 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын бастамалардың құны 1,5 триллион теңгені құрамақ» - деді халық қалаулысы.

Әңгіме түрінде өткен жиында депутатқа сұрақ берушілер де аз болған жоқ.

Еңбек ардагерлері Боранбай Жұмкин, Ертай Жәнібеков, сондай-ақ «Шетэнерго» ЖСШ-нің директоры Құрманғазы Әміров, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Таңсық Махамбетовалар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Депутат тарапынан тұшымды жауаптар алған азаматтар ризашылығын білдірді. Қайсыбір сұрақтарды жазбаша түрде жазып беруін өтінген депутат тиісті жауапты мәселенің анық-қанығына жеткен соң беруге уәде етті.

Активпен кездеспес бұрын П.Казанцев аудан орталығын аралап көріп, іші соңғы дизайн үлгісімен жаңартылған археология-этнографиялық музейді тамашалады.

Уақытының тығыздығына қарамастан депутат аудандық ауруханада болып, дәрігерлермен және кіші қызметкерлермен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды.

Мәртебелі мейманның жанында аудан әкімі мен оның орынбасары А.Әбілдин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Б.Ілиясовтар болды.

 

                                                                                                                                                        Шет ауданы әкімінің

                                                                                                                                                        баспасөз қызметі.


Келулердің саны: 143


Жоғары