print

Шет ауданының 90 жылдығы

...

Қарағанды облысының іргелі аудандарының бірі Шет ауданы 1928 жылы Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 3 қыркүйек күнгі Қаулысымен құрылған. 2018 жылғы 15 қыркүйек күні осы айтулы оқиғаның 90 жылдығы ауданда салтанатты түрде аталып өтті. Мерекеге дайындық бір жыл бұрын басталды. Шет ауданы туралы танымдық жинақтар мен тарихи шығармалар жазуға тапсырыстар берілді. Арнайы қор ұйымдастырылды. Жыл басында ауқымды іс-шаралар жоспары жасалып, оларды жүзеге асыру қолға алынды. Аудан бойынша “90 жылдыққа-90 игі іс” атты қозғалыс өткізу межеленді, осыған байланысты “Шет шұғыласы” газетінде айдар ашылып, той құрметіне істеліп жатқан жұмыстар туралы хабарлар апта сайын беріліп тұрды. Ауданның мерекелі датасына “зар заман” ақындарының бірі Шортанбай-жырау Қанайұлының да 200 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп бірталай іс-шаралар ұйымдастырылды: жер-жерде Шортанбай оқулары, кездесулер, оқырмандар конференциялары өтті. Жыраудың басына қоршау қойылды, аудан орталығындағы ескерткіші тұрған саябақ жаңғыртылды, өзі атындағы даңғыл абаттандырылды.

Астананың 20 жылдығы, ауданның 90 жылдығы, Шортанбай жыраудың 200 жылдығына арналған іс-шаралар ауданның барлық округтары мен ауылдарын қамтыды. Соның ішінде той қызықтары өтетін Ақсу-Аюлының безендірілуі ерекше болды. Ауылға кіре берісте жаңа арканың құрылысы басталды. Оның жанында “Мәңгілік ел” стелласы бой көтерді.

Салтанатты жиын өтетін стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, трибуналары жаңартылды. 400 метрлік жүгіру жолағына төселген қызыл тартан материалы, жап-жасыл футбол алаңымен әдемі жарасты. Стадионның алдындағы алаңға фонтан, түрлі аттракциондармен безендірілген демалыс саябағы жабдықталды, стадион дарбазасы көрнекі етіліп қайта салынды.

Көшелердегі бүкіл көрнекі құралдар жаңашаланып, қосымша қойылған жарық шамдары ауыл басын ерекше нұрға бөледі.

Бұның алдында Дербісалы көшесінің бас жағына батырдың еңселі кеуде мүсіні қойылып, саябағы салтанатпен ашылған болатын.

Мемлекет-жеке меншік серіктестігінің нәтижесінде аудан орталығында бұрынғы бюджеттік екі балабақшаның үстіне жалпы сыйымдылығы 100 орындық екі жеке бақшаның лентасы қиылды.

Арқа күй мектебінің көрнекті өкілі, домбырашы-сазгер Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдығын республикалық дәрежедегі күй фестивалімен атап өткен аудан жұртшылығы осынау игі істің куәгері болды.

Көптен күткен той да басталды. Әсем безендірілген орталық стадионда мерекеге арнайы шақырылған қонақтарды ақ шағаладай киінген оқушылар сап түзеп қарсы алды.

Салтанатты Қарағандыдан келген ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының “Сарыарқа” күйімен ашып, іле “Қуаныш” би ансамблінің ару қыздары “Шашу” биін биледі. Ақ әжелер той құрметіне шашу шашуда. Елге танымал айтыскер ақын , жерлес Дидар Қамидың арнау өлеңінен соң бірінші сөзді аудан әкімі Марат Жандәулетов алды.

Мұнан соң ол республикалық және халықаралық жарыстарда аудан мен облыстың, қазақ елінің намысын қорғап, жеңімпаз атанған бір топ спортшыға бағалы сыйлықтар табыс етті. 1 млн. теңгенің сертификатын «Қазақстан барысы-2018» республикалық қазақ күресі турнирінде чемпион атанған жерлесіміз Ержан Шыныкеев алса, самбодан әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов пен тоғызқұмалақтан Азия чемпионы Аңсаған Қожанәсіп 500 мың теңгенің сертификаттарын иемденді.

Көрші Абай ауданында тұратын жерлесіміз, әнші Бота Ноғаева той сахнасынан өзі шығарған “Шежірелі Шет ауданым” атты әнін тұңғыш рет шырқады.

Стадион даласындағы 200-ден аса жас қыздар мен ұлдардан құралған фондық топ пен ту ұстаушылар түрлі-түсті көріністер жасап мерекенің шырайын келтіре түсті.

Ауданның алғашқы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев, ауданды көп жыл басқарған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров, Қазақстан Жазушылары Одағының екінші хатшысы, ақын Бауыржан Жақып құттықтау сөз сөйледі.

Салтанат театрландырылған көрініске ұласып Шет өңірінде жасаған батырлар мен ақындардың тарихи іс-әрекеттері көркем бейнеленді. Халықтың талғамынан шыққан осы қойылымдарда арқадан шыққан әнші-күйшілер де дәріптелді, Астананың 20 жылдығы ұлықталды.

Түскі ас Аюлы тауының баурайында Қаштай сайында тігілген қырық шақты киіз үйлерде берілді. Ауылы аралас, қойы қоралас Жаңаарқа ауданы хан сарайындай әсем үйімен, ішіндегі сыйымен, ән күйімен келіпті. Жастары биыл 50-ге толған бір топ ауыл азаматтары мен сырт жүрген сыныптастары да бөлек киіз үй тігіпті. Әрқайсысы бір-екі үйден тіккен ауыл-кент округтары, аудандық мекемелер, ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер тойға келген бірнеше мың адамды ың-шыңсыз қабылдап, дәм-тұздарымен риза етті.

Айналасы тоғаймен көмкерілген көк шалғынды кең сайда, ақ шағаладай тізілген киіз үйлердің қарсысында дала сахнасы, күрес алаңы, Қырғызстаннан келген “Логин” цирк тобының шатыры мен керген арқаны, сауда-саттық дүңгіршектері орналасты. Аулақтау жерде аударыспақ жүріп жатты.

Қазақ күресі 70 және 80 келі салмақ дәрежелерінде өтіп, қарсыластарын бет қаратпай жыққан екі палуанға тиісінше мотоцикл және жеңіл автокөлік жүлдеге берілді (Мұқатай Сырым, Айдын Дәртаев). Аса тартысты өткен аударыспақшылар да 50,60,70 келі салмақтарда өнер көрсетті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.

Аламан бәйгенің бас жүлдесі жеңіл автокөлік болғандықтан оған деген ынтызарлық арта түсті. Жан-жақтан жиналған 31 сәйгүлік кешкі салқынмен дала төсін дүбірлетті. Жан алысып, жан беріскен атшабыста бірінші орынды Алматы облысынан келген Әбдісамат Рустамұлының “Томирис” атты тұлпары оқ бойы озып келіп алды. Екінші-үшінші орындарды ауданның атынан түскен аттар иемденді. Жүлделер алты орынға тігіліп, иелерін тапты.

Кешкісін орталық стадионда “Аюлым-құт мекенім” атты гала-концерт өтті. Аудан тойының құрметіне арнайы келген қазақ эстрадасының жұлдыздары Тамара Асар, Заттыбек Көпбосынұлы, Марат Омаров, Жан Тапин, Асхат Тарғын, Нартай Ибишев пен “Маэстро” тобы өнер көрсетті.

Стадионда иін тірескен халық алдында жерлес әншілеріміз Саят Әбдіғали, Сейіл Аяғанов, Бахтияр Ахановтар да тамаша әндерімен елдің жан-жүрегін баурады.

Тамаша той жұлдызы жамыраған қаракөк аспанды түрлі-түсті гүл шоғына бөлеген от шашумен аяқталды

Әсем сәнімен, шырқалған әнімен Шет ауданында өткен, дүниені дүбірлеткен той облыстың баспасөз органдарында жарияланып, теледидардан көрсетілді.

Аудан әкімінің баспасөз

        хатшысы Ертай Жәнібеков


Келулердің саны: 1056


Жоғары