print

Палуан баба ардақталды

        Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жеріміздің тарихын, ата-бабаларымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа жеткізу, соның негізінде оларды отансүйгіштікке, патриотизм мен ерлікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу мақсаты қойылған.

        2017 жылдың тамыз айында Ақжал кентінде сондай бір тарихи тұлғаның, атақты балуан Әлімшайқы Сәлімбаевтың туғанына 105 жыл толуына байланысты іс-шаралар өтті. Оған бастамашы болғандар балуанның ұрпақтары мен ағайын-туғандары, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қоры, кенттің ақсақалдар алқасы Ә.Сәлімбаевтың атын ұлықтау тұрғысында үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді.

        Осы өңірдің тумасы 1912 жылы дүниеге келген балуан жастайынан еңбекке араласып, Балқаш тау-кен комбинатында жұмыс істеген. Қарулы жас жігіт еңбек озаты, стахановшы-металлург бола жүріп еркін күреспен мақсатты, табанды түрде шұғылданған. Талантты спортшының атағы 40 – 50-ші жылдары дүркірей шығып, орта және жартылай ауыр салмақта Қазақстанның 14 дүркін, Орта Азияның 7 дүркін чемпионы лауазымына қол жеткізген. Қазақ жастары арасынан халықаралық спорт шебері атағын алған алғашқылардың бірі. Жауырыны жерге тимеген палуан Балқаш пен Шет өңірін республикаға, қала берді Кеңес Одағы көлеміне әйгілейді.

        1945 жылы тамыз айында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің құрметіне Москвада Қызыл алаңда Бүкілодақтық дене шынықтырушылар слетінде Қазақ ССР-нің делегациясы құрамында шеруге қатысқан.

        Ол тек күреспен ғана шектелмей спорттың штанга , көпсайыс түрлерімен де шұғылданып тамаша жетістіктерге жеткен.

        Атақты палуанның ұлағатты өмір жолы, спорттағы жасаған ерліктері, адами биік тұлғасы өзінен кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып, жолын қуған шәкірттері арасынан Серік Демесінов, Тұрар Төлепбеков сияқты еркін және қазақша күрес чемпиондары шықты.

        Боз кілемде топ жарған, күрестен олжа салған даңқты палуанның атына Ақжал кентінде 2015 жылы ашылған спорт кешені берілді. Осы туралы қойылған тақтаның ашылуы салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Марат Жандәулетов: «Кешегі барша қазақтың бағына жаратылған Әлімшайқы Сәлімбайұлы секілді палуан бабаларымыздың бойынан табылған алып күш пен асқақ рух талай қазақ баласына әлемдік додаларда топ жаруға жол ашты» - деді.

        Шынында Әлімшайқы аталарының жеңісті жолын жалғастырушы Ержан Шыныкеев, Бейімбет Қанжанов, Жансай Смағұловтар күрес түрлерінен Азия, әлем чемпиондары атағын алды, ал Жансай болса Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Дүниежүзілік жазғы олимпиадаға қатысты.

        Аудан басшысы «NOVA-Цинк» кәсіпорнының бұрынғы басшысы Қойшанов Сәкенге, қазіргі бас директор Асан Сүйіндікке осындай заманауи спорткешенді салып, Ақжал халқына сыйлағаны, спортқа қамқорлық жасағаны үшін алғыс айтты.

        Той салтанаты үстінде Ә.Сәлімбаевқа арналған кітаптың тұсау кесері өткізіліп, онда аудандық Мәслихаттың хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, «NOVA-Цинк» - ЖШС-нің басшысы Сүйіндік Асан және баба ұрпағы Зарлық ақсақалдар жүрек жарды лебіздерін білдірді.

        Салтанатты рәсімдерден кейін қазақ күресінен палуандар белдесуі өткізіліп, ас берілді.

 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

2017 жыл, тамыз


Келулердің саны: 68


Жоғары