print

АУДАН СПОРТШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Өркениет өріне құлаш ұрып   отырған елімізде салауаттылық өмір салтын қалыптастыру - басты мәселе. Ал салауатты өмірдің спорттан бастау алатыны баршаға мәлім. «Спорт деген бір сиқыр» деп жатамыз, ол рас. Сиқырлы әлемге қол бұлғап шақырған спорттың қоғамымыздағы алар орны ерекше. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен облысымыздың құрылғанына 80 жыл толуы шеңберінде ауданымыздың спортшылары әр түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Облыстық дәстүрлі   «Сарыарқа» жазғы ауыл спорты мерекесінде жалпы командалық есеп бойынша ұзақ жылдар бойы алдыңғы үштікті қанағат етіп келе жатқаны аудан спортшыларының жетістіктеріне де өлшем болары анық.

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан спортшыларын марапаттау рәсімі болып өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин аудан спортшыларын қол жеткен жетістіктерімен құттықтап, спорт тек денсаулықты нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар мінезді де қалыптастырады, ерік-жігерді шыңдайды, қиындықтарды еңсеруге жәрдемдеседі. Денсаулығы мықты, рухы жоғары жандар әрдайым қоғамның тірегі болып табылады деп, спортты дамыту еліміздің стратегиялық бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

Салтанатты шарада аударыспақтан Аягөз қаласында өткен турнирде түйе палуаннан I-ші орын алған Ескендіров Марғұлан аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығына ие болса, 10 спортшы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасы, алғыс хатымен марапатталды. Байырғы спортшы, жаттықтырушы Алтынбеков Марат Шәкірұлына салтанатты жағдайда иығына шапан жауып, бағалы сыйлық тапсырды.

Мұнан соң 2016 жылдың жазғы спартакиадасында волейболдан, асық атудан I-ші орын алған, тоғызқұмалақтан, қазақ күресінен, аударыспақтан II-ші орын, көкпардан, кір тасын көтеруден III-ші орын алған команда спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды. Аудандық спорттық бәсекесінің қорытындысында жүлделі бірінші орынды Ақсу-Аюлы ауылдық округі, екінші, үшінші орындарды Нұраталды, Шет ауылдық округы спортшылары иемденіп, арнайы кубок пен диплом табысталды.

Салтанатқа қатысушылар арасынан спорт ардагерлері М.Алтынбеков пен А.Қызылов өз пікірлерін білдіріп, спорт пен денешынықтырудың егіз ұғым екенін, оның біздің өмірімізде маңыздылығы ерекше екенін атап өтті.


Келулердің саны: 3041


Жоғары