print

ЕГІН - БІТІК, ҚЫЗУ ЕҢБЕК БОЛҒАН ЖЫЛ

Қоңыр күз - тырбанып, жер тырнаған диқанның бейнеті өтелер шақ. Еңбек сауған диқандар биыл елді мол ырзыққа кенелтті. Еңбектері жанып, төккен терлері еселеп қайтты. Биыл жаз жауынды болды. Ел ішінен «жаз көрмедік» дегендер де табылды. Несін айтарсың бұл ойды біз де құптаймыз. Күн құрғатпай күркіреп, жауды да тұрды ғой, жарықтық. Бұрындары ылғалдың жетіспеушілігі проблема болса, биыл жауын-шашын шаш етектен болды дерсің. Иә, Алланың құдіреті мен адамның амалында шек жоқ дерсіз. Мерейіміз аспандап күзгі жиын-терін науқанында облысымыздың диқандары 1 миллион тоннадан астам астық жинап ала алды. Бұл дегеніңіз бұрынғы жылдардағы көрсеткіштен әлдеқайда артық. Диқандар биыл масақты дақылдың әр гектарынан 14 центнерден өнім алыпты. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Ақ түйенің қарны жарылды деген осындай-ақ болар. Көпшіліктің айтуынша, егін салып келе жатқан жарты ғасырға жуық уақыт ішінде облысымыз мұндай көрсеткішке алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Арқа төсі елімізде ғана емес, дүние жүзіндегі астықты өңірлердің біріне айналып келеді. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) астықты Қазақстанның келешегіне үлкен үмітпен қарап отырғанын біреу білсе, біреу білмес.

Осынау мерейімізді тасытқан мол астыққа аудан диқандарының да қосқан сүбелі үлесі бар екенін мақтанышпен айтуға тұрарлық. Егін салу науқаны ауданымызда жақсы өтті. Бәрі уақытында атқарылды. Аудан бойынша 17472 гектар жерге масақты дәнді дақылдар себілді. Осынау егістік алқабынан түскен астық көлемі 24,3 тоннаны құрап, орташа түсім әр гектарға шаққанда 14,0 центнерден келіп отыр. Біздің аудан үшін гектар берекесі 7,0 центнерден келсе зор жетістік саналатынын ескерсек, бұл дегеніміз - рекордтық өлшем. «Қамбадағы астық - қолдағы астық» демекші, жиын-терім аяқталып, өнген астық толықтай жиналып алынды. Келер жылдың егістігіне деп 2 мың тонна астық дақылдары, оның ішінде 500 тонна бидай, 1400 тонна арпа және 100 тонна сұлы тұқымға деп құйылып алынды. Картоп пен көкөніс түсімі де көңіл толтырарлық. Картоптан орташа өнім 200 центнерден айналса, көкөністің түсімі 160 центнерден келуде. Бүгінде егіншілікпен шұғылданатын шаруашылықтар сүдігер жыртумен айналысып, көздеген 3500 гектардың, 1500 гектары жыртылды. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 01 пайызға артық себілген болса, келер жылы егістік көлемін 10 пайызға арттыру көзделуде. Яғни 20 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Әрине, «жатқан тастың астынан су жүрмес» деген. Елімізде астық өндірісін дамытуды көздеген Елбасымыз, сонау қиын-қыстау кездің өзінде «Астық туралы» Заң қабылдатты. Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) бөлінген инвестиция көлемі былтырғыдан 56 пайызға артты. Елбасы Үкметтің қыркүйек айында өткен кеңейтілген отырысында АӨК-ті қолдауға жыл соңына дейін тағы да 97 миллиард теңге бөлуге тапсырма бергені мәлім.

Жыл жемісті болды. Диқанның мерейі үстем шықты. Бұл - Алланың бергенін адамның іске асыра білуінің, мемлекет қолдауының нәтижесі, диқанның ала жазғы маңдай тері. Үлкен ерлік.


Келулердің саны: 2637


Жоғары