print

КӘСІПКЕРЛІК - ТҰРАҚТЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ

Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында "Шағын және орта бизнестің дамуын - еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттарының біріне жатқызған. Шағын және орта бизнесті дамыту - Қазақстанның ХХI ғасырдағы индустриалдық және әлеуметтік жаңаруының басты құралы болып табылады. Біздің экономикамыздағы шағын және орта бизнестің үлесі қаншалықты көп болса - Қазақстанның дамуы да соншалықты тұрақты болады", - деп атап өткен болатын.

Міне, сондықтан да орта және шағын бизнестің дамуы әрдайым бірінші кезектегі мәселе болып табылады.

Өткен аптада аудан әкімі М.Жандәулетов аудан орталығындағы “Шетқұрылыс” ЖШС-і мен “Ақжол” шаруа қожалығын аралап, жұмыстарымен танысты.

“Шетқұрылыс” серіктестігінде болғанда тынымсыз еңбектің куәсі болдық. Аудан әкімін өздерінің кәсіпкерлік саласында қол жеткізген жетістіктері жайлы ағайынды кәсіпкерлер Құрманғазы, Мейрам Әшімұлдары таныстырды.

Бүгінде кәсіпкерліктің әр саласында жұмысын өрістетіп, талай азаматты жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің бірі “Шетқұрылыс” екені баршаға мәлім. Құрылыс салудан бөлек, тойханасы, әр жерде құрылыс материалдарын сататын нүктелері, халыққа көмір сатумен қатар, кірпіш құю, күніне 500 бөлке нан пісіретін наубайханасы, келген қонақтар мен жолаушыларға арналған қонақ үйі мен асханасы бар, тұрғын үйлерге су құбырын тартып беру, сонымен қатар, қажетті пластик есік, терезелер дайындауды қолға алған, қанатын кеңге жайған, бәсекеге қабілетті, серіктестік десек әсте қателеспейміз.

Құрылғанына 11 жыл болған серіктестік аудан елді мекендерінде, сонымен қатар, Теміртау қаласында, Токаревка кентінде, Ботақара сияқты, тағы басқа да аудан аумағынан тыс елді мекендерде сәулетті үйлер салып, талай ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізді.

Серіктестікте 20 тонналық 5 ауыр жүк көлігі, 1 тиегіш, эксковатор басқа да көптеген техникалары жұмыс істеп тұр. Бұл техникалардың игілігін тұрғындар да көруде. Сұрап барған адамға тегін беріп, көмек қолын созып жатады. Жанармайын құйсаңыз болды. Сауапты істерден де құр алақан емес. Жағдайы жоқ отбасыларға тегін көмір түсіріп беріп, кейбірінің үйіне суды тегін тартып беріп жатады. Алланың үйі мешітті де қамқорлықтарына алған. Қыста бір от жағушыға еңбекақысын төлеп беріп отыр. “Бергеніңді айтпа, алғаныңды айт” демекші, бұл азаматтар сауапты істерін, елге жасаған көмектерін ешкімге жариялаған да емес. Оны құп көрмейді де. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп осыны айт.

Қыс мезгілінде 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, жаз мезгілінде жұмыстың ауқымы көбейетіні белгілі, осы уақытта 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкерлер аудан әкіміне арендалық тұрғын үйлер салуға жер бөлінсе деген өтініштерімен қоса өздерінің ұсыныс, пікірлерін де білдірді.

Қомақты қаржымен бюджетке кіріс түсіріп, ауданымыздың экономикасы мен әлеуметін дамытуға өз үлестерін қосып отырған “Шетқұрылыс” ЖШС-і әлі талай асуларды бағындыратынына сенімдіміз.

Мұнан соң, аудан әкімі М.Жандәулетов “Ақжол” шаруа қожалығында болды. Шаруашылық жетекшісі Серғазы Мұстафин ағамыз.

“Астана-Қарағанды” күре жолының бойында, аудан орталығының іргесінде орналасқан “Ақжол” шаруа қожалығын да іргелі шаруашылық деп айтуға толық негіз бар. Жолаушыларға арналған асханасы, олардың көліктеріне арналған арнайы тұрағы бар бұл шаруашылық қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырларын өсіреді. Ал, оның бұқашықтарын сатылымға шығару үшін ерекше азықтандырылуға қойылады. Шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығы статусын алған. 83 бас малды “Қазагро” арқылы бордақылауға өткізген. Жалпы барлығы 200-дей бас мал бар.

”Қазақстан-2050” Стратегиясында “ҚР Азық-түлік қауіпсіздігі” бағдарламасы қабылданған болатын. Онда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Азық-түлік қауіпсіздігі - қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық саясаттың күнделікті талқысына айналып отырған мәселелердің бірі және бұл еліміздің Ұлттық қауіпсіздігінің негізгі салаларының бірі болғандықтан ерекше маңыздылыққа ие”, - деп атап өткен болатын. Міне, осы орайда ауданымызда ауылшаруашылығы саласында осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Соның бірі мал сою алаңдары. Ауданымыздың біраз елді мекендерінде бұл жұмыстар қолға алынып, жасалды да.

“Ақжол” шаруа қожалығында да осындай мал сою алаңы бар. Санитарлық талапқа сай. Тоңазытқышы, арнайы лабораториясы және бар.

Аудан әкіміне шаруашылық жетекшісі 3 гектар жер алғандығын, оның біреуі игерілгендігін, екеуін игеруге көп күш қажет ететіндігін айтып, шамамыз келмей отыр деді. Сонымен қатар, мал сою алаңындағы лабороторияға малдың саулығын анықтап отыратын 1 ветеринар маман болса деген өтінішін де айтты.

Бұл шаруашылық та бизнестің әлеу-меттік жауапкершілігін өзіне басты міндет етіп алған. Өз техникаларымен тұрғындарға үнемі көмек қолын созуда. Көпшілікті әуре-сарсаңға салған көктемгі су тасқынында, құрылыс жұм-ыстарында, әсіресе тілсіз жау өрт кезінде осы шаруашылықтың тиегіші жүреді.

Аудан әкімі алдағы күндері ауданымыздағы тағы біраз кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысып, жүздеспек.


Келулердің саны: 2610


Жоғары