voting
print

ШЕТ ӨНІМДЕРІ ЕЛОРДАДА

    Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Астана қаласында Қарағанды облысының мәдениет және өнер күндері аясында «Ауыл береке-2016» жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын зор өрлеу жағдайында өтетін осынау жәрмеңкеге ауданымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жан-жақты дайындықпен келген болатын. Бұл жәрмеңке ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығы қарсаңында өтуде. Иә, әр қазақтың кеу-десіндегі «біз тәуелсіз елдің азаматымыз» деген асқақ рухтың өзі осынау мерекенің қадір-қасиетін арттыруға жетіп жатыр.

    Конгресс холдың алдындағы алаңда қатар - қатар тігілген ақшаңқай шатырлар мен мұндалайды. Облыс аудандарының аттары көрнекі етіп жазылып, сауда шатырларының тұсына ілінген. Ауданымыздан барған ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер ақтоғайлықтар мен жаңарқалықтардың араларынан орын тепкен. Әр шатырда жылқының семіз қазылары, сиыр еті, ілінген қойдың ұшалары көздің жауын алып, жәрмеңкені тамашалауға келгендерді өздеріне магниттей тартады. Ал, сүт өнімдерінен сары май, сары-ақ ірімшіктер, құрттың неше алуан түрі қала жұртшылығының талғамынан шығуда. Әсіресе, салқын түскен шақта сүзбе құрттың орны ерекше. Жыл сайын қайталанып келетін «Ауыл береке» жәрмеңкесін қалалықтар асыға күтетін болған. Бірінші күні жәрмеңкеге Көктіңкөлі, Красная поляна, Ортау, Үңірек, Ақой ауылдық округінің өнім өндірушілері қатысты. Әдеттегідей сатып алушылар мен тамашалаушылар қатары мол болды. Бұл күні ауа райы да оң қабақ танытқандай. Жәрмеңкеге келушілер сиыр, қой, жылқы етін, сүттен жасалған өнім түрлерін төңіректейді. Сауда қыза түскен тұста облыс әкімі Н.Әбдібеков пен Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевті аудан әкімі М.Жандәулетов сауда жүріп жатқан шатырларды аралатып, ондағы өнім түрлерімен таныстырып, «Әлішер» шаруа қожалығынан Әренов Нұрбектің әкелген бал қымызынан дәм татқызды. Жалпы шеттіктердің әкелген сапалы да, мол өніміне ризашылығын білдірді. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өткізіп жатқан қымыз фестивалін тамашалап, өзімен ілесе жүрген облыс басшылығы өкілдеріне ұлттық ойын асық атудан көрініс жасап жіберді. Қымыз фестивалінде шеттіктер астаналықтарға 300 литр бабы келген қымызды тегін ұсынды. Астаналықтарға арнап дастарханға қойылған ірімшік, құрт түрлері мен бауырсақтар барынша ұнағанын айтқан жөн. Таңсық асын ауыз тиуге құмартушылар қатары бір сәтке азаймады. Ал, дастарханға қазақы дәстүрмен қойыл- ған жылқының піскен қазы - қартасы, жал - жаясын көздің жауын алғандай. Жәрмеңке саудасының қыза түскені сырттан қараған жай көзге бірден ұрады. Оны сауда жасап жатқандар да мойындауда. Өткен өнім бағасы көпшіліктің көңіліне қонымды. Баға мейілінше арзан. Екінші күні Талды, Ақшоқы округінен өнім түрлері мейлінше көп болды. «Байбала» шаруа қожалығынан Бейбіт Әбдікеров әкелген 9 бас семіз жылқы еті түске жетпей сатылып кетті. Түйіндеп айтқанда, аудан еңбеккерлері сол күні ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп, қала дастарханын бір жайнатып тастады. Екінші нан саналатын картоп саудасы да өтімді болғанын айтқан жөн.

    Астаналықтарға облыс аудандарының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Ә.Бейсеуовтің «Ақсу-Аюлы» әнімен шымылдықты түрген аудан өнерпаздары Д.Ырысбайұлының «Қарағанды» вальсін келтіре шырқады. Сондай-ақ, жерлесіміз Қ.Мұстафиннің «Қарағанды», Ж.Тәжібековтің «Аюлы» вальсін жәрмеңкеге келушілер ықыласпен тыңдады.

    Жәрмеңкеге барған қала жұртшылығы ыстық ықылас пен пейілден, жанды жадыратар әуеннен үлкен әсер алғаны сөзсіз.


Келулердің саны: 2033


Жоғары