print

ШАҒЫН ДА БОЛСА “КЕРЕМЕТ”

    Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ауданымызда көптеген игілікті істер атқарылуда. Елді мекен жолдары жөнделіп, бірнеше құрылыс нысандары бой көтеруде. Сондай бір игілікті іс Ақжал кентінде де болды. Бұрын бұл елді мекенде көпшілік халық түсетін дұрыс монша жоқ еді. Енді осы олқылықтың орны толғандай. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жаңа монша ашылды. Моншаны жеке кәсіпкер «NOVA-Цинк» ЖШС-нің бас энергетигінің орынбасары Нөкешов Медет Оңдасынұлы өз қаражатына тұрғызған. Жалпы құрылысына 8 миллиондай қаржы жұмсаған. Моншада бір мезгілде жиырмадан астам адам жуына алады. Ерлер мен әйелдерге арнап екі бөлек салынған, заман талабына сай бұл моншаға келушілерге барлық жағдай жасалған. Шай ішіп демалатын бөлмесімен қоса буфетке дейін бар. Дәретханасы да жеке. Аты айтып тұрғандай “Керемет” десе болады.

    Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин кент тұрғындарын құттықтап, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ауданымыздың елді мекендерінде осындай игі істер көптеп атқарылып жатқанын айта келе, тағы бір жағымды жаңалық жақын күндері кенттің бас көшесі асфальтталатынын жеткізді.

    Салтанатты жиында «NOVA-Цинк» ЖШС-нің техникалық директоры С.Юржанұлы, Ақжал кентінің әкімі М.Молыбаев, кент ақсақалдар алқасының     төрағасы С.Қамбар құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпкерге алғыстарын білдірді.

    Аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин, О.Нөкешов лента қию рәсімін жасаған соң, ақжаулықты аналар қазақы дәстүрмен шашуларын шашып жатты.

    Моншаға тұрақты жұмысқа 3 адам алынып, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жағылады.


Келулердің саны: 2715


Жоғары