print

Апталық жаңалықтар

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

 

Биыл ауданымыздың барлық елді мекендеріндегі білім ошақтарынан 393 бала мектеп бітіреді. Оның 236-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бақтарын сынамақшы. Аудан бойынша 7 “Алтын белгі”, 3 “Үздік аттестатқа” үміткер бар.

Он бір жыл мектеп партасында отырған сан мыңдаған түлектердің арман биігіне ұмтылып, алтын ұяларымен қоштасар кезі келді. Осы бір көңіл толқытар сәтті әрбір түлектің асыға күтетіні де сөзсіз. Алда тұрған сан тарау өмір жолына қадам басқан түлектердің қимас сезімге толы қуанышты жүздерін көрудің өзі бір ғанибет қой.

Міне, тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетті. Оның тез зымырап өте шыққанын балалар да, мұғалімдер де, ата-аналар біз де байқамай қалдық. Мектеп оқушылары жазғы демалыс күндерін тосса, мектеп бітірушілердің алдында ұлттық бірыңғай тестілеуден өту, жоғары оқу орындарына түсу сияқты міндеттер тұр.

Биыл ауданымыздың барлық елді мекендеріндегі білім ошақтарынан 393 бала мектеп бітіреді. Оның 236-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бақтарын сынамақшы.

Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин мектеп-гимназиясынан 23 оқушы бітірсе, бір оқушы “Үздік аттестатқа” үміткер болып отыр. Ж.Ақылбаев мектеп-гимназиясынан 32 оқушы, 3 оқушы “Алтын бел-гіге”, “Үздік аттестатқа” 2 оқушы үміткер болып отыр. Аталмыш мектептердегі салтанатты жиында аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов, аудан әкімінің орынбасары Ш.Жүніс, жазушы Кәмел Жүністегі құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі.

 

Өз тілшімізден.

 

 

Құрметті ата-аналар!

Қымбатты жас бүлдіршіндер!

1 маусым - балаларды қорғаудың халықаралық күні біздің елімізде жыл сайын аталып өтеді.

Адамның бір қызығы бала деген - деп ұлы Абай айтқандай дүниеде баладан тәтті, сәби күлкісінен артық ештеңе жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған өз Жолдауларында бала мен ананың құқығының қорғалуына ерекше мән берді. «Бар жақсылық балаларға ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет»-деді.

Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Оларға бақытты балалық шақ сыйлау ата-ананың ғана емес бүкіл қоғамның міндеті. Бала тәрбиесі бесіктен басталса әрі қарай балабақша мен мектепте жалғасады.

Осыған орай ауданда жыл сайын, шағын орталықтар ашылуда. Мектептер жас ұрпақ тәрбиесі үшін заманауи құралдармен жабдықталып, нығая түсуде.

Мектептерде аз қамтылған оқушылар бір мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

Қымбатты балалар!

Осынау жарқын мереке сендерге тек қана шаттық пен қуаныш сыйласын. Қашанда үлкендердің аялы алақаны мен қорғауында болыңдар.

Сендерге денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілейміз! Жазғы демалыстарыңның қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз!

 

 

М.ЖАНДӘУЛЕТОВ,                                                                                      Б.ТӨЛЕУҚҰЛОВ,                                    

аудан әкімі.                                                                                                Мәслихат хатшысы.

 

 

ТАҒАЙЫНДАУ

 

Шет ауданының әкімі М.Жандәулетовтің 2016 жылдың 23 мамырындағы №10 к өкімімен Мұхит Сайлауұлы Мұхтаров Шет ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы лауазымынан босатыла отырып, аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Мұхит Сайлауұлы Мұхтаров

1974 жылы 24 ақпанда  туған, екі жоғары білімі бар. 1996 жылы О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша, 2012 жылы Д.Қонаев атындағы университетін қаржы саласының мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Шет ауданы әкімі аппаратының өнеркәсіп бөлімінің маманынан бастаған.

1999-2004 жылдары аралығында  аудан әкімі аппаратында сәулет, құрылыс және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы, жедел басқару бөлімінің бас маманы, төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы қызметтерін атқарған.

2004-2008 жылдары аралығында аудан әкімі аппаратының басшысы.

2008 жылдың 12 ақпанынан бастап, бүгінгі күнге дейін Шет ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.

 

АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ НАЗАРЫНА!

 

Жыл басынан бері осы уақытқа дейін аудан әкімінің мүлікті жария ету бойынша берген тапсырмасымен бүгінгі күнге дейін 31 нысан анықталды. Дегенмен, ауыл, кент әкімдері тарапынан тапсырмалар орындалмай отыр.

Мүлікті жария ету бойынша: егерде жер телімі иесіне бекітілген болса, ол жерге үй, қора, жазғы үй, монша тағы да басқа нысандар жаңадан салынса, міндетті түрде заңдастыру қажет болады.

Мүлікті заңдастыру үшін жергілікті әкімшіліктерге, мүлікті жария ету бойынша бекітілген мамандарға жолығып, анықтауға болады.

Әкімдер тарапынан немесе басқа да жауапты мамандардан тиісті мағлұмат ала алмаған жағдайда мына телефон-дарға хабарласуларыңызға болады: Шет ауданы әкімдігінде 21946, мүлікті жария ету бойынша бекітілген маманның ұялы телефоны 8 7057936359.

 

 

Құрметті аудан тұрғындары!

 

Біз Елбасы Жарлығына сәйкес санаулы күндерден соң Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып өтеміз.

Тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, ГУЛАГ қабырғасында қаза тап-қан, өз Отанынан  аяусыз қуғындалған мыңдаған адамның рухына тағзым ету біздер, тәуелсіз және еркін Қазақстан азаматтары үшін мәңгілік, әрі қастерлі парыз. Сол зұлмат жылдары халқымыз орасан зардап шекті. Халқымыз мыңдаған аяулы ұл-қыздарынан, саңлақ саясаткерлерден, мәдениет қайраткерлерінен, ағартушылары мен ақын-жазушыларынан айырылды. Кейін ақтал-ғанымен, асылдарынан көз жазып қалған халық шеккен қасіреттің орнын толтыра алмады.

1931-1932 жылдардағы қолдан жасалған аштықтан Қазақстанда 1,5 млн. адам өліп, 600 мыңдайы ауа көшіп кеткен, ал 1937-38 жылдары саяси репрессияда 120 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылды.

Осы зұламаттардан ауданымыздың халқы да қатты зардап шекті. 48 мыңнан астам адамнан 1933 жылғы санақта 5 мыңнан сәл-ақ асатын халық есепке іліккен. Қызыл империяның тағылық әрекеттеріне қарсылық көрсеткендерді аяусыз басып-жаныштады, айдатып жіберді.

Біз бүгінгі таңда демократияның даңғыл жолы арқылы жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан қуатты елде өмір сүріп жатырмыз. Хал-қымыз басынан кешкен зобалаң туралы шындықтың беті ашылып, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға қатысты әділеттілік қалпына келтірілді.

Бүгінгі ұрпақ түрмелер мен лагерлер жасыта алмаған, жөнсіз жер аударулар мен бостандығын шектеген жылдар рухын сындыра алмаған, соңғы демі қалғанша Отанын сүйіп өткен тұғырлы тұлғалар рухына тағзым етуі тиіс.

Құрметті жерлестер! Халқымызды шексіз қасіретке душар еткен сол зұлмат оқиғалар енді қайталанбасын! Еліміздің іргесі берік болып, халқымыз бақытты өмір кешсін!

Бүгінгі ұрпақ арманда кеткен есіл ерлер мен ашаршылық құрбандары бейнесін мәңгі ұмытпайды.  

 

М.ЖАНДӘУЛЕТОВ,                                                                                      Б.ТӨЛЕУҚҰЛОВ,                                    

аудан әкімі.                                                                                                Мәслихат хатшысы.

 

БАСШЫЛАРҒА ДА, МАМАНДАРҒА ДА ТАЛАПТАР АРТУДА

 

Дүйсенбі 16 мамыр күні аудан әкімі Марат Жандәулетовтің төрағалығымен кезекті кеңейтілген аппарат отырысы өтіп, онда “Аудан бойынша 2016 жылдың ІІ-ші жарты жылдық мерзімдік баспасөзге жазылу барысы туралы”  және “31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасының ұйымдастырылуы туралы” Шет аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Смағұлдың сондай-ақ, “Дәрия кенті  әкімінің өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда жүргізіп жатқан жұмыстары туралы” кенті әкім Райым Бек-Арыстың хабарламалары тыңдалды.    

Күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын аудан әкімі өзінің өкімімен жаңа тағайындалған аудан әкімінің орынбасары Мұхит Сайлауұлы Мұхтаровтың өмірбаянымен таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін Жүнісов Бұрханға, аудан әкімдігінің ұйымдастыру-кадр және құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі міндетін Әбділдин Бағдат Анас-ұлы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін Махмұтова Гүлзадаға,  аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін Төлеуова Ризаға уақытша атқару жүктелгені туралы хабардар етті.

Күн тәртібіндегі “Аудан бойынша 2016 жылдың ІІ жартыжылдығына мерзімдік баспасөзге жазылу барысы” және “31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасының ұйымдастырылуы туралы” аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Смағұл өзінің жасаған хабарламасында баспасөзге жазылу науқаны аудан бойынша 4,8 пайызды ғана құрап отырғаны айтты. Нақты тоқтала кетсек, округтер бойынша Ақсу-Аюлы 1,9 пайыз, С.Сейфуллин атындағы кент 13,7 пайыз, Үңірек 28,2 пайыз, Ақадыр кенті 11,1 пайыз, Ақжал кенті 2,9, Босаға 2,2, Көктиіңкөлі 4,7 пайыз, Мойынты 4,4 пайызға ғана орындаса, қалған ауыл округтері мен кенттерде баспасөзге жазылу мүлдем орындалмағанын атап өтті. Қалған мекеме басшыларының мәліметтері бойынша маусым айының 15-не дейін баспасөзге жазылу толық орындалады деп күтілуде, - деді хабарламашы.

Сондай-ақ, 31 мамырда аталып өтетін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудан бойынша негізгі жұмыс жоспары жасалып, ауылдық округтер мен кенттер әкімдеріне және мекеме басшыларына таратылып берілген. Мәдениет үйлерімен қатар кітапханаларда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылықтан зардап шеккен азаматтардың ұрпақтарымен кездесулер, кітап көрмелері сонымен қатар мектеп оқушыларымен мәдениет орындарында кездесулер, ашық сабақтар, акциялар тағы басқа да іс-шаралар қамтылып отыр.

Аудан әкімі мекеме басшылары, ауыл, кент әкімдері өздері бас болып баспасөзге жазылуды ұйымдастыруы керек екенін айтты.  Әрбір мемлекеттік қызметкер міндетті түрде жазылу керектігін, сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге байланысты іс-шаралар өз деңгейінде аталып өту керектігін баса айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе “Дәрия кенті  әкімінің өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда жүргізіп жатқан жұмыстары туралы” кент әкімі Райым Бек-Арыс хабарлама жасады. Кент әкімі жалпы атқарып отырған жұмыстарын айта келе, кент әкімшілігі ғимаратын жөндеуге, көше жолдарын дұрыстауға қаржы бөлуге ықпал етуін сұрады.

Хабарламашыдан соң аудан әкімі аппаратының жетекшісі О.Стыбаев кент әкімі жұмысындағы кемшіліктерді тізбелеп тұрып айтты. Құжаттардың тіркелмегендігін, тіркелгені бар болса қол қойылмағандығын, сонымен қатар жыл аяғына дейін атқарылар жұмыс жоспарларының да жасалмағандығын, атқарылатын жұмыстарының бәрі ауызша екендігін айтты. Тазалық жұмыстары өз мәнінде ұйымдастырылмаған. Көшелерге банерлер ілінбеген. Дүкендерде “Қазақстанда жасалған” арнайы логотипі жоқ. Кейінгі уақытта азық-түліктің кейбір түріне баға өскен. Ауылдық округтер ішінде шешімін күткен мәселелер жетіп-артылатын кент екенін ашық айтты.

Аудан әкімі шағын орталықта болдым. Балалар кішкентай ғана төсеніштің үстінде ойнап отыр. Бізде ақша тұр, неге керек жабдықтар алуға ақша сұрамағансыздар? Кенттегі әкімдік отырған ғимараттың құжаты жоқ. Құжатын жасаңыздар, сосын барып жөндеуге ақша бөлінеді деді. Кент әкімінің жұмыстарындағы кемшіліктерді атай келе, аудан әкімі әзірге ескерту берумен шектелді.

Рейтингілік көрсеткіште аудан облыс бойынша 17 орыннан жылжымай отыр. Аппарат отырысын қорытындылаған аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалмай отырғанына тоқталды. Аудан орталығындағы интернатты мектепке беру жөнінде қаулының шыққанына да 2 жылға жуық уақыт болған. Ол да аяқсыз қалып отыр. Аудан әкімінің орынбасарлары өз функцияларына қатысты жұмыстарын дұрыс атқара алмай отырғандықтарын, олардан тапсырмалардың дер кезінде орындалуын талап етіп, өз бақылауларындағы бөлімдермен жұмыстарды ширату керектігін баса айтты.

Бюллетень аштырып алып, ауруханада жатып алатындар бар. Егер денсаулықтары болмаса өтініштерін жазып, орындарын неге босатпайды. Тапсырма берсек, ауруханадан бір-ақ шығады. Осы мәселе де тексеруді қажет ететіндігін айтты.

“Бас ауырып, балтыр сыздаса” әрине бәріміз де дәрігерге жүгінеріміз рас. Дегенмен кейінгі уақытта ел арасында ауруханада жатып алған қызметкерлер жөнінде әр түрлі әңгімелердің де өрбіп жатқанын естиміз.  Аудан әкімінің меңзегені де осы болса керек.

Сонымен қатар орталық көшелерде сиырлардың жүретіндігін, олардың неге бағылмай отырғанын сұрап, ауыл әкімі Б.Арыстанбековті орнынан тұрғызды. Бұған ауыл әкімі малшы бағымды тастап кетті деп ақталғандай болды.

Жаз айларында аудан орталығы көшелерінде сиырлардың көше кезіп жүретіндігі жасырын емес.  Бұл мәселені газет бетінде көтеріп, жазудай-ақ жаздық. Ауыл әкімі оған мойын бұрғанмен көшеде кезіп жүрген сиырларды көреміз. Сірә, әлі де көре береміз.

Дүкендердің атаулары жазылған тақтайшалары ескірген, жаңартылмаған. Дүкендерінің алды қалай болса солай. Дұрыстап реттеуге болады ғой, - деді аудан әкімі. Осыдан бір ай бұрын әдейі бизнес нысандарды араладым, сол кезде айтып, ескерткеміз. Өзгеріс жоқ. Сол баяғы қалпында. Тазалық жоқ. Бұл да дүкен иелерімен тұрақты жұмыс жасауды талап етеді, - деді аудан әкімі. 

Сонымен қатар, кейбір мектеп, балабақша басшылары өздерінің жақын-жуықтарын жұмысқа қабылдаған фактілердің орын алып отырғанын,  бұл да сыбайлас жемқорлықтың бір түрі екенін ескертті. Жұмысқа қабылдауда заң аясында әрекет етіп, жұмыс жасау керектігін баса айтты.

 

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

 

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні салтанатты жағдайда аталып өтті. Кең зал ішінде музыка әуені тербеліп, мерекеге арнайы келген кітапханашылар мен мұражай қызметкерлері, мәдениет үйлері және ауыл мәдениет үйлерінің қызметкерлері, шығармашылық мамандықтар өкілдері ақжарқын кейіпте бір-бірін бүгінгі ең таза, ең әдемі, таңғы шықтай мөлдір мерекелерімен құттықтап, игі тілектерін білдіруде.

Ауданымызда мәдениет және өнер саласында мақсатты жұмыстар жүргізіліп, «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, жұмыстар атқарылуда. Мәдениет саласына ерекше мән берілуде. Тұрақты қаржыландырудың арқасында, материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа ойын-сауықтық жобалар жүзеге асырылуда. Аудандық деңгейдегі фестивальдер, конкурстар, байқаулар, сондай-ақ аудан елді мекендерінде жыл сайын еліміздің өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін мәдениет күндері - аудан тұрғындарының өміріндегі ұмытылмас сәттерге айналды. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері жыл ішіндегі атаулы мерейтойлардағы іс-шараларды жоғары деңгейде атап өтуге атсалысады. Өздерінің күнделікті еңбектерімен ортақ мәдени құндылықтарды дамыта отырып хал-қымыздың рухани байлықтарын келешек жас ұрпақтың бойына сіңіріп насихат-тауда. Мәдениет қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Марат Жандәулетов халқымыздың баға жетпес рухани байлықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру, патриоттық тәрбие беру, тұлғаның рухани дүниесін қалыптастыруда, мәдениет саласы қызметкерлеріне жүктелер ауқымды міндеттердің зор екенін, жүзеге асырылған ауқымды істерді саралай келе, мәдениет пен өнерге қызмет ету жолында жаңа шығармашылық табыстар тіледі.

Мұнан соң бір топ сала қызметкерлеріне аудан әкімінің номинациясын табыс етті. Атап, айтар болсақ, Талды ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Алтын Алибаева Сиязқызы «Үздік мәдениет үйінің меңгерушісі», Досанова Рыскүл «Ауыл мәдениетінің үздік қызметкері», «Атамекен» хор ұжымы «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы» номинациясымен, Ахметжанов Думан Иманұлы  «Демалыс уақытын үздік ұйымдастырушы», аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері Калиева Гауһар Серікқызы «Ауданның үздік кітапханашысы» номинациясымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының Құрмет грамотасымен және қаржылай сыйлығын Өспен ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Тәжентаев Ермек Амантайұлы мен Кеншоқы ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ергенбаева Сәуле Әміртайқызы қанжығалады.

Осынау салтанатта Ақадыр кенттік мәдениет үйінің қызметкері Бейбітханова Айдана мен аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Алтынбек Бекзатқа «Дипломммен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бір реттік көтерме жәрдемақы 148 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Осы сәт салтанатты жүргізуші мәдениет қызметкерлерінің арасындағы үлкен қуаныш, облыс әкімінің «Көркемөнерпаздар жетекшісі номинациясына» аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Тәжібеков Жанболат ие болғандығын айтып салтанатқа жиналған көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Салтанатты марапат соңы арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. «Ғұмыр» тобы, «Аюлы квартеті» жігіттерінің орындауындағы әуезді әндермен «Қуаныш» бишілер тобының орындаған билері көпшіліктің көңілінен шықса, көршілес Жаңарқа ауданынан келген әншілер Қазар Балтабай, Қасиет Қалиев, Бейімбет Сарымсақовтың орындауындағы дәстүрлі әндерді зал толы жұрт сүйсіне тыңдады. Осынау кешке арнайы шақырылған, Мелекеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаевты көпшілік қуана қарсы алып, белгілі әншінің орындауындағы “Ағаларым”, “Досыма”, “Мұңайма” әндеріне қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты.

 

Өз тілшімізден.

 

 

 

ҰЛТ КӨСЕМІ АТЫНДА ЖҮЛДЕ ЖАРИЯЛАНДЫ

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімінің қолдауымен ауданның ішкі саясат бөлімі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және  Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай жергілікті ақындардың шығармашылықтары арасында жүлде жариялайды.

Шығарма негізінен Әлихан Бөкейханның өмір жолына, мемлекет және қоғам алдындағы сіңірген еңбегіне арналуы керек.

Жүлденің қорытындысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында шығарылып, жеңімпаздар ақшалай немесе бағалы сыйлықпен марапатталады.

Конкурсқа авторлардың бұрын жарияланбаған шығармалары ғана қабылданады.

Толық мағлұматты аудандық ішкі саясат бөлімінің 21-8-10 телефонына хабарласып алуға болады.

Авторлар өздерінің туындыларын аудандық газеттің редакциясына тапсырулары қажет.

 

 

Қаржылық

емес қолдау

Бүгінде мемлекетіміздің экономикасын қалыптастыруда шағын және орта бизнес өкілдеріне айрықша көңіл бөлуде. Елбасының бес институционалдық реформаларын жүзеге асырудағы «Ұлт жоспары-100 нақты қадамында» да бизнестің даму жоспары белгіленген. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шарасының аясында бүгінде елімізде қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Жуырда аудан орталығында даму институттарының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ, екінші деңгейдегі банктердің, кәсіпкерлік палатасының өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңесті аудан әкімінің орынбасары Ш.Жүніс ашып, бүгінгі кеңестің негізгі мақсатына тоқталып, кәсіпкерлер тарапынан белсенділік танытып, күн тәртібіне қатысты ұсыныс, сондай-ақ өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сауалдар қойып отыруға шақырды.

Семинар-кеңесте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамының бас менеджері Жандос Бөкенов «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту құралдарын іске асыруда атқарылып жатқан шаралар», «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ несие бөлімінің менеджері Азамат Оспанов, қор тарапынан іске асырылып жатқан  бағдарламалар, «Delta Bank» акционерлік қоғамы несие бөлімінің меңгерушісі Әсем Жұмақаева «Бизнесті дамыту бойынша банк тарапынан қаржыландыру құралдары» деген тақырыпта баяндама жасады. Семинар-кеңеске қатысып отырған кәсіпкерлер қойылған ұсыныс, сауалдарына қанағаттанарлық жауаптар алды. Осындай қаржылық емес қолдаудың тиімді екендігі кеңес барысында айқын аңғарылды.

 

Өз тілшімізден.

 

Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр

 

2016 жылғы 24 мамырда Шет ауданының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты Қоғамдық кең-естің  төрағасы Рая Төлегенова ашып, жүргізіп отырды.  2016 жылдың 4 нау-рызында бесінші шақырылған аудандық мәслихаттың отыз тоғызыншы сессиясының №39/333 шешімімен Шет ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамы тоғыз адамнан және төралқасы бес адамнан құрылып, сайланғанын атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелерінен бас-қа отырысқа Қоғамдық кеңестің төр-алқа мүшелері, аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеуқұлов Бәкен Төлеу-құлұлы және аудан әкімінің орынбасары Жүніс Шоқан Кәмелұлы қатысып отырды.

Шет ауданының Қоғамдық кең-есінің қарауына мынандай мәселелер ұсынылды:

1. Қоғамдық кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспары туралы

2. Қоғамдық кеңестің 2016 жылғы маусым айындағы отырысының күн тәртібі туралы

3. Басқа да мәселелер.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы Р.Төлегенова түсініктеме жасап, Қоғамдық кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру кезеңінде атқарылған істерге жан-жақты тоқталып, Қоғамдық кеңес мүшелерінен өздерінің ұсыныстарын білдіруде, бүгінгі күннің талабына сай өзекті, халықтың көкейінде жүрген ойлармен толықтыру кажеттігіне көңіл бөлді. Қаралып отырған мәселе жөнінде Қоғамдық кеңес мүшелері Қ.Жақсыбеков, Б.Байкубеков, А.Балғабек, А.Әбілдин және О.Сейілбековтер ұсыныс-пікірлерін білдіріп, кезекті Қоғамдық кеңестің отырысына “Ақсу-Аюлы ауылын көгалдандыру, көркейту және  абаттандару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы”, Ақсу-Аюлы ауылдық округ әкімінің есебін тыңдау-дың туындауының себептеріне тоқталып, осыған қатысты бар мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларының қатысуын қамтамасыз етуді айтты.

Сондай-ақ, отырыс барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төлеуқұлов, аппарат басшысы А.Сәдуақасов Қоғамдық кеңеске тікелей қатысты проблемаларды шешуді, ұйымдастыру және басқа да мәселелер төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісе келе, әрбір Қоғамдық кеңестің мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерге аса жауапкершілікпен қарау, сапалы жұмыс жасау және тәртіпті сақтау керектігін айтты.

Сонымен бірге Қоғамдық кеңестің биылғы жылдың маусым айында өтетін кезекті отырысының күн тәртібі талқыланып, аудан әкімі және аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының есептерін тыңдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» №248 Жарлығы жөнінде Қоғамдық тыңдаулар және талқылаулар өткізу, Ақсу-Аюлы ауылдық округі әкімінің “Ақсу-Аюлы ауылын қөгалдандыру, көркейту және абаттандыру бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары туралы” мәселелерді қарау белгіленіп, бекітілді.

Себепті жағдайларды ескере отырып, Қоғамдық кеңес хатшылығынан Абылай Күнжолұлы Балғабекті босату және орнына Мейрам Дәулетбекұлы Сәдуақасовты сайлау туралы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізу туралы  ұсыныс жасалынып, қолдау көрсетілді.

Қоғамдық кеңестің отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Осымен Қоғамдық кеңес өзінің жұмысын аяқтады.

 

Өз тілшімізден.

 

 

 

Мектеп бітіргендеріне алпыс жыл

 

Алтын ұя мектебі кімге болса да қашанда ыстық. Сондықтан болар жыл сайын мектеп бітірушілер салтанаты қарсаңында әр жылғы түлектер өздері білім алған мектеп қабырғасында бас қосып, ұстаздарымен жүздесіп, балалық бал дәурен шақтарын еске алысып, өздерінің ыстық ықыластарын білідіріп жатады.

Өткен сенбіде Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында жүрек тебірентерлік кездесу болды. Бұған дейін мектеп бітіргендеріне 30-40-50 жыл болған түлектердің бас қосулары болған. Ал, 60 жыл толғандары бірінші рет. Сонау 1956 жылы бойжеткен мен бозбала қалпында түлеп ұшқан түлектер бүгінде жылдар жүзіне өрнегін салған, самайларына қырау шалған аталар мен әжелер.

Өздері білім алған алтын ұя мектебіне көңілдері алып-ұшып келген қарияларды мектеп ұжымы, оқушылар салтанатпен қарсы алды. 1956 жылы мектепті 70 түлек бітірсе, бүгінде қатарлары сиреп 21-і қалған. Бас қосуға 11-і келген. Денсаулықтарына байланысты келе алмағандары ыстық сәлемін жолдаған. Сол бір жылғы түлектердің ішінен Республикаға танымал академик, қайраткер, жазушы, білікті басшы-мамандар шыққан. Оларды бүгінде аудан жұртшылығы мақтан тұтады. Академик Жамбыл Ақылбаев аты орта мектеп-гимназияға берілген. Аса тебірентерлік жағдайдағы жүздесуде  бүгінде араларында жоқ әріптестеріне дұға бағыштап,  өздері мектепте оқыған 50-ші жылдардағы ауыртпашылық кезеңді еске алысып, бүгінгі мектеп бітіретін жауқазын жастарға игі тілектерін білдіріп, мектепке әкелген сыйлықтарын табыс етті.

Белгілі мемлекет қайраткері Қ.Медиев өз замандастары жайында айта келіп, оқушыларды жақсы оқып, Тәуелсіз елдің патриоты болуына тілектестігін білдірді.

Осынау салтанатқа  арнайы келген аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин,  мектеп директоры Ш.Майгелдинов игі тілектерін білдіріп, оқу ордасының бүгінгі жетістіктерін айтып, мектеп ұжымы атынан ризашылық танытты.

 

Б.БЕРГЕНҰЛЫ.

 

 

ДАИШ - исламға жат құбылыс

 

ДАИШ бір күнде пайда болған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, ДАИШ-ті ойынға қосу үшін алдын ала жан-жақты дайындық жүргізілген. Өйткені, жоспарды ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бірігіп, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкін емес.

Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштер адамдарды арбаудың ең озық технологияларын пайдаланды.

Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан 2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл-Кайданың» бір қанаты ретінде құрылған лаңкестік топқа 2011 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілік жасағаннан бастап ұйымның атауы «Әд-Дәулат әл-Исламия фил-Ирақ уәш-Шам» болып өзгертілді. ДАИШ - негізінен Латакия жерінде ислам халифатын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазір лаңкестік ұйым Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен және өздерін қоштамаған өзге де топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде.

Әсілі, ДАИШ тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына ілінді. Содырлық топтың сойқан іс-әрекеттері Сирия мен Ирак жеріне қарақұйын пәлекет алып келді. Ұйымның әрбір ісі көпшілік қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы ДАИШ-тің іс-әрекеті ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазір ұйымның экстремистік пиғылда, іс-қимылы террорлық сипатта екендігі әмбеге аян. Алайда, ДАИШ өздерінің жасап жат-қан қанды қырғынын ислам дінімен байланыстыруын доғарар емес. Ең сорақысы, қанды-қасап қылмыстарын «Халифат» атымен жасауында.

ДАИШ-тің өздерін «Ислам халифаты» деп жариялауы дін негіздермен мүлде сәйкеспейді. Оған қарсы бірнеше дәйекті уәж келтіріп өтер болсақ:

Біріншіден, мұсылман ғұламаларының көпшілігі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.): «Үмбетім халифатта отыз жыл өмір сүреді. Одан кейін патшалық билік пайда болады» (Сафина (р.а) жеткізген) деп айтқан өсиетін негізге алып, «халифат құрамын» деген бастамаларды қостамайды. Расында да, ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) кейін хз.Әбу Бәкір, хз.Омар, хз.Осман, хз. Әли дәуірінде мұсылман үмбеті отыз жыл халифат дәуірінде өмір сүрді. Одан кейінгі омаядтар мен аббасидтер және т.б мұсылман мемлекеттері халифат шарттарын сақтай алған жоқ. Себебі, шариғат бойынша халифат құрушы көшбасшының билігі мынадай шарттардың негізінде ғана легитимді болып есептеледі:

А) Құрайыш тайпасынан болу;

Ә) Баят (көпшіліктің сенім білдіруі);

Б) Шура (кеңесу);

Д) Әділеттілік орнату.

Жоғарыда аталған Мұхаммед пай-ғамбардан (с.а.с.) соң мұсылман үмбетіне көшбасшы болған хз. Әбу Бәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әлидің тұлғалық келбеті осы төрт шартқа лайықты болғандықтан олар халифтік билікке қол жеткізе алды. Одан кейінгі билеушілер бұл шарттарға толық сай келмеуі себепті, олар халифат билігін орната алмады. Мысалы, омаядтар билігі тұсында исламдық саяси жүйе негізінен «Умая» әулетіне қызмет етті. Сол секілді, аббасидтер династиясы кезінде де ислам мемлекеті «Аббаси» әулетінің мүддесін көбірек қорғады.

ДАИШ-тің құрылу негізіне келетін болсақ, ешқандай мұсылман ғұламалары кеңесінің (шура) батасын алмаған және көпшілік қауымның сеніміне ие (баят) болмақ түгілі Сирия мен Ирак жерлерін күшпен жаулап алып, мұсылмандарды қойша қырған ұйымның сықпыты шариғат шарттарындағы халифат ұғымымен мүлде жуыспайды.

Екіншіден, шариғатта «дарул-муслимин» деген ұғым бар. Бұл термин мұсылмандар өмір сүретін мемлекет деген мағынаны береді. Алғашқы кемеңгер төрт халифтан кейін өмір сүрген Омая, Аббаси, Фатими, Ғазнауи, Қарақан, Мәмлүк, Осман т.б патшалықтар халифат саналмағанымен, мұсылман мемлекеттері болып есептеледі. Мұсылман мемлекеті (дарул-муслимин) деп бір жоғары саяси ұйымды тану үшін үш шарт сақталуы керек. Олар:

А) Халықтың басым бөлігінің мұсылман болуы;

Ә) Мемлекетті мұсылман басшының басқаруы;

Б) Діни ритуалдардың орындалуына жағдай жасалуы.

Қазір ДАИШ лаңкестері біраз аумағын күшпен жаулап алған Сирия мен Ирак мемлекеттерінің халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Мемлекет басшылары мұсылман және діни құлшылықтарды орындауға ешқандай кедергі жоқ. Яғни, Сирия мен Ирак елдері мұсылман мемлекеттерінің (дарул-муслимин) санатына жатады. Ал, шариғатта мұсылман мемлекеттеріне қарсы діни соғыс жасауға болмайды. Демек, ДАИШ-тың шариғат бекіткен шарттарсыз халифат құруы, мұсылмандарды қасиетті күреске үндеуі, заңсыз әскери құрылымдар құруы ислам негіздеріне қарама-қайшы келеді. Тіпті, түбірімен қате, мүлде адасқандық десек асыра айтқандық емес.

Қарақұйын пәлекетті ұйымдастырушы ДАИШ ұйымы кіл жанкештілерден тұратын жасақты құру үшін кез келген пендені иліктіретін не түрлі айла-амалға жүгінген. Олар бірінші кезекте ел ішіндегі әлеуметтік әлеуеті төмен, қаржы тапшылығы жан алқымнан алған жандарды ақшаға қызықтырумен «жиһадқа» азғырады. Кедейшілік өтіп кеткен әлеуметтік топтар қаржы қыспағынан шығу үшін амалсыздан жалдамалы әскер (легионер) ретінде айқайға сүрең (жиһад ұранына) қосады. Жоқ-жітікті ақшамен «жиһадқа» еліктірсе, керісінше, бай-бағланды бар жиған дәулетін «жиһадқа» сарп етуге шақырып, жомарттық жасағаны үшін жәннатты сүйіншілейді.

Лаң салуға үндеушілердің қоғамда орын алып жатқан әділетсіздікті жазғырып, өрескелдіктің орнын «жиһад» жасаумен ғана толтыруға болады деген насихаттары да өз жемісін берген. Айталық, ДАИШ-тың сапында әлеуметтік теңсіздік көрген содырлардың саны анағұрлым көп. Сондай-ақ, саяси көзқарасты ашық айтуға қысым жасайтын елдердің азаматтары қарсылық (протест) танытудың баламасы ретінде «жиһад» ұранын көтеруге дайын тұрады. Әсіресе, әлі империалистік пиғылынан бас тартпаған РФ мен ҚХР және т.б. алпауыт елдердің езгісіндегі ұлт өкілдері қарсылық көрсетуді «жиһад» жасаумен алмастыруға бейім болып келеді.

Қазір қоғамда отбасы құруда жолы болмаған және өмірден өз орнын таппай психологиялық күйзеліске ұшыраған азаматтардың саны өте көп. Олар ішкі күйіктің орнын басар баламалы жол іздейді. Өмірден қатты теперіш көрген жандар үшін таңсық бір істі жасау, өзін әбден меңдеп алған психологиялық дерттен оңай арылу секілді болып көрінеді. Арбаушы топ осындай өз-өзін кем сезінген бейбақ жандарды тұзаққа тез түсіреді. Әлбетте, ол үшін арбаушылар адамдармен арнайы жеке-жеке жұмыс жасайды.

«Жиһадқа» үндеушілер мұсылманшылдық сезімді қоздыру арқылы да жанкешті содырлардың сапын арттыруда. Мысалы, олар «Таза Исламды тек Сирия көтерілісшілері ұстанады» деген жалаң идеологияны құрал етеді. Сириядағы үкімет армиясының адам айтқысыз зорлық-зомбылығын алға тартып, олардан кек алуға үндейді. Башар Асадтың шииттік сенімін ұстанатынын алға тартып, «Сирия халқы залымдар мен мүшріктердің қорлауында болмауға тиісті» деп, сүннит мұсылмандарды «жиһадқа» желіктіреді. Жалған хадистерді дәлел ретінде ұсынып, шахид белбеуін тағуға шақырып, оның есесіне жұмақты уәде етеді.

Ислам шариғаты уақытша некеге (мута) ада-күде тыйым салса да, азғырушылар жыныстық жиһад жасауға өздерінің ойдан шығарылған хадистері мен негізсіз тұжырымдарын пайдаланады. Қаза тапқан содырлардың жесір әйелдерін өзгелермен күштеп некелестіріп, жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлейді. Қыз-келіншектердің махаббат сезімін де өз мақсаттарына пайдаланады. Осы тұрғыда талай бейбақ қыз-келіншектің опық жеп қалғандығы БАҚ-та жиі жарияланды.

Ислам елдерінде «жиһадқа» үндейтін арнайы топтар жұмыс істейді. Олар көбінесе ірі қалалардағы мұсылмандар көп бас қосатын орындарда өз үгіт-насихаттарын жүргізеді. Өздеріне қарай иіліккен азаматтарды арнайы дайындықтан өткізетін лагерьлерге аттандырады. Ал, батыс елдерінен ДАИШ-ке адам тарту үшін, негізінен, интернет ресурсын пайдаланады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде тартысты тақырыптардың қоламтасын үрлеп, шетін көзқарастарды жақтауға пейілді азаматтарды өз қатарларына оңай қосып алады. Яғни, қаныпезер аз-ғырушылар әрбір индивидпен жеке-жеке жұмыс жасауының арқасында әлемді қанға бөктірген исламофобтық сипаттағы ДАИШ ойынының қызығына батуда.

 

 

Мұхан ИСАХАН,                                               E-Islam порталының меншікті сарапшысы.

 

Кітапхана - асыл қазына

Жақында аудандық орталық кітапханада  «Кітап - асыл қазына» атты «Кітапхана түні» акциясы өтті. Акция Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығының аясында,  Халық- аралық кітап күніне орай, технологиялар қарыштап дамыған заманда кітап оқудың өзіндік маңызын, пайдасын насихаттау, кітапханаға оқырмандар тарту, кітапхана имиджін арттыру, аудан жастарының өнерін жұртшылыққа паш ету, жұмыстан бос уақытта пайдалы іспен шұғылдануға ұмтылдыру мақсатында ұйымдастырылды.

Акция шымылдығы Ж.Ақылбаев мектеп-гимназиясының оқушылар


Келулердің саны: 2272


Жоғары