print

Майдангер мүрдесі – туған жерімен қауышты!

...

Бүгін Ұлы   Отан соғысында қайтыс болған жауынгер Медет Аманжоловтың сүйегі араға 78 жыл салып, туған жерінің топырағымен қауышты.

Жуырда Ресей елі жастарының Смоленск аймағындағы «Тризна» қоғамдық ұйымы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Смоленск облысының Темкин ауданынан Қазақстан азаматы, 1917 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Жастерек ауылында (қазіргі Тағылы ауылдық округі) туған Медет Аманжоловтың мүрдесін тапқан болатын. Ресейдегі Қазақстан елшілігі, Қазақстанның Қорғаныс істер басқармасы мен облыс, аудан басшылықтарының қолдауымен жауынгер сүйегі елімізге жеткізіліп отыр.

Осыған орай, бүгін жауынгердің мүрдесі ауданымызға қарасты Ақадыр кентіне әкесі Аманжол Құлмамыровтың қасына жерленді. Жерлеу рәсіміне арналған қаралы митингте аудан әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы, Қарағанды облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, подполковник Кайшатаев Мұхтар Қуандықұлы, сөз сөйлеп, ел басына күн туғанда кеудесін оққа тоса білген жауынгер сүйегінің туған топырағына оралуына көмектескен барша азаматтарға алғысын білдіріп, мұндай шаралар жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбилеуде маңызды рөл атқаратындарын жеткізді. Сонымен қатар, қаралы жиында марқұмның туған ағасының баласы Мұрат Аманжолов

Әкеміз Медет Аманжолов біздің ғана емес, баршамыздың әкеміз, атамыз болады. Ал, туған жеріне араға осыншама жыл салып сүйегінің оралуы бір Алланың құдіреті деп білеміз. Біз бұл хабарды қуанышпен қабылдадық. Осы орайда, әкеміздің сүйегін сонау Ресей елінен Қазақстан жеріне жеткізуге көмек қолын созған Ресейдегі елшілікке, еліміздің қорғаныс істер ұжымына, облыс, аудан басшылығына ұрпақтары атынан зор алғысымды білдіремін. Кеше әкеміздің мүрдесі Шет ауданы әкімдігі көлік беріп, Астана қаласынан Ақадыр кентіне жеткізілді. Осында мешітімізге әкеліп сүйегін орнын орнына қойып, ақыретке орадық. Сондағы бір таңғалғанымыз адамның он екі мүшесі болсағ сол он екі мүшесі де түгел екен. Тісі мен бақайшағына дейін сол қалпы сақталған екен. Міні енді өздеріңіздің көздеріңіз көрді, әкелдік, бір күн үйге қондырдық, екінші күні өзінің туған әкесінің, ағасының, інілерінің жанына жерлеп отырмыз. Әкеміздің жатқан жері жайлы, топырағы мамық болсын. Елімізде енді соғыс болмасын – деп ағынан жарылды.

Айта кетелік, 1941 жылы 24 жасында майдан даласындағы 125-ші жеке атқыштар бригадасында болған, Медет Аманжолов 1942 жылы Смоленск қаласындағы қанды шайқаста қаза табады. Сол жылы артындағы ұрпағына Медет Аманжолов «Смоленск түбегіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар жеткен. Ширек ғасырдан кейін марқұм мүрдесінің анықталуына оның оқ патронына орап салған өзі туралы ақпараты сол қалпында сақталуы көмектескен. Қаралы жиын барысында жауынгер Медет Аманжоловты еске алуға арналған бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға үш дүркін мылтық атылды. Шара соңында марқұм рухына арналып кент имамы құран бағыштады.


Келулердің саны: 258


Жоғары