print

Қарағанды облысында 4 мамырдан бастап шектеу шаралары бәсеңдетілді

...

Қарағанды облысында 4 мамырдан бастап шектеу шаралары жеңілдетілді. Енді электрондық рұқсаттарсыз облыстың қалалары, елді мекендері мен аудандары ішінде қозғалуға болады. Қаладан тыс жерге шығу үшін электрондық деректер базасында мәліметтердің болуы талап етіледі. Облыс қалалары мен аудандары арасындағы блок бекеттер өз жұмысын жалғастыруда.


Бұл туралы бүгін Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров мәлім етті.


- Теміртаудан басқа облыс азаматтарының жүріп-тұруына рұқсат етіледі. Жол полициясы қызметкерлері енді жүргізушілерді тоқтатып, анықтама сұратуға құқығы жоқ. Теміртаудан басқа, облыстағы қалалар мен аудандар ішіндегі қозғалыстарды бақылау мәселесі шешілді, - деді ол.


Сондай-ақ, 4 мамыр күні аймақта шаштараздар мен сұлулық салондары (алдын ала жазылу бойынша), ақша айырбастау пункттері, ауданы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түлік емес дүкендер, фотосалондар, гүл дүкендері, газет дүңгіршектері жұмысын қайта бастады. Алдын ала жазылу бойынша стоматологиялық кабинеттер мен клиникалар жұмыс істей алады.
Сұлулық салондарына 20.00-ге дейін, азық-түлік емес дүкендерге 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Микроқаржылық және сақтандыру ұйымдары, жарнама агенттіктері, жылжымайтын мүлік компаниялары, баспаханалар, ломбардтар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар кәсіпорындары, жеке сот орындаушылары, заңды және нотариалдық кеңселер жұмыс істей бастады.
Көшеде жеке спорттық сабақтар мен жаттығулар жасауға рұқсат етілген.


Карантинді жеңілдету Теміртаудан басқа барлық жерде әрекет етеді. Онда COVID-19 аурушаңдығының жоғары қарқынына байланысты шектеу шаралары әлі де күшін жоймайды. Соңғы мәліметтер бойынша, облыста жұқтырғандардың жалпы санының 41%-ы теміртаулықтар.


- Облыс көрсеткішінен едәуір асып түсетін аурушаңдықтың жоғары қарқынының жалғасуына байланысты, Теміртауда карантиндік шараларды одан әрі сақтау жөнінде қаулы шығарылды. Теміртау қаласында шектеу шараларын жеңілдету тек аурушаңдықтың өсуі төмендегеннен кейін ғана жүргізіледі, - деп түсіндірді Теміртау әкімі Ғалым Әшімов.


Қарағанды облысында 2020 жылдың 20 наурызы мен 4 мамыры аралығында COVID-19 вирусын жұқтырудың 159 жағдайы тіркелді, оның ішінде 2 науқас қайтыс болды, 73 адам сауығып шықты. COVID-19 сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 10,9-ды құрады. Бұл ретте республикалық көрсеткіш - 21,0-ден жоғары.


Келулердің саны: 168


Жоғары