print

Апталық Жаңалықтар

ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ДҰРЫС ШЕШІМ

ТАБУЫ ТИІС

Өткен сенбіде Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның алғашқы отырысы болып өтті. Комиссияға 75 адам мүше. Үзіліссіз 7 сағатқа   созылған алқалы жиынға қатысушылардың 63-і сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Бірқатар қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері жерді сатуға қарсылықтарын білдіріп жатты.

Алқалы жиынды комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жүргізіп отырды. - Бүгін біз Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысына жиналдық. Комиссия құрамында Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, саяси партиялар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, сарапшылар, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары, қоғам белсенділері, зиялы қауым, ақпарат құралдарының өкілдері бар. Баршаңызға шақыруымызды қабыл алып, осында келгендеріңізге  ризашылығымызды білдіремін, деді Б.Сағынтаев. Осы ретте ол комиссия алдында ел үшін тағдырлы мәні бар мәселені мұқият талқылап, ортақ мәмілеге келу міндеті тұрғанын атап өтті.

- Бұл - өте жауапты жұмыс. Бұған дейін де сан рет айтылғандай, жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылмайды да. Бұл мемлекеттің мызғымас берік ұстанымы. Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің мақсаты - жердің жұмыс істеуі, халықтың игілігі үшін пайда әкелуі. Біз Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптауға тиіспіз. Бірақ экономикамыздың, ауыл шаруашылығының дамуына жер реформасының қажеттігін де мойындауымыз қажет», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Төраға комиссия жұмысы ашық, жариялы түрде жүргізілетінін баса айтты. Ең бастысы - біздің жұмысымыз ашық, жариялы түрде жүргізіледі. Ертеңге деген нық сенім - тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің, мемлекеттің мығымдылығының негізі. Баршаңызды келелі іске белсенді атсалысуға шақырамын, - деді Б.Сағынтаев.

Комиссия төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жер реформасына қатысты мәселенің талқылануына жарты жыл уақыт бар екендігін, осы ретте комиссияның әрбір мүшесі, не болмаса белгілі бір топтың, партияның, қоғамдық ұйымның, үкіметтік емес ұйымның өкілі өз пікірлерін жазбаша немесе ауызша комиссия отырысында талқыға салуы керектігін атап өтті.

Комиссия отырысына бірқатар танымал саясаткерлер мен қоғам белсенділері және үкімет мүшелері, саяси партия жетекшілері, Парламент сенатының және мәжіліс депутаттары, ірі шаруашылық иелері қатысты.

Атап айтар болсақ,  Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов, қоғам қайраткерлері  Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан, Дос Көшім, Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты “Ақжол” партиясының төрағасы Азат Перуашев, Бекболат Тілеуханов, саясаттанушылар Берік Әбдіғали, Айдос Сарым сынды белгілі тұлғалар қатысты.

Комиссия отырысын қорытындылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев 7 сағаттың ішінде 63 адам сөз сөйлегенін айтты. Шектеу болған жоқ. Әркім өз ойын білдіріп, пікірін айтты. Сонымен қатар, түскен ұсыныстар негізінде комиссия жанынан түрлі салалар бойынша 4 жұмыс тобы құрылғандығын да хабарлады. Олар - құқықтық, экономикалық, түсіндіру және қадағалау блоктары. Келесі комиссия отырысында біз осы блоктар бойынша жұмыс істейміз, әр сенбі сайын отырыс өткіземіз. Шамамен 5-6 отырыстан кейін, аймақтарға сапарлап, әкімдік жанынан құрылған кеңестермен талқылаулар жүргіземіз, олар біздің өңірлердегі филиалдарымыз ретінде жұмыс істейді. Әкімдіктерге барлығын жеткіздік, осы отырыстың барлық материалдары ұсынылады, стенограмма жасалды, тілшілер бүгін барлығын көрсетіп отырды. Біз өз мақсатымызға қол жеткіздік деп ойлаймын. Комиссия мүшелерінің барлығы ақылмен бір шешімге келуге мүдделі, халықтың ұсыныстары ешқашан ескерусіз қалмайды, бүкіл Қазақстан халқының пікірлерін жинақтап, бір шешім шығарамыз. Ең бірінші, түсіндіру мәселесін қолға аламыз», деп атап өтті.

 

Өз тілшімізден.

ТАЗА СУДЫ ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛЕЙІК

Еуроодақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы және Еуропаның экономикалық комиссиясының қолдауымен Қазақстанның жасыл экономикаға көшу жобасы бойынша Шет ауданы шаруа қожалықтары қауымдастығы осы бағытта бірнеше іс-шаралар өткізуді қолға алып отыр. Іс-шаралардың негізгісі аудан көлемінде 10 бұлақтың басын тазартып, қоршау орнатып, қорғауға алу, түрлі ұлттық ойындардан, асфальтқа сурет салу тағы басқа да жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында түрлі конкурстар ұйымдастырып, өткізу.

Өткен сенбі, 14 мамыр күні аталған іс-шара Ж.Ақылбаев мектеп-гимназиясы алдында флешмоб өткізуден басталды. Оқушылар би билеп, өз өнерлерін ортаға салғаннан кейін осы іс-шараны ұйымдастырушы, Шет ауданы шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті Тілеуғабыл Есенбекұлы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы “Қазақстан-2050” жалпы-ұлттық қозғалысының Қарағанды облысындағы өкілі Әбжанов Нұрлан Аманұлы оқушыларды туған жер табиғатын бағалай білуге, табиғат байлығы бұлақ көздерін қорғай білуге шақырып, сөз сөйледі. Флешмоб танымал “Ақ бұлақ” әнімен аяқталып, іс-шара “Бұлақ көрсең көзін аш” демекші аудан орталығындағы “Жанқұтты би” бұлағы басында жалғасын тапты.

Бұлақ басына жиналған жұртшылыққа дастархан жайылып, ауданның бас имамы Берік Алпысбайұлы әруақтарға құран бағыштағаннан кейін, қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Аудан әкімі Марат Жандәулетов өзі бас- тап, бас имам Б.Алпысбайұлы тағы  бас- қа да азаматтар білек сыбана кірісті. Әсіресе, Жастар ресурстық орталығы колледж студенттерін осы мақсатты іс- ке жұмылдырып, шараның өтуіне көп үлес қосты.

Жердегі тіршілік үшін табиғат байлықтарының ішінде судың алатын орны ерекше екенін айтып жатудың өзі артық. Дегенмен дүние жүзінің көптеген елдерінде тұщы су тапшы. Тұщы су баға жетпес байлық. Сондықтан да жер бетіндегі бұлақ көздерін аршып, таза ұстау, оны ластамау,  қазіргі кезде ең күрделі мәселеге айналып отыр.  Ал, біз бұлақ басында мал суарып, көлік жуамыз. Міне осы мақсатта әлемдік деңгейдегі түрлі халықаралық қорлар грант бөліп жатқандығы да сондықтан. Тіпті ұлттық дәстүрлерді дамытуға да бөліп жатыр. 

Жалпы Тілеуғабыл ағамыздың әр түрлі шараларға, оның ішінде ұлттық бағыттағы шараларға бастамашы болып жүргенін көпшілік біледі. Ең алғаш болып ауданымызда “Салбурын” өткізіп, саятшылық өнерді дамытуды қолға алуы, соның арқасында ауданымызға көптеген шет ел азаматтары келіп, осы бір өнерді қызықтаған. Қашан көрсең де сабырлы қалпынан бір айнымаған ағамыздың ел игілігі үшін қолға алып отырған осынау ісіне сәттілік тілейміз.

 

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

 

Ұлт көсемі атында жүлде жарияланды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан әкімінің қолдауымен ауданның ішкі саясат бөлімі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және  Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай жергілікті ақындардың 

шығармашылықтары арасында жүлде жариялайды.

Шығарма негізінен Әлихан Бөкейханның өмір жолына, мемлекет және қоғам алдындағы сіңірген еңбегіне арналуы керек.

Жүлденің қорытындысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында шығарылып, жеңімпаздар ақшалай немесе бағалы сыйлықпен марапатталады.

Конкурсқа авторлардың бұрын жарияланбаған шығармалары ғана қабылданады.

Толық мағлұматты аудандық ішкі саясат бөлімінің 21-8-10 телефонына хабарласып алуға болады.

Авторлар өздерінің туындыларын аудандық газеттің редакциясына тапсырулары қажет.

 

 

 

 

 

Шаруагер жұмысы қарқынды

 

Дала шаруашылығы еңбеккерлері үшін қарбалас кезең басталды. «Көктемнің әр күні, жылға азық» екенін білетін диқангер қауым болашақ мол өнімнің негізін қалауға ұмтылуда. Дегенмен мамырдың толассыз жауған жаңбыры дән себу науқанының пәрменді жүруіне қолбайлау болуда. Бүгінгі күнге дейін межелі 18 мың гектар алқаптың 47 пайызына ғана масақты дақылдар себіліп отырғаны соның айғағы. Сондай-ақ, 400 гектар алқапқа картоп отырғызылды.

Көктемгі дала жұмыстары Бұрма, Нұраталды округтерінде ұйымшылдықпен өрістеуде. Бұрмалықтар 2,5 мың гектарға масақты дақыл сеуіп межесін 40 пайызға орындаса, Нұраталдылықтар 1500  гектарға дәнді дақылдар септі. Бұл көзделген меженің 49 пайызы. Ал Краснополяндықтар 200 гектар-ға картоп, 79 гектарға көкөніс отыр-ғызды. Жаңбыр толастаса, науқанның қарқын алары анық.

Кеншоқылықтар дәнді дақылдар себуді 71 пайызға орындап отыр. Аталған округтегі «Бағлан» шаруа қожалығы бұрынғы мерзімі өткен көпжылдық шөп алқабын жаңарту мақсатында Қарағанды өсімдік ғылыми зерттеу институтынан бір тонна жоғары сапалы еркек шөп тұқымын әкеліп отырғызып 100 гектар алқапқа әкеліп сеуіп отыр. Аталған қожалық кейінгі жылдары екпе шөп алқабын жаңартуды қолға алуда.

Көктемгі дала жұмыстары жалғасуда.

 

Өз тілшімізден.

 

 

Берілген әрбір тапсырмалар

Орындалуы тиіс

 

Дүйсенбі 16 мамыр күні аудан әкімі Марат Жандәулетовтің төрағалығымен кезекті кеңейтілген аппарат отырысы болып өтті. Отырыста аудан әкімі  Шет аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшысы болып Аянбек Елемесұлы Карыбжановтың тағайындал-ғанын хабарлап, өмірбаянымен таныстырып өтті. Отырысқа аудандық Мәслихат хатшысы Б.Төлеу-құлов қатысып отырды.

Күн тәртібіндегі “Кондоминиум нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу іс-шараларын ұйымдастыру туралы” ауданның тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Қасымның, сондай-ақ, “Красная поляна ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда жүргізіп жатқан жұмыстары туралы” округ әкімі Н.Токушевтің хабарламалары тыңдалды.

Қазіргі күні аудан бойынша бес елді мекенде кондоминиум нысандары ретінде тіркеуде болуы қажет көп қабатты 164 үй болса, оның  101 үй кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасына тіркелген. Қалған 63 үй тіркелмеген. Осы үйлердің көбісі ескі. Күрделі жөндеуден өтпеген. Бұған себеп жер актілерінің, техникалық құжаттарының жетіспейтіндігі тіркелуге кедергі келтіруде.   2012 жылы ғана Ақжал кентіндегі көп қабатты №7 тұрғын үй апатты жағдайда болуына байланысты “NOVA Цинк” ЖШС-і мен аудан әкімдігі арасындағы меморандум арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта тағы бір үй апаттық жағдайдың алдында тұр. Оған 2014 жылы “Стройтехнология” ЖШС-і зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құрылыс конструкцияларын ауыстыру, нығайту жұмыстарын ұсынған. Жобалау-сметалық құжаттары жасалып, жөндеу жұмыстарының жалпы құны 99, 736 млн. теңгені құраған. Бұл 2015 жылғы баға бойынша. Сонымен қатар кенттегі №3, 4 үйлердің және Ақадыр кентіндегі №4 көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне санитарлық тазалық жұмыстары, жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу есептегіш құралдары орнатылған. Басқа елді мекендерде қаржының тапшылығна және заңдылық механизмдерінің құрылмауына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Осы орайда жергілікті жерлерде кондоминиум нысандарын басқару органдары пәтер иелері кооперативтерін құру қажеттігі байқалуда екенін атап өтті.

Хабарламашы сондай-ақ, 2020 жылға дейін “Өңірлік даму” бағдарламасы аясында облыс бойынша көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізетін мамандандырылған уәкілетті органның құрылып жатқандығын айтты. Сол себепті ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының талаптарына сәйкес Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақжал, С.Сейфуллин, Мойынты ауыл, кент әкімдері тарапынан тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кондоминиум жұмыстарын заңдастыру, оларды Әділет басқармасына тіркету, жер актілерін, техникалық құжаттарын жасатып, үй басқарушыларын сайлау жұмыстарын жүргізуге аудан әкіміне ықпал етуін сұрады.

Кондоминиум ұғымына қысқаша тоқтала кетсек. Ол тұрғын үйлерді, екі ғимараттың және одан да көп жеке ғимараттың ерекше жеке меншік нысан формасын білдіреді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Красная поляна ауылдық округі әкімі Н.Токушевтің хабарламасынан соң, аудан әкімі аппаратының жетекшісі   О.Стыбаев қосымша хабарлама жасап, орын алған кемшіліктерді атап айтты. Округтегі кіріс журналдарын тексерген кезде ешқандай мәліметтер жоқ болып шықты. Бұл жөнінде мұнан бұрынырақта арнайы семинар-кеңестер өткізілген, алайда бұған мән берілмеген. Сондай-ақ, мекеме атауы жазылған тақтайшалар ескірген. Жаңартуды қажет етеді, жалпы округ бойынша көктемгі тазарту, абаттандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, мал бағымы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, көше жолдары жөндеуді қажет ететіндігін де айтып өтті.

Аудан әкімі іс-қағаздары бойынша жұмыс тәртібін дұрыс жолға қою керектігін, қажет болған жағдайда аудан әкімдігінен мамандар барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмектессін, - деді. Жалпы округ бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жаман емес екенін, басқа ауылдық округтерге қарағанда ілгері екенін айтты.

Сонымен қатар аудан әкімі мүлікті жария ету бойынша округ әкімдері тарапынан жұмыс жүргізілмей отырғандығын ескертті. Екі айлық абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл бағытта да жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеуде. Ауылдық округ әкімдері жұмыстарына тұрғындар тарапынан реніштер келіп түсуде. Сенбі, жексенбі күндері қызметтік көліктер көшеде жүреді. Мен мұның алдында да ескерткемін. Осы мәселені назарда ұстаңыздар деп баса айтты.

Аппарат отырысын қорытындылай келе аудан әкімі тендер өткізу мәселесіне де тоқталып өтті.  Мердігерлерден жұмыстың дұрыс, әрі сапалы атқарылуын талап ету керек.  Мен мұны неге айтып отырмын. Бұрынғы жасалған жұмыстар қаржы полициясының назарына ілігіп, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан жұмыстың сапалы атқарылуын мердігерден талап етіп, қажет болған жағдайда әкімдік тарапынан көмектесетіндігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі мал басы көрсеткішінің төмендеп кеткенін, оны көбейту керектігін айтып, барлық аталған жұмыстарды саралай келе, сала басшыларына тапсырмалар берді.

 

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

 

Таныс болыңыздарШет ауданы тұтынушылар құқығын

қорғау басқармасында жаңа басшы

Карыбжанов Аянбек Елемесұлы

 1961 жылы 1 наурызда туған, білімі жоғары.

1984 жылы - Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітірген. Мамандығы гигиенист-эпидемиолог дәрігер.

Еңбек жолын 1984 жылы Баянауыл аудандық санэпидстанция дәрігерінен бастаған.

1987-1995 жылдары аралығында Баянауыл аудандық жалпы бөлімнің меңгерушісі, орталық аудандық ауруханада эпидемиолог дәрігер, Павлодар облысы бойынша табиғатты қорғау комитетінің мемлекеттік инспекторы.

1995-2002 жылдары аралығында Екібастұз қаласында «Көмек» ЖШС-нің орындаушы директоры, Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркі директорының орынбасары, директордың міндетін ат-қарушы.

2003-2011 жылдары аралығында Ақсу қаласының қалалық санэпидстанция бастығының міндетін атқарушы, Павлодар қаласы бойынша санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы, Павлодар қаласында формацевтік компания «Ромат» ЖШС-нің бөлім бастығы, «Бажа-ПВ» ЖШС-нің директорының орынбасары, сақтандыру компаниясы «Виктория» АҚ-ның менеджері.

2010-2015 жылдары Павлодар қаласы бойынша санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы, осы сала бойынша Железин ауданы басқармасының бастығы, Павлодар облысы бойынша Департаменттің бөлім бастығы, Успен ауданы бойынша басқармасының басшысы.

2015 жылдың мамырынан бастап, бүгінгі күнге дейін Павлодар облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

 

ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық

инспекциясының жаңа басшысы

Ахтаев Бекзат Қуаныштайұлы 1968 жылы 10 қазанда Шет ауданында туған, Білімі жоғары.

1992 жылы – Алматының зоотехникалық малдәрігерлік институтын бітірген. Мамандығы зоотехник.

Еңбек жолын 1992 жылы Кеншоқы кеңшарына зоотехник - дайындаушы болып қабылданды.

1992-1994 жылдары Кеншоқы кеңшарының №3 бөлімшесінің мал шаруашылығының бригадирі болып ауыстырылды.

1995-2000 жылдары Кеншоқы кеңшарының “Байназар” шаруа қожалығының жетекшісі.

2001-2003 жылдары “Қарағанды жолдары” АҚ ДЭУ-49 учаскелік шебері.

2003-2005 жылдары №11 Кәсіптік техникалық училишесінің өндірістік оқыту шебері.

2007-2010 жылдары ҚР АШМ Шет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы-асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы міндетін уақытша атқарушы ҚР АШМ Шет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы-асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы. ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы - асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы.

2010-2012 жылдары ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық инспекциясының бастығының орынбасары, ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы - асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы. ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық -санитариялық және асыл тұқым инспекция бөлімінің бас маманы-асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы.

2012-жылдан бүгінгі күнге дейін ҚР АШМ АӨК МИК Шет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы - асыл тұқымды мал шаруашылдығы жөніндегі мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

 

Жансай Рио-де-Жанейроға жолдама алды

 

 

 

Жерлесіміз Жансай Смағұлов Алматы қаласында өткен дзю до күресінен “Гран при-2016” іріктеу бәсекесінде 66 келі салмақта күміс жүлдеге ие болып, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында биылғы жылдың тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды.

Әлемнің талай елінде белдесіп, боз кілемнің шаңын қаққан Жансай мұнан бұрын да әр түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүргенін көпшілік біледі. Дзюдо күресінен Қазақстан чемпионы (2013 жыл), 2010 жылы самбодан өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылғы дзюдодан Астанада өткен әлемдік Гран-Придің күміс жүлдегері. ҚР спорт шебері. Қазіргі кезде жарыстарға Қарағанды облысы атынан шығып жүр. Ұлттық құрамаға 2013 жылы мүше болды. Жансаймен бірге тағы бір жерлесіміз, қарағандылық Максим Раков та осы олимпиада ойындарына жолдама алды.

Ауылымыздан шыққан оғланға алда болатын олимпиадада қазақтың туын көкке көтере бер демекпіз.

 

 

 

 

 

 

 

Алаш алыптары және ұлт руханияты

Биыл көрнекті қоғам қайраткері,  қазақтың  XX  ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі,  халқымыздың  тұңғыш саяси  Алаш партиясының  ұйымдастырушысы  және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы,  ғұлама ғалым-ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы,  әрі дарынды публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы  Бөкейханның туғанына 150 жыл толып отыр. Соның айғағындай жақында   Ақадыр кентіндегі  Ә.Ермеков атындағы жалпы  орта  білім беру мектебінде тарих пәні  мұғалімдері   Б.Шәтекова, Қ.Төлеубектің ұйымдастыруымен Ә. Бөкейханның  туғанына 150 жыл және қазақтың тұңғыш математигі,  профессор Ә.Ермековтың туғанына 125 жыл толуына орай  «Алаш алыптары және ұлт  руханияты»  атты конференция болып өтті. Конференцияның ашылу салтанатында   мектеп директоры  Г. Тағаева  «Бүкіләлемдік дара тұлға» деп танылған  Ә. Бөкейхановтың  150 жылдық мерейтойы биыл   ЮНЕСКО  көлемінде аталып  жатқандығына тоқталып,  Алаш қозғалысының көсемдерін еске түсіріп, осындай іс-шараларды өткізудегі  мақсат  ұлттық тарихымызды өскелең  ұрпаққа насихаттау,  ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Алаш зиялыларының рухани мұралары мен ұлттық рухын тәуелсіз елдің жастарының бойына сіңіру,  өскелең  ұрпақты Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу  деп атап өтті.  Конференцияда  «Алашордашылар» және «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильмдер көрсетілді.  Сонымен қатар конференцияда Г.Тағаева  «Қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермеков» тақырыбында баяндама оқыды.  Баяндамада мемлекет және қоғам қайраткері,  Алашорда өкіметінің мүшесі, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Ә. Ермековтың өмір жолы және елі үшін атқарған еңбегі жайлы айтылды.   Сонымен қатар   9 «ә» сынып оқушысы  А. Берікбай   «Әлімхан  ұрпақтары»,  10 «ә» сынып оқушысы  Д.Әсет  «Алашордашылардың  тәуелсіздікке қосқан үлесі», 11 «а» сынып оқушысы Т.Қуанышбаев   «Бүкіләлемдік шынайы қайраткер деп танылған Әлихан Бөкейхан кім?» тақырыбында,  «Әлихан жайлы деректер» тақырыбында 9-сынып оқушылары  Ж.Жанат және  М.Түстікбайлар баяндамалар оқып, тыңдарман көңілінен шыға білді.                  

 Биыл 150 жылдығы  ЮНЕСКО  көлемінде аталып өтіп жатқан  Әлихан Бөкейханның  өмірдеректеріне  көз жіберсек,  жастайынан зерек  өскен  ағамыз заманына лайық білім алып, сан түрлі өнерді бойына жиған дарын  иесі болғандығы белгілі.  Бойындағы бар білімін, өнерін қазақ халқының  жарқын өміріне арнаған.  Қазақ хандығының өткенін зерделей келе 1914 жылы  жазған мақалаларының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалайда қазақтың бір қызметіне жарамай  қоймаймын!» деп жазады. Оның іс-әрекетінен,  шығармаларынан саналы ғұмырының соңғы демі қалғанша осы сертіне адал болғаны анық байқалады.  Конференцияға қатысқан қонақтар,  оқушылар мен ұстаздар  Алаштың ұлы көсемдері  Ә.Бөкейхан мен Ә.Ермеков  жайлы көптеген мәліметтер алды . Бұл конференцияның мақсаты әрине, алаш идеясын елге жеткізу,  алаш көсемдерінің  өмір жолын,  елі үшін жасаған игі істерін жас жеткіншектерге үлгі тұту. Болашақ ұрпақ,  жалпы бүкіл халық  ұлт-азаттық қозғалыстағы  Ә.Бөкейхан  мен Ә.Ермековтың  орнын, олардың  еңбегінің бүгінгі күнгі қай салада өзекті, соны түсіне білу керек, келешек ұрпақ одан тәлім алуы керек

                                 

               Г.Мұқанова,

Ә.Ермеков атындағы ЖОББМ

 қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ақадыр кенті.

 

 

Өшпестей із қалдырған ұлы тұлға

Тәуелсіздік деген осынау қасиетті ұғымды, қазақ халқына жақындату үшін талай Алаш азаматтарының, ғұлама ғалымдарымыздың, ел мен ұлт жанашырларының, көсемдеріміздің еткен еңбектері мен бірге тері төгіліп, азаттық жолында жаны қиылды. Осындай Алаш азаматтарының бірі XX ғасырдың ұлы жаршысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 150 жыл толып отыр.       

Ақжал кенті «Шұғыла» мәдениет үйінің сахнасында қазақ халқы үшін азаттық жолында еңбек еткен, қазақтың тұңғыш ғұлама ғалымы, ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған әдеби-тарихи кеш өткізілді. Кешке арнайы шақырылған қонақтармен бірге мектеп ұстаздары, мекеме басшылары, ауыл зейнеткерлері көптеп жиналды.

Кеште көсемнің балалық шағынан бастап өмір жолы, қазақ еліне мөрдей басылып қалдырған, ғылыми ізі, саясат пен қоғамға  сіңірген   орасан еңбектері жайлы насихатталды. Кеш барысында көсемнің балалық шағынан драма үйірменің қатысушылары театрландырылған қойылым көрсетті. Бала Әлиханның рөлін Қаппар Асыл сомдаса, көсемнің асық ойнап жүрген достары болып Сәулехан Мәди, Хасен Данияр, Азамбай Сүйеніш сәтті сомдап шықты.

Алты жасқа дейін тілі шықпаған Әлихан зерек, дархан, ақ көңіл, алғыр, кісінің ала жібін аттамайтын адал бала болып өседі. Мырзатай атасының тәрбиесін көріп өскен   Әлиханның адалдығының бір қырын достарымен асық ойнағаннан-ақ көруге болатындығын осы қойылым дәлелдеп тұрғандай секілді.

Ш. Батталова мектебінің 10 сынып оқушысы  Ж.Рысқұлбек  Ә.Бөкейханның қызы Лизаның ролін нақышына келтіре сомдап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Кешті жүргізген Ақжал кітапханасының оқырманы Ж.Әлімқұл болса,  Н.Жиенбай, А.Бағдәулет  патриоттық өлеңдер оқыды. Бір сағатқа созыл-ған кеште ұлт көсемі туралы бірнеше бейнефильмдер көрсетіліп, Алаш қоз-ғалысына арналған термелер,  әндер орындалды. Мерекеде  жиналғандар кітап көрмесімен танысып, “Дәстүр жорналының бас редакторы Қ.Бегмановтың “Алаш Орда аманаты” поэмасынан үзінділер оқылды.

Кеш соңында Ақжал негізгі мектебі тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Жұмаханқызы сөз алып, кешті ұйымдастырушылар  мен қатысушыларға ризашылық білдірді.

Ұ.Әбілжанова,

Ақжал кенті.

 

Айбынды, асқақ мақсаттар жүзеге асырылуда

 

«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының құрамдас бөлігі болып табылатын аудандық партия филиалы өз жұмысын партия Жарғысы мен Тұғырнамасында белгіленген міндеттері мен мақсаттарды орындауға бағыттап, іс-қимыл жоспарын түзіп, бірізділікпен жүзеге асыруда. Аудандық филиал жанында Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес, партиялық бақылау комиссиясы және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жұмыс істейді, 26 бастауыш партия ұйымына біріккен 76 партиялық топтар жұмыс атқарады. Комиссиялар және бастауыш партия ұйымдарының жылдық жұмыс жоспарлары жасалып, жоспар бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Партияның негізгі жұмыстарының бірі партия бағдарламалары «Кедергісіз келешек», «Ұлы дала елі», «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел-өркендеуші ел», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Айқын тариф», «Бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Жастар Отанға!», «Сәтті қадам» тағы басқалары жүзеге асырылуда.

Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауы барлық бас-тауыш партия ұйымдарында насихатталды. Жолдауда ұлт мұраты, ел тәуелсіздігі, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар шет қалмаған. Реформадағы «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары арқылы мемлекеттік, корпоративтік менеджментті, қаржыны өзгеріс жасау арқылы дамыту терең білімділік, біліктілік, шеберлікті қажет етеді. Сонымен қатар Жолдаудағы бесінші маңызды бағытта   мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы жаңа саясат әзірлеу ісіне де назар аударған. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасына ерекше көңіл бөлген.

Ағымдағы жылдың 20 наурызында ҚР-сы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының өткен сайлау науқаны кезінде аудандық партия штабы құрылып, облыстық партия штабының сұраныстары бойынша өткізіліп жат-қан іс-шаралар бойынша уақытылы ақпараттар беріп, жүйелі жұмыстар атқарды. Аудан бойынша сайлауға партия мүшелері толығымен қатысып, жоғары деңгейде белсенділік көрсетті. «Нұр Отан» партиясының сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін аудандық штаб мүшелері, партия белсенділері партия төрағасының, партия төрағасының бірінші орынбасарының, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық сайлау штабының төрағасының алғыс хаттарымен марапатталып, құрметке ие болды.

Қазіргі таңда филиалдың 26 бастауыш партия ұйымында 2972 партия мүшесі бар. Олар партияның қоғам бірлігі мен ынтымақтығын бекемдеуге бағытталған шараларына өз үлестерін қосып келеді. 2016 жылдың I тоқсанында жаңадан партия қатарына 297 партия мүшесі қабылданды. 2016 жылдың I тоқсанында жарна жоспары 1 600 130,20 теңге болса, орындалысы 1 558 247,75 теңге, яғни 97,3 пайызды құрайды. 2016 жылдың I тоқсанында партияның «Электронды қоғамдық қабылдауда» (ЭҚҚ) ауызша және телефон арқылы 58 адам қабылдауда болып, арыз-шағымдары қанағаттандырылды. Қабылдауды жүргізген мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, әкімдер, әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келуші азаматтарға шағымдары бойынша дұрыс шешімдер жасап, олардың көтерген мәселелері бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, шешілуіне ықпал етті.

Филиал аудандық мекемелермен және бастауыш партия ұйымдарымен бірлесе отырып, жиналыстар, көшпелі семинар-кең-естер өткізіп отырады. «Біздің ауыл» партиялық жобасы бойынша аудан әкімінің ауданның елді мекендерін абаттандыру, санитарлық тазарту, көркейту, көгалдандыру жөніндегі көктемгі екі айлық өткізу туралы өкімі жарияланды. Қазіргі күнде 220 га алқап тазаланып, 1100 түп ағаш отырғызылды.

Аудандық филиал жанынан партияның мониторинг және бақылау тобы құрылып, олар бюджет тарапынан бөлінген қаражаттың бағытталған саласы бойынша мақсатты жұмсалуы жөнінде қадағалау жасауда. 2015-2025 жылдарға арналған партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа бағдарламасы және оны іске асыру жол картасы қабылданғаны баршаңызға мәлім, осыған орай партия жанындағы сыбайлас жем-қорлыққа қарсы комиссиясында аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық ветеринария станциясының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы ақпараттары тыңдалды. Туындаған мәселелерге уақыт күттірмей тезірек оң шешілуіне және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуына ықпал етуде.

Биылғы жылдың  бірінші тоқсанында партиялық жарнаны төмен дәрежеде орындаған бастауыш партия ұйымдары (БПӨ) партия жанынан құрылған бақылау комиссиясында қаралып, комиссия тарапынан сын-ескертпелер айтылды.

Аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы партияның бағдарламалық құжаттарының, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламаларын іске асыру барысында біршама жұмыстар жасап келеді. Сондай-ақ, партияның бағдарламалық, оның ішінде Сайлауалды тұғырнамасын, Партия органдарының шешімдері мен басшылығының тапсырмаларын іске асыруда, мәслихаттарда елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша бағдарламалық құжатта белгіленген Партияның және Партия төрағасының ұстанымын танытатын саясатын жүргізіп, жер-жерлерде сайлаушылар алдында есептерін жүргізуде. Партия төрағасы, Ұлт Көшбасшысы ұсынған Стратегия ынтымағымыздың негізі болуы тиісті. Ел бірлігін, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, алдымыздағы айбынды, асқақ мақсаттарды жүзеге асырып, еліміздің гүлденуі жолында мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылын үйлестіре беруіміз керек.

 

Б.ІЛИЯСОВ,

“Нұр Отан” партиясының Шет аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.


Келулердің саны: 3039


Жоғары